Қарағанды - Балқаш тас жолы республикалық маңызы бар екі үлкен қаланың ортасын жалғайды. Алайда тас жол бірнеше жылдан бері жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл тас жолмен тәулігіне 9 мыңға жуық көлік жүріп өтеді. Дегенмен ұзындығы 363 шақырым болатын Қарағанды – Балқаш жолында жөндеу жұмыстары әлі бітпеген. Бұл туралы журналист Ақбөпе Тәңірберген Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.
"Қарағанды-Балқаш жолының биыл да салынып бітетін түрі жоқ. Ақсу-аюлыдан 100 шақырымдай шығып, Ақшатау тұсына келгенде Автобус пен эстимо соғылып, қаншама адам жолда қалды. Екі көліктің де жүргізушісі қайтыс болыпты. 2 сағатта бір жедел-жәрдем келген жоқ. Үш мәйіттің бетін жауып қойыпты. Жаралылар көп. Жолда интернет ұстамайды. Пойызға билет жоқ. Ұшақтың билеті асқақтап тұр. Осылай автобус, индрайвермен шыққан жұрт жолда қырылып жатыр ал", - делінген жазбада.