Шыңғыс хан туған күн. БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы орденмен марапатталды

1141
Adyrna.kz Telegram
Фото: montsame.mn
Фото: montsame.mn

Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мунға Моңғолияның ең жоғары мемлекеттік марапаты – «Шыңғыс хан» орденін табыстады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Монтсаме агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл марапат Моңғолия Ұлттық мақтаныш күні ретінде атап өтетін Ұлы Шыңғыс ханның туғанына 862 жыл толуына орай берілген.

Марапаттау рәсімінде ел президенті «Шыңғыс хан» орденімен халық бірлігі мен гүлденуін нығайтуға, әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға, Моңғолияның басқа елдермен қарым-қатынасы мен ынтымақтастығын дамытуға, Моңғолияны халықаралық аренада ілгерілетуге, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік, экономикалық және рухани дамуына елеулі үлес қосқан отандық және шетелдік мемлекет, қоғам қайраткерлері мен азаматтар марапатталатынын атап өтті.

«БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мун әлем елдерінің Тұрақты даму мақсаттарын және Париж келісімін қабылдауында жетекші рөл атқарды. Сол арқылы ол мемлекеттер арасында ортақ келісімге қол жеткізуге, адам құқықтарын, еркіндік, әділдік және теңдікті нығайтуға үлес қосты. Моңғолия мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы және қоршаған ортаны қорғау мен «жасыл» даму саясатын ілгерілетудегі оның еңбегі ерекше құрметке лайық. Осыған орай, Моңғолия Пан Ги Мунды «Шыңғыс хан» орденімен марапаттап, оның еңбегін мәңгі есте қалдыратынын мақтан тұтады», – деп атап өтті Президент Ухнаагийн Хурэлсух.

Сонымен қатар, президент Моңғол халқын Ұлы Шыңғыс ханның туғанына 862 жыл толуымен шын жүректен құттықтады.

«Ұлы Шыңғыс хан – Моңғолияның тәуелсіздігі мен өмір сүруінің айғағы. Ол – біздің бірлігіміз бен құндылықтарымыздың символы, өткеніміз бен қазіргі және болашақ ұрпағымызды байланыстыратын алтын арқау, сондай-ақ біздің рухани күшіміз бен мемлекеттігіміздің жадынан нәр алатын қайнар көзі. Ұлы ханның даңқы, даналығы мен жетістіктері әлемнің дамуы мен гүлденуінде ерекше орын алады. Шыңғыс ханның мұрасы қазіргі әлемнің қалыптасуына тарихи және баға жетпес үлес қосты. Қазіргі ғалымдар мен тарихшылардың бағалауынша, «Pax Mongolica» бейбітшілік пен адамзаттың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін елдердің бірлескен күш-жігерінің негізі болған прогрессивті идеалдарды қамтыған», – деп атап өтті президент Ухнаагийн Хурэлсух.

Пікірлер