Утилалымға наразы топ өкілдері петицияның алғашқы жиынынан шығып кетті

1427
Adyrna.kz Telegram
Фото: krisanapong detraphiphat/Getty Images
Фото: krisanapong detraphiphat/Getty Images

Утилалымға наразы топ өкілдері осы алымға қатысты петицияның алғашқы жиынынан шығып кетті. Бұл туралы кеше, 13 маусымда Азаттық радиосы видео жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Утилалымға наразы топ өкілдері “үш сағат кеңесіп, петиция бойынша келісе алмағанын” айтты.

Петицияны қараған үкіметтік комиссия талапты қабылдамаған. Осыдан соң петиция авторлары наразылық білдіріп жиыннан шығып кеткен. Петиция авторлары қатарында утилалым мәселесін көтеріп жүрген Санжар Боқаев бар.

«Біз келісімге келе алмадық. Отырғанымызға 2-3 сағаттай болды. Біз өзіміздің барлық нақты факті, аргументациямызды жеткіздік. Бірақ тыңдайтын жақ жоқ. Біз әртүрлі министрлікке сұрақ қойдық “Сіздердің нақты осы утильалымға қатысты ұстанымдарыңыз бар ма” десек, ешкім жауап бермейді. Сондықтан біз мынау бүгінгі отырысты қабылдамаймыз.

Ертең бәріміз Көкшетауда болуымыз керек. Оны қазір айтып отыр. Сонда олардың ешқандай нақты жоспары жоқ. Көкшетауға зауытқа барасыздар, бірақ ешқандай телефон алып кіруге болмайды, дейді. Біз “сонда халыққа өндірісіміздің шынайы қандай екенін көрсетуге болмай ма” деп едік. “Иә, көрсетуге болмайды” деді. Олар зауыттарды өтірік жақсы көрсету үшін ТикТок блогерлерді алып келеді. Оларға түсіруге болады, ал бізге түсіруге болмайды екен. Сондықтан біз бүгін комиссияның жұмысына сенімсіздік танытамыз”, деді Санжар Боқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары да көліктерді утильалым және бастапқы тіркеу бағасын төмендетуді ұсынған болатын. Олар еліміздің көлік паркінің ескіре бастағанын – басқа елдерден автокөліктерді әкелу кезіндегі жоғары кедендік баж салығы сатып алушы үшін түпкілікті бағаның өсуіне әкелетінін атап өтті.

24 мамырда E-Petition.kz ресми порталында жарияланған утильалымға қатысты петицияға қол қойғандар саны 50 мыңнан асқан.

Кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилизация алымы туралы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтпегенін мәлімдеген еді.

Ведомствоның мәліметінше петицияның бастамашылары отырысқа қатысудан бас тартқан.

 

Пікірлер