Қуғын-сүргін құрбандары. Белгісіз жандар, қарапайым адамдар

1658
Adyrna.kz Telegram

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың дерегі жиналған қорда қазақтардың да есім – сойы жиі ұшырасады. Олардың өмір деректеріне қарасаң, кейбірінің белсенді, қайраткер болғаны, ал тағы бірінің мүлдем сауаты болмағанын, тағы бірінің қатардағы азамат екенін байқауға болады.

Қазақ жеріндегі саяси куғын-сүргін 1928 жылы зиялы қауым өкілдерін тұтқындаудан басталды. Ел тарихында солақай саясаттың құрбаны болғандар қатарында Алаш зиялылары, қоғам белсенділері бар.

Жаппай қуғын-сүргінде бұрынғы Совет одағының көптеген азаматтары жазықсыз сотталды. Одақ құлаған соң олар ақтала бастады. Сондайда «Ашық тізім» жобасы қолға алынып, қуғын-сүргін құрбандары туралы деректердің базасы жасала бастады. Сталиндік зұлмат кезінде жазықсыз жазаланғандардың мұндағы тізімінің өзі 3 млн 227 мың 140-тан асып кетті. Бұл базада осынша жазба дерек бар. Сол тізімде Қазақстаннан сотталғандардың аты-жөні мен деректері көптеп ұшырасады

БЕЛГІСІЗ ҚҰРБАН... 

Кейбірі туралы толық мәлімет жазылған, кейбірі туралы жарым-жартылай болса да деректер кездеседі.  

Елдік жолында құрбан болғандардың қатарында есімі әлі күнге дейін көлеңкеде қалғандар көп. Соның бірі – Жұмагелді Нұрабаев. 

1893 жылы туған азаматтың Алматы облысы Мойынқұм ауданының тұрғыны екені көрсетілген. Ашық тізімде көрсетілген деректерде Жұмагелді Нұрабаевтың  ешқандай білімі жоқ, сауатсыз екені жазылған. Ол 1930 жылдың 28 желтоқсан күні Жамбыл облысы Балқаш ауданы, Төңкеріс ауылында қамауға алынған. Оны Шу аудандық ОГПУ басқармасы тұтқындап, 1931 жылдың 21 сәуірінде соттаған.

Нұрабаев РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-8, 58-11 баптары бойынша 3 жылға концлагерьде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Дегенмен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтың не себепті қамалғаны көрсетілмеген.

«ХАЛЫҚ ЖАУЫ»

Атылған адамдардың қатарында Абдолла Асылбеков бар. 

1896 жылы сол кездегі Ақмола уезінің Нұра болысында, Құндызды өзенінің бойындағы Қарасуда дүниеге келген азамат татар медресесіне сауатын ашқан. 1914 жылы Қызылжарға келген Абдолла осындағы мұғалімдер даярлайтын қазақ мектебіне түсіп оқиды. Абдолла Асылбеков 1914-1916 жылдары қазақ жастарының арасында белсенді жұмыс жүргізген. 

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне араласады. Ақпан төңкерісінен кейін жазушы Сәкен Сейфуллинмен бірлесе жергілікті жерлерде жастарды, жұмыскерлерді ұйымдастыру ісіне кіріседі. Асылбеков мемлекет, қоғам қайраткері, өз кезінің саясаткері ретінде бірнеше салада ой толғап, пікір қалдырған тамаша публицист болған. Ғылыми-көпшілік сипаттағы елуден астам еңбегі бар азаматтың мұрасы ел арасында аз зерттелген. Ол 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылды.

ӨРТ СӨНДІРУШІ 

Қызылорда облысы Арал ауданы, Аралқұм колхозының тұрғыны Биғали Әлмағамбетов  аға өрт сөндіруші қызметін атқарған. Оны 1938 жылдың 13 қарашасында Қазалы РКМ линиялық бөлімі қамауға алды. Қызылорда облыстық сотының үкімімен  Әлмағамбетов 1939 жылдың 24 қаңтарында РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 баптары бойынша 5 жылға еңбекпен түзеу лагерінде «жазасын өтеген». Оның есімі 1993 жылғы 14 сәуірдегі Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы Заңы бойынша ақталды.

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың көбі Кеңес Одағы құлап, Қазақстан тәуелсіздігінен кейін ғана ақталуда. Дегенмен ашық дереккөздерде тек есімі мен тегі белгілі, өзге дерегі жоқ азаматтар қаншама. Қазақстанның мерекелік күнтізбесінде «31 мамыр -  Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні»  деп бекітілген. 

Тарихшы Зиябек Қабылдиновтың 2022 жылғы "Adyrna" порталына жариялаған "Алаш автономиясы - тәуелсіздігіміздің тарихи тамыры мен тұғыры" атты мақаласында қуғын-сүргіннің сипатын былай ашуға тырысады. 

«1937–1938 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін – ел тарихындағы қайғылы кезең. Ұлттың бетке ұстар азаматтары, сол кездегі қазақ қоғамының білімді, озық ойлы өкілдері жойылды. Арыстарымыз идея үшін құрбан болды. Сонысымен тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды оятып кетті», - деген тарихшы Зиябек Қабылдинов. 

 

Сымбат Наухан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер