Ішкі сайлау және сыртқы саясат. Иран өкілінің Астанаға саясаткер суретін әкелуі дұрыс па?

1924
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан астанасында өткен екі күндік Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне Иран өкілі таяуда қаза тапқан президент Ибрагим Раисидің портретін ала келді. Иран Раисидің тұсында осы ұйымға қабылданған. Сарапшылар елдің ішкі жағдайына қатысты әрекеттің сыртта көрініс беруін елдегі екінші кезеңге созылған президент сайлауымен байланыстырады.  

4 шілде күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысқан Иран президенті міндетін атқарушы Мохаммад Мохбер жақында қаза тапқан ел президенті Ибрахим Раисидің портретін әкеліп, ел туының жанына, үстел үстіне қойған. Бұл Иранда билікті қолдау үшін өткізілетін шерудегі әдеткі көріністі еске салғандай болды. Бірақ халықаралық басқосудағы Иран өкілінің әрекеті сахна сыртында біршама сауал туындатқан. 

Бұл нені білдіреді? Саяси акция ма, дипломаиялық жолдау ма, әлде саяси перформанстың бір түрі ме? Халықаралық жиынға президент міндетін атқарушы ретінде қатысқан Мохаммад Мохбардың Ибрагим Раисидің портретін әкеп, көрнекі етіп қоюы қаншалықты дұрыс?

Иран президенті Ибрагим Раиси мінген тікұшақ биылғы 19 мамыр күні апатқа ұшырап, ішіндегі бірнеше жолаушы қаза тапқан еді. Ибрагим Раиси  Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірге шекарадағы Арас өзеніндегі тоғандардың ашылу салтанатына қатысып келе жатқан. Содан бері Иранда президент сайлауы өтіп, бірінші турда үміткерлердің ешқайсысы жеңіске жете алмаған. 

Сондықтан, бүгін, 5 шілдеде Иран президенті сайлауының екінші туры өтіп жатыр. Айта кететін жайт, кеше Иранда сайлау алдындағы «тыныштық күні» болды. Яғни, ешқандай үгіт-насихат жүргізілмейтін күн. Бірақ іштегі тыныштықты Иран өкілі сыртта бұзып жіберген сияқты ма, қалай?

 «СЫРТҚЫ САЯСАТ ЖАЙЛЫ СИГНАЛ»

“Адырна” ұлттық порталына комментарии берген бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, Иран өкілінің әрекеті күнілгері жоспарланған болуы мүмкін. 

 - Ауқымды халықаралық жиында әртүрлі нюанстар алдын-ала талқыланады. Кім қайда отырады, қашан сөйлейді, үстелде не болады – соның бәрі келісіледі. Саммитті ұйымдастырушы мемлекет - Қазақстан, сондықтан Иран президентінің портретін қоюға ұйымдастырушы тарап пен ШЫҰ-ның басқа да мүшелері келісімдерін берген сияқты, - деген Қазбек Бейсебаев Раисиді халықаралық мәселелерді шешуге үлес қосқан саясаткер деп есептейді. 

Оның топшылауынша, Раисидің портреті арқылы Иран делегациясы оның саясатын жалғастыратынын көрсетіп тұр. 

 - Меніңше, бұл әрекеттің Иранда өтіп жатқан президент сайлауына қатысы бар. Иран осылай ШЫҰ саммитында басқа елдерге және өзінің ішкі аудиториясына ашық сигнал беріп тұр. Яғни, “біздің сыртқы саясатымыз өзгермейді, біз Раисидің ісін жалғастырамыз” дегісі келгендей, - деді Қазбек Бейсебаев. 

«ҚАЙҒЫЛЫ ҚАЗАНЫ САЯСИ НАУҚАНҒА ПАЙДАЛАНУ»

Ал экс-дипломат, ирантанушы Айтжан Айдаштегі Иран басшысының міндетін атқарушы Мохаммад Мохбердің бұл әрекетін тосын жай ретінде атады. 

 - Жалпы,  мемлекет басшыларының қатысуымен өткізіліп жүрген бұдан бұрынғы алқалы жиындарда қатысушы өкілдің бұрын қаза тапқан басшысының портретін ұстап қатысқаны жөнінде мен білетін ақпарат жоқ. Ал ирандық тараптың осылай істеуі ондағы президенттік сайлаудың екінші турына байланысты деп ойлаймын. Бұл әрекет - алғашқы турда 9 миллионнан астам дауыс жинап екінші орында тұрған Джалилиге қолдау көрсету секілді. Консерватор, әрі жоғарғы рухани басшы Хаменеи құптайтын кандидаттың екінші турда қажетті дауыс жинауына Иран билігінің ықпал етіп отырғанының белгісі деген пікірге бірталай сарапшылар қосылады. Сайлауға санаулы мерзім қалғанда барлық науқан тоқтатылады, әлбетте. Бірақ Иранның қазіргі билігі қайғылы қазаның өзін саяси ұпай, саяси науқан үшін пайдалануды жөн көрген сияқты, - дейді Айтжан Айдаштегі.

Еске салайық, 19 мамырда Иран президенті Ибрагим Раиси мінген тікұшақ тұман салдарынан елдің солтүстігіне жайсыз қонып, ел басшысы қаза болды. Қалған екі тікұшақ аман-есен қонған.

Раиси оппозицияға және диссиденттерге қарсы күресімен танымал және сыртқы саясатта ол Батысқа қарсы қатаң бағытты жақтаған. 2020 жылдың ақпанында Раиси АҚШ операциясы кезінде ирандық генерал Касем Сүлеймани қайтыс болғаннан кейін Таяу Шығысты Америка ықпалынан «тазартуға» уәде берген.

Ибрагим Раиси - елдегі қуғын-сүргін және адамдар бостандығына қарсы әрекеті үшін батыс санкциясына ұшыраған саясаткер. 2019 жылы алдымен Америка, кейіннен Еуропа одағы оны адам құқығына қарсы әрекеті үшін санкцияға алған.

 

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер