Қазақ министрі Беларусь елшісін шақыртқан соң Лукашенконың арыны басылды

1321
Adyrna.kz Telegram
Фото: akorda.kz
Фото: akorda.kz

Беларусь президенті Александр Лукашенко тоғыз елдің елшілеріне сенім грамоталарын тапсыру кезінде Қазақстанды “дос әрі одақтас” деп атады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы  «Первый информационный» телеарнасына сілтеп.

«Қазақстан – біз үшін маңызды, уақыт сынынан өткен дос, стратегиялық серіктес және одақтас. Бүгінде екі елдің ортақ мүддесі жоқ сала іс жүзінде жоқ. Ынтымақтастықтың жоғары динамикасын жыл сайынғы миллиард долларлық тауар айналымы мен өнеркәсіптік кооперациядағы табысты жобалар дәлелдейді», - деді Лукашенко.

Беларусь Президенті Қазақстан Президенті Тоқаевқа Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы кезінде елге көрсетілген жан-жақты қолдауы үшін алғыс айтты.

Еске салайық, тамыз айында Беларусь президенті Александр Лукашенко «Россия 1» телеарнасына берген сұхбатында:

«Біз кейбір посткеңестік мемлекеттеріміз сияқты әбігерге түсіп жатқан жоқпыз. Олар Ресейден бірдеңе алғылары келеді, бірақ оның орнына ештеңе бермейді. Бұлай жұмыс істемейді. Бірге болайық! Сол Ресейге келіп, қолдау, көмек сұрайтын уақыт алыс емес», – деген болатын. 

Осыдан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Беларусь елшісі Павел Утюпинді шақырған еді. Министр Мұрат Нұртілеу Қазақстанның БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың негізгі нормаларына сәйкес теңгерімді және бейбітшіл сыртқы саясат жүргізіп жатқанын атаған.

«Біздің еліміз мемлекеттер арасындағы барлық келіспеушіліктер саяси және дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс екеніне нық сенімді. Қазіргі геосаяси жағдайда Мемлекет басшысы әзірлеген еліміздің сыртқы саяси бағыты өзінің тиімділігін көрсетті. Осыған байланысты министр беларусь тарапын Астананың болып жатқан үдерістерге қатысты ұстанымын объективті бағалауға шақырды», - деген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Пікірлер