«Tary» барда бәрі бар. Чикагода қазақы дәмхана ашылды

6430
Adyrna.kz Telegram

Американың Чикаго қаласында қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынатын «Tary» дәмханасы өз жұмысын бастады. «Адырна» тілшісі оны ашушылардың бірі Сымбат Жарқынқызымен тілдесіп, аз-кем әңгіме құрды.

«БИЗНЕС АШУ ҚИЫН ЕМЕС»

- АҚШ-қа жоғары оқу орнынан кейінгі білімімді жалғастыру үшін келген болатынмын. Магистратурада digital marketing мамандығын оқыдым.  Қазіргі таңда Чикагода тұрып жатқаныма 3 жылдың жүзі болды. Осы қалада ұлттық нақыштағы қазақ дәмханасын ашу идеясы 1 жыл бұрын келді. Қазақстанға барғанымда нутрицологым бару керек тамақтану орындарының тізімін берген еді. Олардың арасында «Tary» этно-кофеханасы да болды. Сол кезден бастап жаңа кәсіп туралы ойлана бастадым. Кейіннен «Tary»-ның франшизасын сатып алуға болатынын естіп, бірден іске кірестік. Шыны керек, бұл салада бұрын жұмыс істемедім. Алайда инвестиция болса, бизнес ашу қиын емес екеніне көзім жетті, - деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

Сымбат Жарқынқызының айтуынша, АҚШ-та бәсеке жоғары.

- Әрине, Қазақстанмен салыстырғанда бұл жақта бәсеке әлдеқайда жоғары. Десе де, біздің жобамыз басқалардан ерекше жасалған деп айта аламын. Жұмысты бастамас бұрын нақты жоспар құрдық. «Америкаға қалай алып келеміз?», «Бұл жобамен қандай жетістіктерге жеткіміз келеді?» деген сынды сұрақтарға жауап іздедік. Ал дәмхананы ашу барысында локацияға мән бердік. Чикагодағы «Tary» даунтаунның ортасында, яғни офистер мен тұрғын үй кешендері көп ауданда орналасқан. Қазір бізге америкалықтар жиі келеді. Біздің басты мақсатымыз — шетелдіктерге салт-дәстүрімізді, ұлттық асханамызды таныстыру. Қазір бұл ойымыз ақырындап орындалып жатыр, -дейді ол.

«МӘЗІРДІҢ 70 ПАЙЫЗЫ ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ТАҒАМЫ»

Жас кәсіпкер дәмхана бизнесінің дамуына шетелдегі қазақтардың да көп септігін тигізгендерін атап өтті.

- Бізді, ең алдымен, АҚШ-тағы қазақтар ерекше қолдады. Ашылуымызға басқа штаттардан да келгендер болды. Олар елдің тамағын сағынғандарын айтады. Қазіргі таңда отандастырымыз өздерінің әріптестерін, достарын бізге жиі алып келеді. Бұл да бір үлкен көмек, - деп сөзін толықтырды Сымбат.

- Қазіргі таңда мәзіріміздің 70 пайызын қазақтың ұлттық тағамдары құрайды. Олардың арасында қуырдақ, быламық, майсөк бар. Ал қалған бөлігі америкалықтарға белгілі астан тұрады. Алдағы уақытта мәзірді кеңейтетін боламыз, - деп түсіндірді Чикаго қаласында қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынатын «Tary» дәмханасын ашқан Сымбат Жарқынқызы. 

Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер