Еуропа Қытай электромобильдеріне көп салық сала бастады

1336
Adyrna.kz Telegram
Фото: скриншот / YouTube | На пустыре собраны тысячи авто
Фото: скриншот / YouTube | На пустыре собраны тысячи авто

Еуропа Қытай электромобильдеріне көп салық сала бастады. Бұл туралы Еурокомиссия ЕО аумағына Қытайдан кірген электромобиль үшін сұралатын салық мөлшері артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы kolesa.kz сайтына сілтеп.

Ақпаратқа сәйкес, қазіргі тариф уақытша. Еурокомиссия 4 ай қосымша кеңесіп, қарашада бес жыл күшінде болатын жаңа тарифтерді бекітеді.

Қарт құрлықтың мұндай қадамға баруына нарықтағы бәсеке шарттарының бәріне тең еместігі себеп болды. Еуроодақ былтыр Қытай автоөндірушілері мемлекет қолдауының арқасында жаһанды жаулап жатыр деп күдіктенген. Жергілікті өндірушілерде ондай мүмкіндік жоқ. Олардың тұтынушыдан айырылып қалу қаупі жоғары екенін ескерген Еурокомиссия жағдайды қолға алу үшін жоғары салық мөлшерін бекіту туралы шешім қабылдады.

Құзырлы органдар тергеу жүргізіп, Қытай билігі қай компанияға қандай көмек беріп отырғанын анықтаған. Салық сомасын да соған сәйкес белгіледі. Мәселен, жекенің қолындағы BYD компаниясына 17.4 % деген тариф енгізсе, Geely 19.9 % береді, ал басым бөлігі мемлекетке тиесілі SAIC үшін 37.6 % бекітті. брендтердің біразы 20.8 % салық төлейді.

Комиссия мәлімдемеде Шанхайда жасалған көліктерін Еуропада саудалап жатқан Tesla-ны да атап өтті. Егер компания жеке тариф енгізуге қатысты дәйекті шағым берсе, оған бөлек мөлшерлеме бекітеді. Бірақ нақты тарифтер күшіне енгенін күту қажет.

Кейбір дерек бойынша жаңа мөлшерлеме қолданыстағы 10 пайыздық салықтың орнын баспай, соның үстіне қосылады екен. Демек, бірқатар Қытай компаниясы бұрынғыдан бір жарым есе артық салық төлеуге мәжбүр болады. Сала аналитиктерінің есебіне сүйенсек, аспан асты елі электромобиль өндірушілерді қолдау үшін 230 млрд доллардан аса қаражат жұмсаған.

Пікірлер