Түркітанушы Едіге Тұрсыновтың туғанына – 80 жыл

3075
Adyrna.kz Telegram

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, этнограф, түркітанушы Едіге Тұрсыновтың туғанына 80 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. «Едіге Тұрсыновтың ғылыми мұрасы қазіргі гуманитарлық ғылымдардың әдіснамалық контексінде» деген атаумен ұйымдастырылған шараға отандық және шетелдік филолог-ғалымдар, оқытушы-профессорлар мен студент жастар қатысты.

Алқалы жиында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың конференция қатысушыларына арналған құттықтау хаты оқылды. «Ғалымның «Қазақтың тұрмыстық ертегілерінің генезисі», «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері» сынды іргелі зерттеулері Қазақстанда ғана емес, шетелде де мойындалып, үлкен сұранысқа ие болды. Бұл еңбектерінде қазақ ғалымы алғаш рет Сібір және түркі-моңғол халықтарының мыңжылдық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, эпостары мен ауыз әдебиетін, тілін, музыкасын жаңа ғылыми ұстанымдар тұрғысынан зерттеді», – делінді құттықтау хатта. 


Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығының директоры Алмасбек Мәуленов өз сөзінде Едіге Дәріғұлұлының түркі-моңғол фольклоры, эпостану, мифология және этнографияны зерттеуге баға жетпес үлес қосқанын жеткізді. Ғалымның ғылыми-әдістемелік қағидаттары бүгінде түркі-моңғол фольклортануы, музыкатану, этнопсихология, этнография және эпостану сияқты бірқатар гуманитарлық ғылымдарды зерттеуде кеңінен қолданылатынын алға тартты.

Сондай-ақ жиында көрнекті жазушы, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры Шәкір Ыбыраев, Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жылдыз Орозобекова және өзге де құрметті қонақтар сөз сөйлеп, ғалымның өмір және еңбек жолына тоқталды.

Пленарлық жиыннан соң конференция секциялық отырыстарға жалғасты. Онда Едіге Тұрсынов еңбектерінің ұлттық және әлемдік ғылыми кеңістіктегі тарихи-мәдени маңызы, ғалымның кешенді-концентристік көзқарасы және қазіргі ғылыми гуманитарлық білімді зерттеудегі әдіснамалық мәселелер сараланды. Сондай-ақ қазіргі білім беру процесі: цифрландыру жағдайында ғалымның жетістіктерін мектеп және университет біліміне енгізу және білім беру мазмұнын жаңарту мәселелері талқыланды.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер