ҰБТ-дан 1 балл алған Ерасыл Уәлиев: «Жоспарым – шетелде білім алу»

2763
Adyrna.kz Telegram

Биылғы тест тапсыру кезінде «ҰБТ өмірдің үкімі емес» деген әрекетімен есте қалған мектеп түлегі емтихан нәтижесіне ата-анасының қалай қарағанын және өзінің болашақ жоспары жайында айтады.  

Алматы облысы, Іле ауданы №12 орта мектептің түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден 1 балл алған Ерасыл Уәлиев халық арасында танымалдыққа ие болды. Желі қолданушылардың бір бөлігі  «төмен алғандарға мотивация болды», «адамның білімі мен қабілетін тест анықтамайтынын көрсеттің» деп қолдау білдірсе, енді бір бөлігі «атың шықпаса жер өрте, хайп үшін жасаған шығар» деп өз ойларымен бөлісуде. Осы орайда талапкердің неліктен мұндай әрекетке барғанын өзінен сұрап білудің сәті түсті.

- Ерасыл, ҰБТ-ның екінші мүмкіндігін небәрі 4 минут қана тапсырып, 1 балл алыпсың, бұлай жасауыңа не себеп болды? Осымен не дәлелдегің келді?

- Көп адамдар ҰБТ-ны жетістікке жетудің жалғыз жолы деп ойлайды. Аз балл алып қалса өміріме балта шабылды деп қайғырып жатады. ҰБТ-ның болашаққа жетелейтін жалғыз жол емес екенін, бұнымен өмірдің тоқтап қалмайтынын дәлелдегім келді. Көбі тіпті осы үшін өз-өзіне қол салуға дейін баратын жағдайлар жиі кездеседі. 1 балл алғаннан кейін маған«сенің арқаңда депрессиядан шықтым» деп жазғандар көп болды.

- Бұл әрекетіңе ата-анаңның реакциясы қандай болды?

- Бірінші естіген кезде кішкене ұрысты. Себебі, олар менің жоспарлы түрде жасағанымды білмейтін. Бірақ, не үшін бұлай жасағанымды дұрыстап айтып бергеннен кейін олар түсініп, қолдау білдірді.

- Грант конкурсына тестің бірінші мүмкіндігінен алған 93 балл нәтижесімен қатысатын шығарсың, қандай мамандыққа тапсырасың? Қай университеттің студенті атанғың келеді?

- Жоспарым – шетелде білім алу. Словакия университетіне тест тапсырып қойғанмын, қазір жауабын күтіп отырмын. Түспей қалған жағдайда бірінші нәтижеммен «мейрамхана ісі» мамандығы бойынша грант конкурсына қатысамын. Университетті әлі нақты таңдамадым.

- Желі жұлдызына айналмай тұрып та блог жүргізіп бастаған екенсің, 1 балл алғаныңның бұлтұста пайдасы тиіп жатқан сияқты. Блогыңда не туралы айтасың?

- Иә, қатты әсер етіп жатыр. Бастаған кезде күлгенадамдар қазір келіп, менімен суретке түсіп жүр. Менің қызығатын салам өте көп, тек біреуімен шектелгім келмейді. Сол себепті, блогымда жалпы жеке даму жайлы айтамын деп шештім. Өзім бар мүмкіндігімді пайдаланып, қалай дамығанымды көрсетемін, барынша пайдалы ақпараттармен бөлісемін.  

- Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңа рақмет! Сәттілік!

 

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер