Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Орал қаласынан тағы да 10 пәтердің кілті табысталды

362
Adyrna.kz Telegram

Орал қаласында су тасқыны салдарынан жалғыз баспанасы жарамсыз деп танылған тағы 10 саяжай тұрғыны баспаналы болды. Жаңа пәтерлер демеушілер қаржысына сатып алынды.

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржылық ұйымдар мен демеушілер өңірдегі зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созып, көмегін беруде.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының орталығындағы «Омега» тұрғын үй кешенінде болып, қоныс иелерін баспаналы болуымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған болатын. Жалғыз баспанасы болып табылатын саяжай иелеріне міне бүгін тағы да бірнеше пәтерлер беріп жатырмыз. Жалпы осы уақытқа дейін 750 саяжай тұғыны баспанаға ие болды. Сондай-ақ, Оралда 374 үйдің құрылысы жүріп жатыр»- деп атап өтті облыс әкімі Нариман Төреғалиев.  

Нұрлы жол саяжай учаскесінің тұрғыны Қайырғали Айтқалидің жалғыз баспанасы суға кетіп, жарамсыз деп танылған. Бүгін ол жаңа пәтеріне кірді.

«Көктемгі тасқын кезінде үйімізді су басты. 3 ай күттік. Бүгін жаңа пәтердің кілтін қолымызға алдық. Қаланың орталығында жаңа үйде тұрамыз деп күткен жоқпыз. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғысымды білдіремін», - деді ол.

Оралдық саяжай тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Пікірлер