Бүгін - Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел Елші Ақмарал Арыстанбекованың туған күні, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол - Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымындағы бірінші тұрақты Өкілі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі қызметін атқарған.
Қазақтан шыққан тұңғыш әйел Елші 1948 жылдың 12 мамырында Алматы қаласында дүниеге келген.
Ақмарал Қайдарқызының еңбек жолы 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетіндегі зертханада кіші, аға ғылыми қызметкер болып бастап, 1978-1981 жылдары Қазақстан Лениндік Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің ғылыммен айналысатын жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі болады. Одан кейін 1981-1983 жылдары Қазақстан Лениндік Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің хатшысы болды.
Ал 1983 жылы Ақмарал Арыстанбекова Қазақ достық және мәдениет қоғамдастығының шет мемлекеттермен байланыс бойынша президиум төрағасының орынбасары, 1984 жылы президиум төрағасы болған. 5 жылдан соң Қазақ КСР сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалады.
1991 жылдың желтоқсанынан 1992 жылдың сәуіріне дейін А.Арыстанбекова Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Ресей Федерациясы Үкіметінің аға кеңесшісі – Қазақстан Республикасының өкілі болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдың 15 сәуірінде ҚР бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Арыстанбекованы БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты Өкілі ретінде тағайындайды. Бұл лауазымды Ақмарал Арыстанбекова 1999 жылға дейін атқарады.
1996 жылдан бастап Ақмарал Арыстанбекова Төтенше және Өкілетті Елші лауазымындағы қызмет жолы жалғасын табады. Кейіннен сол жылдың қазанынан бастап, Қазақстан Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болады. Ал 1999 жылдан 2003 жылға дейін Қазақстан Республикасының Франция Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы Тұрақты Өкілі лауазымын қатар атқарады.
Бүгінде қазақ тарихында есімі алтын әріптермен жазылған ұлы әйел 76 жасқа толып отыр.