Сарандықтар Жаңа жылдық шыршаға 29 464 285 теңге қаржы бөлді

1201
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Қарағанды облысына қарасты Саран қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі жаңа жылдық шыршаны орнатуға 29 464 285 теңге қаржы бөлді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы https://satypalu.gov.kz/kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа жыл мерекесіне дейін әлі алты ай уақыт бар. Соған қарамастан сарандық шенеуніктер алты  ай бұрын білек сыбанып, 30 миллион теңгеге жуық қаржы бөліп, жаңа жылға дайындала бастаған.

Осы аптада Саран қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі  «Мерекеге арналған қаланы безендіру қызметтері» деген атаумен ашық конкурс тәсілімен тендер жариялады.

Тендерге құжаттар қабылдау 25 маусымда басталып, жеңімпаз 7 шілде күні анықталады.

Мемлекеттік сатып алу жеңімпазы қала орталығына биіктігі 12 метр болатын бір шырша орнатуы керек.  Сонымен қатар, Сұңқар стадионының алаңына Жаңа жыл тақырыбына арналған фотоаймақты дайындап, түрлі жарықтарды орнатады. Тендерді жариялаушылар алаңға бойы 5 метр болатын Аяз ата мен Ақшаһар қоюды да ұмытпаған.

Шіліңшір шілдеде жаңа жылды мерекелеуге дайындықты бастау не үшін қажет? Бұл сұрақты тиісті мекемеге жолдадық. Жауап келіп жатса, оны да жариялайтын боламыз!

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер