22 мамыр күні, түнде Атырау облысы Жалғансай ауылында бөгет жарылды. 200-ден астам тұрғын көрші ауылға шұғыл эвакуацияланды, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Атырау облысы ТЖД жедел әрекет ету орталығына сілтеме жасап.
22 мамыр күні сағат 23:41-де Атырау облысы, Махамбет ауданы, Жалғансайға кіре берісте бөгет бұзылды. Ауылдағы су деңгейі күрт көтеріле бастады. Оқиға орнына дереу аудандағы кезекші Төтенше жағдайлар қызметінің күштері жұмылдырылды. Төтенше жағдайды жоюға 35 бірлік техника мен 50 адам жетті.
Түн ортасынан кейін су басу қаупі бар аймақтардан тұрғындарды көшіру басталды. Тұрғындар көршілес Махамбет ауылындағы Д.Төленов және Е.Ағелеуов атындағы орта мектептерге көшірілді. Эвакуация пунктіне барлығы 200-ден астам тұрғын орналастырылды.
Қазір құтқарушылар, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері және жергілікті билік өкілдері бұзылған бөгетті қалпына келтіруде. Жағдайды тұрақтандыру үшін облыс орталығынан қосымша күштер мен ресурстар сұралды. Облыс әкімі төтенше жағдай орнында. 23 мамырда таңғы сағат 4:20-да бөгет қалпына келтірілді. Жұмысқа 842 адам мен 84 техника жұмылдырылды.
Тұрғын үйлер мен нысандарды су басқан жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Электр желісі үзілмеген. Қазіргі уақытта қалыпқа келтірілген бөгетті қосымша нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Жалғансай ауылында сағат 08:00-де жағдай тұрақты, қауіптің жойылуына байланысты Д.Төленов атындағы орта мектепте болған Жалғансай ауылының 143 тұрғыны үйлеріне оралды.