Гранты көп – гарантиясы қандай? Тасқыннан соң билік су маманын оқытуды еске алды

2366
Adyrna.kz Telegram
Сурет: naked-science.ru
Сурет: naked-science.ru

Елдегі биылғы су тасқыны су мамандарына қажеттілікті арттырған. Тәуелсіздік тұсында Су шаруашылығы және мелиорация министрлігін жапқан билік былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігін құрды. Тасқыннан соң су мамандығы туралы жиі айтылатын болды. Алайда іс барысындағы мәселе қандай? Онсыз да гранты көп, студенті аз салада нені ескеру керек? Осы мәселеге шолу жасап, мамандар пікірін сұрадық. 

Бұрынғы Су министрі өз тәжірибесі қандай болғанын айтса, Каспий теңізі маңындағы аймақтағы маман бұл салада бүгінде санаулы адам жұмыс істейтінін айтады. 

ЖАҢА МИНИСТРДІҢ  КӨКТЕМІ ҚАТАҢ СӨГІСПЕН БАСТАЛДЫ 

Биыл көктемгі су тасқыны билік тарапынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат ретінде бағаланды.Су тасқынына байланысты елдің 10 бірдей аймағында төтенше жағдай жарияланды. Олар Ақмола, Абай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік  Қазақстан, Шығыс Қазақстан және  Ұлытау облыстары. Тасқынмен күресуге дайындық қыс айларында басталды деп хабарлағанымен, арты салдары ауыр оқиғаға ұласты. 

Су тасқыны кезінде Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында 1 043 жеке тұрғын үй және 298 аула аумағы су астында қалды. 18 945 адам құтқарылды және эвакуацияланды.

Мемлекет басшысы су тасқынына орай бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берген. Мәселен, биыл Астана  халықаралық форумы өткізілмейтін болды. Оған бюджет қаржысынан 1.4 млрд теңге бөлінген болатын. Соның есебінен үнемделген қаржы су тасқыны мен күреске, тұрғындарға көмек көрсетіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге жұмсалады  деп хабарланған.

Алғашқы су тасқыны туралы дерек 12 ақпанда Атырау қаласында қардың еруі салдарынан көшелерде ішінара су басқаны туралы тіркелген.  Әкімдіктің мәліметінше сол күні оны тазартуға  21 арнайы техника жұмылдырып,  2000 текше метрден астам су шығарылған. Су тасқыны негізінен келесі себептерден туындаған: қатты немесе ұзаққа созылған жауын-шашын, қар мен мұз кептелісінің тез еруі. Салдарынан төтенше жағдай  сақталған өңірлерде оқушылар  қашықтықтан  оқытуға көшірілді. Сондай-ақ су тасқыны қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жарияланды. 

Айта кететін жайт – Су ресурстары және су ирригация министрлігі 2023 жылы күзде ғана құрылған болатын. 

Тасқын шығыны 200 млрд теңгеден асады деп бағаланды. Қайтыс болған адам саны – 7, жоғалғандар саны – 4. Мал бас шығыны – 8 мыңға жуық.

Елдегі төтенше жағдай кезінде ірі компаниялар, су тасқынына көмек үшін құрылған Вiz Birgemiz қорына қаржылай көмек аударды. 

Биылғы ірі  су тасқыны және былтырғы орман өртінің болуы мамандардың  жетіспеушілігігімен түсіндірілді. 

ГРАНТЫ КӨП, СТУДЕНТІ АЗ СУ САЛАСЫ

Ресми мәліметке қарағанда,елдің 10 бірдей жоғары оқу орнында су шаруашалығы мамандарын дайындайтын факультет пен мамандық түрі бар екен. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше олар:

  1. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті;
  2. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті;
  3. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті;                          
  4. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті;                           
  5. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті;
  6.  Сәрсен Аманжол атындағы Шығыс Қазақстан университеті;
  7. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті;
  8. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті;
  9. Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университеті;
  10. Жәңгір хан атындағы Батыс-Қазақстан  аграрлық-техникалық университеті.

Аталған университеттерде су мамандарын «Су шаруашылығы», « Су ресурстары бағыты», « География және табиғатты тану» факультеті, сондай-ақ пән аралық « IT технологияларды пайдалана отырып су ресурстарын басқару» «Сумен жабдықтау және кәріз» секілді кафедра мен факультет төңірегінде оқытады. 

Мәселен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде география және табиғатты тану факультетінде «гидрология» мамандығы бойынша оқытады. Алайды тек су саласы, инженер мамандарды даярлау тек М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде магистратура және доктарантура деңгейлерінде «Гидротехникалық құрылыс және құрылыстар» білім беру бағдарлмасы бойынша жүзеге асырылады. 

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше 2023-2024 оқу жылдарына Су ресурстары және суды пайдалану білім беру бағыты бойынша бакалавр мамандарын даярлауға – 328 грант, магистратураға – 70, доктарантураға 12 грант, барлығы 410 бөлінген. Алайда оның тек 224 гранты ғана игерілген. 

Ал 2022 жылы  бұл білім беру бағдарламасына 256 грант бөлінген.

Гидрология мамандығында оқып жатқан 1-2 курс студенттерінің арасында сауалнама алып шыққан болатынбыз. Тек 10 студенттің ішіндегі 1 студент ғана осы салаға қызығып, армандап, өз қалауымен түскенін айтқан болатын. Ал қалған студенттер білім беру грантын алу мақсатында, балы осы мамандыққа жетіп тұрған соң немесе грантқа өтініш беру кезінде сәйкестікпен оқуға түскендігін, болашақта бұл мамандыққа сұраныс болатын болса ғана жұмыс  жасайтындығы жөнінде ақпарат берді. 

ЭКС-МИНИСТРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ ЕЛЕНЕ МЕ?

Гидроинженер, бұрынғы су шаруашылығы және мелиорация министрі, 90 жасқа келсе де су шаруашылығының жоқтаушысы болып келе жатқан су маманы Нариман Қыпшақбаевтан осы мәселе жөніндегі пікірі мынандай.

 - Мен министр болып жүргенде Жамбыл облысында су мамандарын дайындайтын инситут болды. Мен сол уақытта жыл сайын жоғары оқу орнын бітіретін түлектердің тізімін жасауға тапсырма беретінмін. Қай жердің баласы, қайда туған? Осы балаларды қайда орналастырамыз, қай жерде жұмыс бар, қай жерде осы сала бойынша маман зейнетке шығайын деп отыр, барлық ақпаратты осылай жинастырып отырып, балалармен жұмыс жасайтынмын. Бұл шаруамен бірінші кезекте су министрлігі айналысу керек. Екінші мәселе – су мамандары қайда және қалай дайындалады? Бұл – Ғылым және жоғары білім министрлігінің міндеті. Үшінші мәселе – су маманын дайындайтын университеттердегі ахуалды оңалту керек. Мен 23 жыл университеттерде мұғалім болып жүргенде, ректорлармен сөзге келіп қалатынмын. Ректорлар не істейді? Универдің ішіне кірсең, барлығы ректордың туысқаны, ауылынан келеді туысқанын  жұмысқа алады, мамандығы басқа. Су факульететіне қатысы жоқ өз туысын кіргізіп қояды. Көрдің бе? Соның салдарынан студенттер университетті қалай болса солай шала бітіреді. Мақсат бітіріп кетсем болды дейді.  Жұмысқа орналасты деген анықтаманы оқу қабырғасында сұраған уақытта, балалар жасанды анықтаманы әкеп береді. Міне, осы себептен де кадр мамандары жетіспейді. Кадр дайындауда міне, осы үш мәселені ерекше атар едім. Ректорлар нақты іспен айналыспайды. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі қалай оқыту керектігін айтпайды, білмейді. Жаңадан құрылған Су ресурстары министрлігі болса, қазір қанша маман бітіріп жатыр, олар қайда жұмысқа орналасады соны ойлай ма екен?! – дейді Нариман Қыпшақбаев эмоциясын жасыра алмай.  

КАСПИЙ ЖАҒАСЫНДА – САНАУЛЫ СУ МАМАНЫ

Осы мәселе жөнінде Батысқазжерқойнауы өңіраралық департаментінің Маңғыстау өңірлік инспекция басшысы Алмагүл Келбеттің пікірі мынандай.

- Жалпы, әр облыс, әр ауданда су мамандары болуы қажет. Маңғыстау облысында ешкім бұл салаға бара қоймайды. Бұл мәселе әкімдікке айтылып жүр, бірақ, нәтиже жоқ. Қазір облысқа гидрогеолог маманы қажет, бірақ  біздің өңірде ондай маман жоқ, 1-2 маман бар, олар да зейнет жасында. Жаңа мамандарды даярлағанның өзінде, оған кемінде 5-6 жыл қажет. Бұл салаға барып оқыған соң кейінгі жұмысқа тұрып кететіндей кепілдік болуы қажет. Ондай кепілдік болмаған соң студенттер басқа салаға кетеді. Біз суды күнде  тұтынамыз, су – тіршілік көзі. Қазір экономист, заңгер секілді мамандарды қанша оқытсақ, су мамандарын да сонша оқыту керек еді, - дейді Маңғыстау өңірлік инспекция басшысы Алмагүл Келбет. 

Маңғыстау облысы – Каспий теңізі жағалауында орналасқан аймақ.

Арал апатымен бетпе-бет келген, Каспий теңізімен және бірнеше ірі трансшекаралық өзендермен шектесетін Қазақстанда су шаруашылығы Арал - Сырдария бассейні, Балқаш - Алакөл бассейні,  Ертіс, Есіл, Нұра - Сарысу бассейні, Тобыл - Торғай бассейні, Жайық - Каспий бассейні, Шу - Талас бассейні арқылы жүргізіліп келеді.

Фариза Құрбанбаева

“Адырна” ұлттық порталы





                                        

Пікірлер