Ядролық уранмен қоштасқан 30 жыл. Құпия жүргізілген «Сапфир» операциясы кімнің ұпайын түгендеді?

1367
Adyrna.kz Telegram
Фото: nsarchive2
Фото: nsarchive2

1994 жылы күзде Қазақстан АҚШ-пен бірлесіп, ядролық отынды елден әкетуге арналған  «Сапфир» операциясын құпия түрде жүзеге асырды. Оның мақсаты Қазақстаннан ядролық отынды шығару арқылы ядролық қарудың таралу қаупін азайту екендігі хабарланды. Бүгін сол оқиғаға 30 жыл толды.

Өскемен түбіндегі Үлбі металлургиялық зауытының қоймасында атомдық сүңгуір қайықтарға арналған Альфа класындағы (90% U-235) жанармай ретінде пайдалануға арналған 1322 фунт (600 кг) толық байытылған уран сақталған еді. Оны ядролық қару жасауға  да пайдалануға болатын. «Сапфир» операциясы арқылы осы уран елден АҚШ-қа әкетілді. 1994 жылы 23 қарашада АҚШ-тың сол кездегі президенті Билл Клинтон әкімшілігі осы уранның Қазақстаннан Америкаға жеткенін хабарлады.

Қазақстанның өз еркімен ядролық отыннан бас тартуы оң болды ма, әлде оның теріс салдары, немесе тиімді жақтары болды ма? Тиімді болса, кімге тиімді, кімге зарар? Бақ па, сор ма? Бұл туралы саясат үшін айтылған сыпайы пікір, тұжырымдар көп. Ал нақты ұлттық қауіпсіздік пен елдің құдірет, қауқарын таныту тұрғысынан ашық зерттеулер жарияланған жоқ. Қоғам да оны талқыламады. Бірнеше күннен бері АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл туралы операцияны жүзеге асырған адамдардың естеліктері берілді. Ал Қазақсанның өзінде «Сапфир» операциясы туралы мәлімет шектеулі. Сондықтан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтында ілгеріде жарияланған «Сапфир» операциясы туралы мәліметті көпшілік назарына лайықтап назарларыңызға ұсынамыз.

«ҚЫРҒИ-ҚАБАҚ СОҒЫСТАН» КЕЙІНГІ ЖЫЛЫ ҚАБАҚ

КСРО құлаған кезде Қазақстанда өте күрделі ядролық арсенал қалды. Ол қуаты бойынша тек АҚШ, Ресей және Украинаны ғана алдына салатын еді.

Жас мемлекеттің қолында ядролық соғыс жүргізу үшін қажеттінің барлығы болды: құрлықаралық баллистикалық зымыранды ұшыратын қондырғылар, бомбалаушы ұшақтардың авиациялық базасы және саны ұшан-теңіз оқтұмсықтар. Қолда тұрған «қызыл түйме» басқа әлеммен қарым-қатынас орнату үшін берілген әдемі «шанс» еді.

Бірақ Қазақстанның саяси басшылығы басқаша шешімге келіп, қару-жарақ тайталасынан бас тартуға шешім қабылдайды.

Қабылданған бұл шешімді жүзеге асыру оңай болмады.

«Темір перденің» күйреуі, ғаламдық катаклизмдердің түсініксіз ағыстары ядролық қаруға қызығушылық танытқан саяси авантюристердің, арнаулы қызметтер мен қылмыскерлердің көп болуына әсер етті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Билл Клинтонның шешімдері негізінде ядролық материалдар еліміздің аумағынан Америка Құрама Штаттарына әкетілді.

Сол бір 1994 жылы өткізілген «Сапфир» операциясы ҰҚК жылнамасына мәңгілікке жазылып қалды.

БОЖКОНЫҢ ЕСТЕЛІГІ. МЕТТЕНІҢ МИССИЯСЫ

Ақпараттың таралып кетуін болдырмау мақсатында операцияға қатысатындар мен ол туралы білетіндердің саны мейлінше шектелді.

Солардың бірі Владимир Божко еді «Ядролық материалдар туралы мәселе қозғалғанда Қазақстан Президенті Ресей басшысымен келіссөз жүргізді. Олардың өзара сенімді қарым-қатынастары көптеген мәселелерді шешуге септігін тигізді. Олар мәселенің мәнісін біліп отырғандықтан, операцияға байланысты Ресей тарапынан ешқандай сын-ескертпе айтылмады»,- дейді Божко.

Ресми келіссөздерден басқа, сырт көзге ресми емес сипат беретін, назар аудартпайтын іс-шаралар өткізілді.

Соның бірі Үлбі металлургиялық зауытының директоры (ҮМЗ, Өскемен) Виталий Меттені АҚШ-тың Қазақстандағы атташесі Эндрю Вебермен кездестіру болды, бұл кездесудің соңы үлкен достыққа ұласты.

Көпсатылы арнайы операцияның келесі бөлімі зауыт туралы ақпаратты америкалықтармен бөлісу еді.

1993 жылы Метте Өскеменде жоғары байытылған уранның запасы туралы жазылған бір жапырақ қағазды Веберге береді. Алдын ала болжағандай, атташе мұндай ақпаратты назардан тыс қалдырмай, ол туралы Вашингтонға хабарлады.

САЛМАҒЫ АУЫР «САПФИР»

Одан кейін жоспарлы оқиғалар қарқын ала түсті: 1994 жылдың ақпанында Қазақстан Президенті Штаттарға ресми сапармен барып, ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қол қойып, Билл Клинтонмен бірге уранның тағдырын шешті.

Осы бір тарихи операцияны жүзеге асырғандардың бірі Жеңісбек Жұманбеков былай дейді:

«...Атом энергетикасы бойынша халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ядролық материалдар туралы мәселе түбегейлі шешілген соң, осы іске қатысатын екінші қатысушы туралы мәселе келісілді: Америка Құрама Штаттарына  ядролық материалдарды алып кетуге ресми түрде құқық берілді».

Ол кісінің әңгімесін Сұлтан Әдиқожаев жалғастырады:

«Жоғары байытылған уранды тасымалдау ісін қамтамасыз ету маған тапсырылды, бұл жұмыс Орталық барлау басқармасының қызметкерлерімен бірге атқарылды. Бұған дейін біз бір-бірімізге «басты қарсылас» ретінде қарағандықтан болар, жағдай соншалықты қуанарлықтай емес еді. Сөйтсе де америкалықтармен ойдағыдай жұмыс істедік, ұйымдастыру мәселелерінің көпшілігі бірлескен түрде Вашингтонда алдын-ала талқыланған болатын. Іске асыратын жобамыздың атауы «Сапфир» болатындығын сонда келіскен едік (алғашқы нұсқасындағы коды «Peacepipe»-«Бейбітшілік түтігі» болатын). Операциямыз алдын ала дайындықтан басталды. АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің мамандары Өскеменге ұшып келді. Салмағы ауыр ұшақтарды көтере ала ма деген мақсатта олар ұшып-қону жолағын тексерді. Жасаған қорытындылары: әуежай ауыр ұшақты көтеретін болып шықты. Біз авиамамандардан тұратын топтың жұмысын, жалпы іс-шараны басынан аяғына дейін бүркемелеуді ұйымдастырдық. Мұндай тапсырманы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғана сенімді түрде орындай алатын еді. Қолдағы ақпараттық дереккөздерін қолдана отырып, ядролық материалдар сақталатын Үлбі металлургия зауытының ұжымына кәсіпорын өндірісін зерттеу үшін МАГАТЭ тарапынан комиссияның келгендігі туралы мәліметті хабарладық. Осылай түсіндіргеніміз шындыққа сай болып шықты, ешқандай ақпараттың жариялануына жол берілмеді», - дейді Сұлтан Әдиқожаев.

ӘЙЕЛДЕР ЖӘНЕ ЖЫЛДАМ АЯҚТАЛҒАН ЖҰМЫС

Посткеңестік кеңістіктегі тұрақсыз жағдай америкалықтарды шынымен мазалаған еді. Олар терроршылардың шабуыл жасау ықтималдығын жоққа шығармады. Жағдайды бақылау бойынша жұмыстардың сенімді екендігін айтып, олар Қазақстан жағын барынша сендіруіне тура келді.

АҚШ мамандары 1994 жылдың сәуірінен тамыз айына дейін жоғары байытылған уранды зерттеп, одан кейін оларды 448 арнайы контейнерге салды.

Жедел бақылауды қамтамасыз ету үшін ядрошы-мамандар ішінен тартылған агенттер жүйесі белсенді түрде қолданылды. Болуы мүмкін терроршылардан қорғанумен қатар, мемлекеттік құпиямызды америкалықтардан сақтау да керек болды: серіктестік пен бейбітшілік бағытындағы мүддеміз ортақ болғанымен – босаңсуға болмайтын еді.

Радиациялық қауіпсіздіктің ұлттық талаптары қатысушы-тараптармен бір мезгілде келісілді, радиациялық материалдарды сақтау және тасымалдау кезінде жоғалту немесе жымқырудың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар атқарылды.

Жүзеге асырылып отырған жобаның радиациялық қауіпсіздік жағынан өте зиянды екендігін ескеріп, ҰҚК органдары тарапынан жоғары байытылған ядролық материалдардың сақталуы мен бақылауын қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылды.

Барлығы жоспар бойынша жүріп жатты.

Тек 16 қарашада, ауа райының қолайсыздығына байланысты америкалық ұшақтардың Түркиядан ұша алмай қалғаны операцияны кідіртті. Арада бірнеше күн өткенде олар да жетті. Ауа райының қолайсыздығы мен көктайғаққа қарамастан маңызды жүк түнделетіп Өскемен әуежайына жеткізілді.

Сұлтан Әдиқожаев былайша еске алады:

«Вебер екеуміз бір машинада келе жаттық. Жүктің жауапкершілігі оған да әсер еткені байқалып тұрды, толқып отырғаны сезілді.Біздің команда тамаша жұмыс істеді, жүк ешқандай тосын оқиғасыз жеткізілді. Келісімге сәйкес контейнерлерді ұшақ бортына америкалық сарбаздар тасыды, олардың арасында әйелдер де байқалды. Барлығы есептілікпен атқарылғаны сонша, жұмыс жылдам аяқталды».

Дегенмен, ұшақ Қазақстанның әуе шекарасынан өтті деген хабар келгенде ғана Комитет қызметкерлері еркін демалды: тарих үшін теңдесі жоқ «Сапфир» арнайы операциясы осылайша ойдағыдай аяқталды.

Қазақстан осылайша батыл қадам жасап, әлемдік аренада жас мемлекет болғанымен, өзіндік шешім қабылдай алатын ерік-жігері бар мемлекет ретінде танылды. Ядролық қарудың таралуына қарсы күреске қосқан үлесі үшін еліміз сол 90-шы жылдары айрықша маңызды экономикалық және гуманитарлық көмекпен қатар қауіпсіздігіне кепілдік алды.

Екі елдің арнаулы қызметтері де ұтылған жоқ – алға қарай, өзара сенімді нығайтуға батыл қадам жасалды. Кейінгі жылдары америкалықтармен бірлескен операциялар өткізу дәстүрге айналды. Бірақ олардың бастауында әрқашан да сәтті өткізілген «Сапфир» операциясы тұратындығы анық.

 

Пікірлер