Тараздық көпбалалы ана күйеуінен қысым көргенін айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы KYN.KZ-ке сілтеп.
33 жастағы Балғын Әмірханның 5 баласы бар. Ол 6-шы баласына жүкті. Әйел адам күйеуі мен ата-енесі, күйеуінің туыстары тарапынан таяқ жегенін айтты. Алайда 3 ай бұрын бөлек тұруға шешім қабылдаған әйел қазір де қысым көріп жатқанын айтты. Күйеуі сабап тастаған келіншек полицияға арыз жазып, кейіннен қайын атасының өтінішімен ол шағымын қайтарып алған көрінеді.
Ал соңғы рет ер адам әйелді оның анасымен қоса ұрған. Сол кезде көпбалалы ана арызданып, экс-күйеуін 10 күнге қаматқан екен. Алайда ер адам әйелден өш алуға кіріскен.
"11 жасар қызымызбен телефон арқылы 5 күндей тоқтамай сөйлесті. Жай кезде балаларынан хабар да алмайтын. Балаларына нанға ақша бермейтін еді. Енді қызыма бәрін үйретіп, полицияға "нағашы әжем мен анам ұрды" дегізіп арыз жаздыруда. Енді 141-ші статья іске қосылды, мені және анамды 2 жылға соттататын түрі бар. Тоқаев мырза, маған көмектесіңізші, 5 баламнан айырмаңыздар", - деп жылады келіншек.
Әйелдің қолында дизайнер мамандығын тәмамдағаны туралы дипломы бар. Ол балаларын бағу үшін 7 күндік сәбимен жұмысқа шығатынын да атап өтті.
"Мен ешқандай да жатып ішер, жалқау әйел емеспін. Тусам Алла несібесімен береді деп туа бердім. Күйеуімді қатты жақсы көрдім. Әлі де жақсы көремін. Сол үшін мені ажыратып алмақ болған ағаммен ұрысып, үш жыл араласпай кеткенмін. Ендігі күйеуімнің қорлығына шыдай алмайтынымды түсіндім. Бүкіл отбасы маған "туа берме" деп ұрысатын. Тіпті баланы алдырып тастауға енем ақша да берген.
Әйел адам күйеуінен ешқандай алимент талап етпейтінін, тек тыныштық сұрайтынын айтты.
"Ол кісінің мінезі, психикасы дұрыс емес. Ол учаскелік полиция болып жұмыс істеді.. Парамен ұсталып, сотталғалы тұрған кезде өз еркімен жұмыстан кетті. Бүкіл әулеттері заң саласында лауазымды қызметтерде отыр, бұрында да істеген. Ата-енем де заң саласында еңбек еткен. Сол себепті 12 жыл таяқталсам да полиция күйеуіме еш шара қолданбайтын",-деп егілді әйел.