Су басқан жолдың бойында. Маңғыстауда жүк көліктері жүгімен тоқтап тұр

1948
Adyrna.kz Telegram

Су тасқыны басталғаннан бері бірнеше өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды. Онымен қоса жолдар жабылып, мәселе ушыққан. Бұл күндері Маңғыстау облысының аумағында кем дегенде 500 шамалы трейлер жүк көлігі қаңтарылып тұр. Олардың арасында ұзақ жолды көтере алмайтын өнім тиегендері де бар.

Жүргізушілердің Өзбекстан арқылы өтуіне Өзбекстан жағы рұқсат бергенімен, Қазақстан жағы құжаттық мәселелерді көлденеі тартып жүк көліктерінің уақыты жолға шығуына кедергі келтіріп отыр. Қаңтарылып тұрған жүргізушілердің бірімен хабарласып, мән-жайды сұрадық.

Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстаннан жүк тасымалдаушы азаматтар Құлсарыдан шыға алмай қалған. Олар биліктен Өзбекстан арқылы Шымкентке жетіп алатын дәліз ашып беруін сұрайды. Жүргізушілердің сөзінше істі Маңғыстау облысы Көлік инспекциясы қолға алған. Бірақ құжаттық кедергілер туындаған.

Орта жолда қаңтарылып, жіпсіз байланған жүргізушінің бірі - Ержан Серікбаев.

- 3 сәуір күні Ақтаудан Астанаға қарай шыққанбыз. 4 сәуір күні Құлсары қаласына жеткенде бізге жолдың жабық екенін айтты. Құлсарыда екі күн тұруға мәжбүр болдық. Екінші күні «түнде қалаға су келді, артқа айдаңдар» деп Бейнеуге қайтарды. Енді біздің Бейнеуде тұрғанымызға да жеті күн болды.

- Желідегі ақпарат бойынша, мәселені шешуге Маңғыстау облыстық Көлік инспекциясы кіріскен бе?

- Жоқ, Маңғыстау емес, Көлік министрлігі бақылауға алды ғой. Алайда арты шешімсіз қалды.

- Енді сіз секілді жүк тасымалдаушылар әлі қанша уақыт тұруы мүмкін? Тауарлар бұзылып кетпей ме?

- Нақты ақпарат жоқ. Жеке менде ашымайтын, бүлінбейтін тауарлар. Ал көптеген жүк тасымалдаушылар заттарына уайымдап жүр. Себебі тауар бұзылуы мүмкін, холодильниктерін (ред. – мұздатқыштарын) қосып жүр. Бұл жақтағы жолдың қашан ашылатыны белгісіз.

- Тоқтап тұрған көліктердің нақты саны қанша?

- Шамамен үш күн бұрын 470-тей жүк көлігі тұр деген ақпарат бар еді. Бүгін білмеймін, қанша көлік екенін. Мұнда Бейнеудің өзінде 500-дей көлік тұр. Жол ашылғаннан соң Ақтауға кетіп қалғандар, жол бойындағы шайханаларда жатқаны қаншама... Құлсарыда да көлік тұр. 30 жыл бойына жолдың жоқтығы болып тұр ғой сонда. Тек осы Маңғыстау автокөлік жолы болып тұр.  Егер бұл жол да жабылса бұл аймақ бөлек арал болып қалады екен. Қазір тек теміржолмен ғана қатынап отыр.

- Жол жабық болса гуманитралық көмек қалай жетіп жатыр?

- Мақат стансасына дейін жол жүрсе, стансада теміржолға жүкті тиеп, жеткізуде.

- Сіздердің тараптан қандай ұсыныс түсті?

- Айналма жолдың жоқтығынан тым болмаса Өзбекстан арқылы шығып кетерлік дәліз ашып беруін сұрадық. «Иә, осыған кірісеміз» деп осыдан төрт күн бұрын уәде берген. Алайда әлі сол бойынша тізім жасаумен әлектеніп жүр. Маған өзіме жеке Маңғыстау облыстық Көлік инспециясының қызметкері хабарласты. «Қалай хабарлауымыз керек, не істей аламыз?» деп сұрады. Мен «хабарлама жазып берсеңіздер, біз топтарға таратамыз» деген болатынбыз. Оны топқа тараттық. Хабарламада «Жолдың жабылуына байланысты Өзбекстан мен Қазақстан өзара келісім жасап, «жасыл коридор» деп айтады ғой, сол ашылды» делінген. Өтуге мүмкіндік бар деп қуандық.

- Неге жүзеге аспай отыр?

- Қазақстан азаматтарының ішінде тек жүк тасымалдаумен айналысып жүрген азаматтар бар, олар көп. ҰҚК мен Транспорт комитеті жиналыс өткізіпті. Осы тақырыптар талқыланыпты. Бізге де мәлімет ұзын құлақтан жетті. Өзбекстан бұл келісіммен келісіпті. Тек Қазақстанның ҰҚК-сі Өзбекстанға шетелдік төлқұжатсыз жіберілмейтінін айтқан. ҰҚК бірінші төлқұжатсыз, екінші әртүрлі айыппұлға, налогқа байланысты қарыздары болса, елдің шекарасынан шығармайтынын айтты. Ал бізде Өзбекстанда қалып кететін ешқандай қалауымыз да жоқ, ашығын айтқанда. Бізге бастысы шекарадан өтіп, межелеген жерімізге жетіп алсақ болды. Бізде құжаттары дұрыстары баяғыда-ақ өтіп кетті ғой. Арамызда біреулері ел арасында жүреміз деп төлқұжатын да тастап кеткен. Егер жол жабылса бұл бәріне әсер етеді ғой. Көптеген адамдар Иранның алмасын алып-сатып жүргендер бар. Олардың қолында еш құжаты да жоқ. Жәй базардан алған накладной қағазы ғана бар. Ол еш жерге де жарамайды. Біздің әрқайсымызды сабылтып жүр. Бір жіберген құжатты қайта сұрап, шаршатып кетті.

Ашығын айтқанда тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Тым болмаса қосалқы жол салуы керек еді ғой. Теміржол мен жолымызды кесіп тастаса болды ғой. Бөлек арал болып қалады екенбіз. Не істесе де бәрібір зардап шегіп отырған қазақ. Қағазбастылық бізде өте көп. Осыны шешіп берсе дейміз. Бәріміз балалы, отбасылы адамбыз. Бізге де күн көруіміз керек.

 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер