Әнші Жеңіс Ысқақова Ақтөбе қаласына гастрольдік сапармен барып, көңілі қалғанын жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жеңіс Ысқақова желідегі парақшасында Ақтөбе қаласының әкімдігіне наразылығын жеткізді.
"Құрметті ақтөбелік достар! Қонақжайлық пен сыйластықтарыңызға рақмет! Көңілімді түсірген бір-ақ нәрсе, орталық көшелердегі жолдардың шұрық-тесігін көріп көңілім құлазып тұр. Әлемге әйгілі Ақтөбенің жолдары мұндай деп ешкім ойламаған! Әкімдерің вертолетпен жүре ме?! Қалай ұялмайсыздар?! Қаланың ішіндегі жолдары осындай тесік болса, сырт жақтағы ауыл-аудандардың жағдайын айтпай-ақ қойған дұрыс шығар?! Ақтөбе қаласының әкімшілігі, екі күн бұрын Қызылордада болдым. Экологиялық жағдайы төмен облыстың көшелері тап-таза, жолдары тақтайдай тегіс. Сол жақтан барып, қаланы қалай әдемі етудің жолдарын үйреніп, шеберлік сағатына қатысып келіңіздер! Менің намысым келіп тұр", – делінген Ысқақоваеың жазбасында.
Ал желі қолданушылары "Дұрыс айтасыз", "Жеңіс, жарайсыз!", "Атырауда да солай, таң қалмаңыз" деп жарыса жазып жатыр.