2024 жылдың тоғыз айында Қытайдан Қазақстанға тұрақты тұруға 1451 адам, ал Моңғолиядан 1088 адам қоныс аударған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қытай бойынша 177%-ға, ал Моңғолия бойынша 172%-ға өскен.
Сондай-ақ, Қытайдан келген мигранттардың саны 2017 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болса, Моңғолиядан келгендер саны 2011 жылдан бергі ең үлкен көрсеткіш болып отыр.
Қоныс аударғандардың басым көпшілігі – этникалық қазақтар. Қытайдан келгендердің 98%-ы, ал Моңғолиядан келгендердің 99%-ы қазақ ұлтының өкілдері.
Қытайдан келгендердің шамамен әр бесіншісі Алматы облысында тұруды таңдаса, жартысы Астана мен Алматы қалаларына қоныстанған. Моңғолиядан келгендер арасында ең танымал өңір – Ақмола облысы (33%). Сонымен қатар, олардың үштен біріне жуығы елорда мен Алматыны таңдаған.