Төрағаны – Президент, Путинді Премьер қарсы алды

1501
Adyrna.kz Telegram

Ресей президенті Владимир Путин Астанада өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне келді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Кремльдің баспасөз қызметіне сілтеп.

«Ресей президенті Қазақстанның елордасы Астанаға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін келді. 3-4 шілдеде ШЫҰ-ға мүше елдердің басшылары ұйым аясындағы көп қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және оның қызметін жетілдірудің жай-күйі мен перспективаларын талқылайды. Ағымдағы халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасу болады. Кездесу қорытындысы бойынша Астана декларациясына және басқа да бірлескен құжаттарға қол қойылады», - делінген сәрсенбі күні таратқан хабарламада.

Әуежайда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов қарсы алды.

Атап өткендей, «ШЫҰ плюс» форматында кездесу жоспарланып отыр, оған ШЫҰ-ның бақылаушылары мен диалогтық серіктестері, яғни мемлекеттердің басшылары, халықаралық ұйымдардың басшылары мен қазақстандық төрағалық қонақтары шақырылады.

«Астанада Ресей Федерациясының президенті саммитке қатысушы мемлекет басшыларымен бірқатар маңызды екіжақты келіссөздер өткізуді де жоспарлап отыр», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 2 шілде күні Астана қаласына ҚХР төрағасы Си Цзиньпинь мемлекеттік сапармен келген болатын. Төрағаны әуежайдан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

Пікірлер