Екінші жаһан соғысын зерттеу жұмыстары күшейтіледі - Балаева

5710
Adyrna.kz Telegram
фото: NUR.KZ
фото: NUR.KZ

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

«Баршаңызды еліміз халқы және әлем жұрты үшін маңызды мереке – Жеңіс күнімен құттықтаймын. Бұл күні біз болашағымыз үшін, бейбітшілік пен тұрақтылық жолында жанын қиған ерлерді еске аламыз. Жеңіс күні қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Отан ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, екінші жаһан соғысында қаза тапқан қазақ жауынгерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды», – деді Аида Балаева өз парақшасында жазған құттықтауында.

Ол Мемлекет басшысының құттықтауын еске түсірді.

«Ел халқын жеңіс күнімен құттықтаған Мемлекет басшысы бейбітшілікті сақтау мен нығайтудың маңыздылығын еске салды... Жеңіс күніне орай барлық өңірде адамзат тарихындағы ең қанды соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтуде... Келер жылы біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлаймыз. Мемлекет басшысының кең көлемде атап өтуге дайындық жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде, соғыс жылдарында теңдессіз ерлік көрсеткен жерлестерімізді есте қалдыру, екінші жаһан соғысындағы оқиғаларға қатысты зерттеулер және мұрағат материалдарын зерделеу жұмыстары күшейтіледі. Сондай-ақ республика бойынша елді мекендердің, нысандардың, көшелердің атауларында соғыс қаһармандарын мәңгі қалдыру тәжірибесі жалғаспақ», – деп жазды министр.

Жеңіс күні – батырларымыздың ерліктерін еске алатын күн.

«Бейбітшілік пен ынтымақты қастерлеу, еркіндік пен тәуелсіздікті бағалау керектігін еске салады. Елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін әрқайсымыз қолдан келгеннің бәрін жасап келеміз. Қаза тапқан қаһармандардың есімі мәңгі жадымызда жаңғырып, ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа жете берері сөзсіз»,  – деді Аида Балаева.

Пікірлер