Шымкентте тұрғынның есек бағып, етін бордақылайтыны айтылды

1512
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған
Шымкентте тұрғынның есекті бордақылап, сататыны белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы KYN.KZ агенттігінде есектің қарын-ішегіне дейін қапқа салып, шұңқырға тастаған азаматтың бейнесі жарияланған.

Жарияланған видеода есік алдында жайылып жүрген есектерді көруге болады. Видеода сөйлеген ер адамның сөзінше, есекті бағып жүрген тұрғын малдың аяқ-сирағы мен қарын-ішегін қапқа салып, шұңқырға тастаған.

“Сіздерге дәлел керек болса міне. Есектің аяқ-сирақтары бәрі тұр. Шұңқырдың ішінде қарындары жатыр. Есектер жүр, мал сойылып жатыр. Құдайдан қорықпайтындар-ай”,- дейді автор видеосында.

Осыған дейін, 17 мамырда БАҚ беттерінде Шымкент қаласының тұрғыны есек етін Қытайға экспорттамақ болғаны айтылған.

Деректер бойынша бейнежазба Шымкенттегі Құрсай шағынауданында түсірілген.

"Бұның бәрі неге жүр? Міне, оларға жуынды береді. Тойханадан ба, бір жақтан алып келеді-ау шамасы. Оны сойған, дәлел ретінде мына шұңқырда есектің сирақтары, ішек-қарны жатыр. Ауру қайдан тарайды? Әрине, осы жерден... Ветеринариялық инспекция мамандарын, полицияны шақырдық",-дейді видео авторы.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қалалық инспекциясындағы оқиғаның 12 мамырда болғанын айтады.

Кәсіп иесінің мамандарға берген жауабына сәйкес, ол бұл жерде 104 бас есек пен 36 ұсақ мал ұстаған.

«Жүргізілген тексеру жұмысына сәйкес кәсіпкер 4 есекті белгіленбеген орында сойғаны анықталды. Ал оның етін тоңазытқышта сақтаған. Бізге берген жауабында ол мал етін жинап, Қытай еліне экспорттамақ болғанын айтты. Сойылған еттің барлығын біз алдық, оны жою жұмыстары жүріп жатыр. Біздің заңнамада есек асырауға тыйым салынбаған. Бірақ оны арнайы бекітілген орында сою керек. Бұл талапты орындамағаны үшін (Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 406-бабы) кәсіп иесіне айыппұл салынды»,-деді Шымкент қалалық ветеринариялық бақылау инспекциясының бөлім басшысы Сырым Қарабеков.

Пікірлер