«Тесті 1 сағатта аяқтадым». Тағы бір түлек ҰБТ-дан 140 балл жинады

7935
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысы Қосшы қаласындағы Рахымжан Қошқарбаев атындағы №1 мектептің түлегі 11 жыл бойы үздік оқып, «Алтын белгі» иегері атанды. Талапкер «Адырна» тілшісіне берген сұқбатында мұндай жетістікке қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденістің арқасында жеткенін айтты.

Айым Ержанова — биылғы ҰБТ-дан 140 балл жинаған екінші оқушы. Ол бәрі бірден болмағанын айтады.

БИІК МЕЖЕГЕ ЖЕТУ МАҚСАТЫ

Айым тесті тапсырған бір үміт пен бір күдіктің болғанын жасыра алмады.  

- Бұл менің екінші мүмкіндігім болды. Алғашқы тестті 18 маусымда тапсырып, 136 ұпай жинадым. Сол уақыт аралығында дайындалып, барлығын қайталап шықтым. 28 маусым күні ҰБТ-ға қорықпай кірдім. Шынымды айтсам, тестті 1 сағатта аяқтағандықтан, өзіме сенімді болдым. Алайда 1-2 сұрақтан қате кетсе ше деген үрей болды. Оны барлық ҰБТ тапсырушы түсінеді деп ойлаймын. Соңында “аяқтау” деген батырманы басып, 140 деген баллды көргенде қуанышымда шек болмады. Алдыма мақсат етіп қойып, оған барымды салып, осындай биік межеге жету әрқашан ойымда болды. Мақсатыма жеткенім үшін өзімді керемет бақытты сезіндім, - дейді Айым.

ЕРТЕ ДАЙЫНДЫҚ

Жас түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге 10 сыныптан бастап дайындалған.

- Жалпы таңдау пәндерім - дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі. «Екі шет тілі» мамандығын таңдап отырмын. Әзірге қай университетте оқитынымды нақты айта алмаймын. Алайда өз елімде, яғни Қазақстанда оқуымды жалғастырамын.Мамандығыма түсу үшін қиын пәндердің бірі дүниежүзі тарихын оқып, барлық ақпаратты есте сақтау керектігін түсіну мені дайындықты ертерек бастауға жетеледі. 10 сыныптың басынан өзім бұрыннан қатысып жүрген мектептегі іс-шаралардан бас тартып, тек ҰБТ-ға фокус қойдым. ҰБТ бекіткен оқулықтардың әр сөйлеміне назар аударып, түсініп оқу арқылыдүниежүзі тарихынан 50/50 мен Қазақстан тарихынан 20/20 ұпайға қол жеткіздім, - дейді ол.

ҰСТАЗДАРҒА АЛҒЫС

Дарынды оқушы дайындыққа өте көп уақытын арнағанын атап өтті.

- Ұйықтайтын уақыттан басқа барлық кезде тестілеуге дайындалдым десем болады. Бір пәннен жалықсам, келесісіне өтіп отырдым. Осы орайда дүниежүзі тарихы пәнінен оффлайн сабақтардан бөлек, оқушылары үшін қызықты видеолар түсіріп бізді 0-ден бастап оқытқан Әлішер Алдоңғаровқа шексіз рахмет айтқым келеді. Сол бейнесабақтарды жатсам да, тұрсам да, жолда келе жатсам да тыңдайтынмын. Бұл маған өте көп септігін тигізді. Сонымен қатар Қазақстан тарихы пәнінен әртүрлі ойындар ойнатып, сабақты барынша қызықты өткізген білімді ұстаз Тұран Сағадатовқа да көп рахмет! - деп алғысын жеткізді ол.

КЕРЕК КЕҢЕС

Айым Ержанова ҰБТ-ны енді тапсыратын талапкерлерге өз ақыл-кеңесін айтты.

- ҰБТ-ға дайындалу барысында жүйелі жоспар құруға кеңес беремін. Ең алдымен, іштей жақсы ниет болып, үздіксіз дайындалу арқылы ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады дер едім. Әрине, арасында демалуды да ұмытпау керек. Уақтылы ұйықтап, күтінген жөн. Ата-анама маған көрсеткен қолдауы мен жасаған жағдайы үшін алғысымды білдіремін. Тағы бір маған көмектескен зат - достарыммен кездесіп, бірге тақырыптарды талдап, сұрақтар қою. Керемет орта керемет болашаққа жетелейді. Бір-бірімізге мотивация беріп, лайфхактарымызбен бөлісіп, барлығы қиын, күрделі деп ойлайтын дайындықты қызықты етіп өткіздік, -деп сөзін қорытындылады жас түлек.

Айта кетейік, ҰБТ тапсыруға дайындалған білім беру орталығы Айым Ержановаға бес миллион теңге, жаңа iPhone және Дубайға саяхат сыйлады.

Бұған дейін Алматы облысының түлегі Жаннұр Еңсебектің тестілеуден 140 балл жинағанын жазған едік.

 

         Диана Асан

       «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер