"Жаңа Қазақстанның" басты идеясы: білім мен ғылым

1694
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің: "Жаңа Қазақстан дегеніміз — егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды" деген сөзі бар. Президент айтқан Жаңа Қазақстанның келбеті қайтсе кемел болмақ? Мықты мемлекетке айналу үшін елдің ертеңіне бұқараны қалай сендіруге болады. Ұлттық идеологияның тамыры неге байлану керек? Бұл сансыз сұрақтың жалғыз жауабы бар. Жаңа Қазақстан идеясын жаңғырту үшін жас буынның санасына білім мен ғылым нәрін сіңіріп, бойына ұлттық тәрбиенің дәнін себу керек.

"Жаңа Қазақстанның" мүддесіне тек біліммен ғана қызмет ете аламыз" деген идеяны жас буынның санасына құйып, еліміздегі жоғары білім беретін, маман дайындайтын оқу орындарына түбегейлі өзгерістер жасалу керек. Мемлекет осы мәселені терең түсініп, заман талабына сай білім берудің реформасын жасап жатыр.  Оның нақты мысалы ретінде заман көшіне ілесе алмай, тек оқу ақысын алып, жастарға диплом үлестірумен ғана айналысатын оқу орындарының жаппай қысқартылып, оның орнына ұзақ жылдардан бері дәстүрлі білім беру үрдісінен жаңылмаған, мамандарды өз саласының білгірі етіп дайындайтын білім ошақтарының дамуына барынша қолдау көрсетіліп жатқанын айтуға болады. Яғни, қазақстандық жоғарғы оқу орындары електен өтіп, шынайы білім бере алатын университеттердің кең дамуына жағдай жасалып отыр. Бұл бір.

Екіншіден, Жоғарғы оқу орындарын басқару жүйесі түбе­гейлі өзгерту қолға алынатын болады. Бұл орайда білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою басты назарда ұсталатын болады. Дамыған, болашағынан үміт күттіретін ешбір ел парамен маман дайындамайды. Мәселен, болашақ дәрігер теориялық бір пәннен пара беріп емтиханнан өтсе, болашақта тәжірибеде ол науқастың өміріне қатер төндіретінін естен шығаруға болмайтынын терең түсінер кез келді. Сондықтан да болашақ мамандар университет қабырғасында мамандыққа деген адалдықты бойына сіңіріп, мемлекетшілдік, отансүйгіштік сезімдерін де қоса шыңдауы керек. Қазір университеттер «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқып келген түлектерді жаппай жұмысқа алып жатыр. Әлемдік тәжірибені көзбен көріп келген болашақтықтар инно­вация енгізу мен білім саласын басқарудың бастамашысы болары анық.

Үшіншіден, "Жаңа Қазақстан" идеясы мемлекетіміздегі адами капиталды да­мытуға ерекше көңіл бөлетін болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл орайда ғалым­дардың ғылыми қызметін қаржыландыру артатынын айтқан болатын. Яғни, жас ғалымдарға алаңсыз ізденуге жағдай жасалмақ. Постдокторантура бағдарламасы бойынша оқуға гранттар көп бөлініп, университеттердің ғылыми әлеуетін нығайту қолға алынады. Мәселен, өткен жылдан бастап уни­верситет қабырғасындағы түрлі зерттеулерге грант бөлу жүйесі жасалды. Қазір жас ғалымдар өз зерттеу нысанасына қатысты жобалар жасап, мемлекеттік гранттар ұтып алып, тек ғылыммен алаңсыз айналысуына мүмкіндік алуда. Мемлекетіміздің адами капиталды дамытуға жасаған бұл қамқорлығы алдағы онжылдықтарда өз нәтижесін көрсетері анық.

Төртіншіден, білім беру мен тәрбие беру - егіз ұғым. Білім жүйесі қанша реформаланса да, қанша өзгерістер болса да, университетердегі ұрпақ тәрбиелеу жұмысы кенжелеп қалмауы керек. Яғни, жоғарғы оқу орындары болашақ маманға тек білім берумен шектелмей, жастардың адами қасиеттерін шыңдап, қоғаммен байланыс орната алатын, бұқарамен байланыс жасауға қабілетті көпшіл маман, адамдығы мен мамандығы тең дамыған азамат етіп қалыптастыруды қолға алатын болады. Әрине, маманды тәрбиелеу мен адамды тәрбилеу ісін бір-бірімен үйлестіру оңай емес. Көп жағдайда университет студенттердің адами қабілеттерін дамытамыз деп, түрлі шаралар ұйымдастырып, жастарды ерікті ретінде әртүрлі қоғамдық жұмыстарға жегіп қояды. Демек мұндай жағдайда қоғамның қошаметі мен ризашылығынан шабыттанған жастар өз мамандығын ұмыт қалдырады. Сондықтан да, тәрбие мен білім беру мақсатын бірге жүзеге асыру үшін оқу орындары оқу процесін ақсатпаудың төте жолдары қарастыруы керек. Мәселен, студенттердің волонтерлік қыз­меті тікелей оның игеріп жатқан мамандығымен, болашақтағы кәсібімен тікелей байланыс­ы бар мазмұнда болуы қадағаланғаны дұрыс. Волонтерлік қозғалыстар қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайларлардан тәуелсіз болуы міндет. Мамандыққа қатысты клубтар, кәсіп­керлік орталықтар, студенттік стартаптардың дамуына жол ашылып, белсенділіктің өзі тікелей мамандықпен астасып жатқаны дұрыс.

Бесіншіден, жас маманның бойына парасаттылық, мейірімді­лік, толеранттылық, тарихи құндылықтарға деген құрметті сіңіру ісін университеттер басты назарда ұстауы керек. Кез келген түрік азаматы Түркияны қалай сүйсе, біздің әр студент қазақ мемлекетін солай сүюі керек.  Әр қазақ жасының жүргегінде Қазақстанға деген сүйіспеншілік оты лаулап тұрмаса, "өз Отанымды дамытам, еліме қызмет етем" деген идеяға бой алдырмаса, біздегі жоғарғы оқу орындары дайындаған мамандар әлеуметтік жағдайын түзеу үшін шетелге кетуі, сол жақта біржола қалып қою қаупі сейілмейді.

Жетіншіден, "Жаңа Қазақстан" идеясының негізі болып отырған білім мен ғылым тек сөзбен жүзеге аспайтынын ұмытпауымыз керек. Бұл орайда білім мен ғылымды дамытуға мемлекет ең алдымен қаржылай қолдауды ұлғайтып жатқаны көңілге медеу. Мысалы,  2024 жылы білім саласына бөлінген бюджет 1,4 есеге ұлғайып, 5 трлн теңгеге жеткен. Болашақта "Жаңа Қазақстанды" қалыптастыру үшін білім саласына бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 3-4 пайызын құрап, ол көрсеткішті болашақта 7-8 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Түйін

Қош! Білім саласын­дағы ре­форма ең алдымен біздегі мамандарды бәсе­кеге қа­білетті етуі керек. Білімді азамат - еркін ойлы азамат­. Еліміздегі еркін ойлы, тәуелсіз саналы, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті жастарды тәрбие­леу мемлекетіміздің басты мақсатына айналып отыр. Ол мақсатқа жету үшін еліміздің білім саласын бір мүддеге біріктіретін идея қажет. Ол идея "Жаңа Қазақстан" идеясы болары анық.

Ақан Бірлік

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер