Түбі бір түрік дүниесі

1143
Adyrna.kz Telegram
Фото: Жеке мұрағаттан
Фото: Жеке мұрағаттан

Солтүстік Кипр әскери іс-қимылының өткеніне биыл 50 жыл толып отыр. (1974 жылы Түркия қарулы күштері Кипрде әскери операция бастаған болатын). Осы бір тарихи оқиғаның куәгері Қадыс Залың Иманбайұлымен 2014 жылдың күзінде Аустрия астанасы Вена қаласында таныстым. Бұл таныстық туралы “Вена қазақтарының қара шаңырағы” деген мақалада жаздым (толық нұсқасын интернеттен оқи аласыздар).

Арада қанша жылдар өтсе де арамыздағы аға-інілік сыйластық әлі жалғасып келеді. Биыл көктемде ол кісі жұбайы екеуі Алматыға келіп біздің үйде қонақ болып кетті. Жазда жұмыс бабымен Түркия Республикасында болдым. Міне, сол тұста Қадыс ағамен емен жарқын әңгімелестім. Стамбулдың қайнаған ортасының бірі  саналатын Зәйтүнбурны ауданында ол кісінің қадірлі қонағы болдым. Бір қызығы, сол жердегі асхана, шайхана, киім кешек дүкендердің барлығы ол кісіні өте жақсы сыйлап “газы” (бізше “қазы”) деп атайды екен. Қазақта: “Өлсең шәһид, тірі болсаң қазы” деген сөздерді тарихи романдардан оқып өскенбіз, сондықтан, газы сөзінің астарын бірден түсіне қойдым да:

-Аға, түрік жігіттерінің Сізге деген құрметінің жоғары екенін көріп отырмын. Сізді «газы» деп атайды екен. Сіз қай соғысқа қатысып едіңіз,- дедім. Қадыс аға темекісінің түтінін кеңістікке үрлей отырып, қарсымыздағы биік ғимараттың төбесіне көз тікті де аз күрсінді де:

- Қастер інім, оқыған жансың ғой, жер бетінде адам пайда болғалы, соғыс өрті толастаған күн бар ма? Тарих беттерін парақтап отырсаң адамзаттың тарихын бейне соғыстар жазды ма? деп қаласың. Бүкіл тарих маған соғыспен басталып, соғыспен аяқтаған секілді көрінеді. Ол аз-кем үнсіз қалды. Мен де асықтырып сұрақ қоймадым. Өткен күндерін көз алдына әкеліп, еске алып, саралап отырғанын іштей түсініп отырмын. Ол әңгімесін сабақтады:

-Кипр Бейбітшілік Операциясы басталған сол жылы әскери борышымды өтеп жүрген жас едім. Өзім қатарлы он шақты қазақ жігіттерімен бірге майдан даласына аттанып кете бердік. Мен әуе-десанты қатарында тулаған Жерорта теңізінің үстіне түстім. Сол жерден соғыстың қызыл өртінің ішінен бірақ шықтық қой.....

-Сонда Сіз солтүстік Кипр Түрік Республикасының дербестік алуының алғашқы кезеңіндегі соғысқа қатысқан болдыңыз ғой, солай ма?

-Иә, солай.

-Соғыста қанша уақыт болдыңыз?

-Соғыс аяқталғанша. Соғыстан Алланың әмірімен аман қалдым. Ерлігім үшін Түрік Республикасы маған және мен секілді азаматтарға“Кипр Бейбітшілік Операциясының” ардагері атағын берді.

-Солай деңіз, бәсе, азаматтардың Сізге деген құрмет қошаметінің жоғары екенін алғашқы күні-ақ сезіп едім. Түрік Республикасы “Кипр Бейбітшілік Операциясының” ардагеріне  қандай жеңілдік пен сый-құрмет жасайды?

- Құрметі жақсы, зейнетақым жоғары, ұшақ және басқа транспорт түрлерінде тегін жүре аламын. Одан өзге де жеңілдіктері бар. Осы аудан әкімшілігі қандай бір ісшара өткізсе, қалдырмай шақырып, сый-құрметін аямайды. “Жаман жегенін айтады, жақсы көргенін айтады” дегендей тек, “жегенімді” ғана емес, көрген, көңілге түйген дүниені де айтайын, ұрпаққа керегі сол ғой, бұл өмірде.

Қадыс аға осыны айтып отырғанда, даяшы жігіт келіп шайымызды жаңалап кетті. Біздің отырған жеріміз асхананың іші емес, көшенің ортасындағы саяжол бойындағы ұзын арқалы орындық. Алдымыздағы бір кісілік орындық үстіндегі мөлдір қоңыр түсті түрік шайы өзінің шытқыл исімен мұрын жарады. Шайдың тұнық бірақ қою қоңыр түсі Қадыс ағаның дәл осы шақтағы көңіл күйі секілді. Риясыз, бірақ, астырында өткен күннің мұңлы салқыны жатқандай. Ол ыстық шайдан байыппен бір ұрттап алды да, әңгімесін сабақтай берді:

-Түркі халқының қай қайсы да жауынгер, нағыз ер мінезді халық қой. Әсіресе қиыр жайдап, шет қонған халықта жауынгерлік рух тым үстем болады екен. Атамекеннен алыс кету елді де, ерді де шыңдай түсетінін тарихтың өзі дәлелдеп келеді. Түркілер Алтайдағы ата қоныстан ауып, Еуропаның ортасына келіп, жаңадан қоныс тепкенде айналасындағы азуын айға білеген жергілікті жұрт оларды құшақ жая қарсы алмағаны белгілі, міне, сонда ауызбіршілігі мен ыстық қайраттың, қажымас жігер мен асқан ерліктің арқасында ортадан ойып отырып орын алған жоқ па?! Сол дәстүр әлі жалғасын тауып келеді. Кезінде біздің ата-аналарымыз тілін, дінін, ұрпағын аман сақтап қалу үшін, еркіндікті ту етіп, Өр Алтайдан ауып, Гималайды асып, Тибетті басып атысқанмен атысып, шабысқанмен шабысып, әбден азып-тозып, Үндістанға одан Пәкістанға жеткен екен. Сол бостандық көшіне Алтайлан атқа қонған халықтың нақты санын айту қиын, шамамен 18-48 мың арасында болған дейді. Солардың ішінде Түрік жеріне табаны тигені небәрі 1850 адам екен. Міне, сол жұтылған жұрттың жұрнағын 1951-1952 жылдары осында  алдырып, басымызға үй, бауырымызға қазан асып берген, ел ретінде аман сақтап қалған осы түрік өкіметі мен халқы. Бұлар болмаса біз қай елдің қай бұрышында қалар едік білмеймін.

Қадыс аға осыны айтып, аз-кем үнсіз қалды. Көзілдірігін алып, қайратты қолдарымен әйнегін сүрткендей болды.

- Дұрыс айтасыз, Түркияға жеткен қазақ көші қазақ тарихындағы ең үлкен әрі ұзақ сапарды басынан кешкен, қайғысы қалың, қаралы көш болды. Ол туралы Батыстың ғалымдарынан бөлек, түрік және қазақ ғалымдары да көп жазды. Өзімнің зерттеу салам болғандықтан, қазақ диаспорасы туралы мен де азды-көпті зерттеу жасадым. Дүниенің 40 тан асқан елінде тағдыр тауқыметімен шашырап кеткен бес миллионнан астам қазақ бар. Бәрінің тағдыры жан-дүниеңді тербетеді.

- Мың өліп, мың тірілген халықпыз ғой, алдағы күніміз шуақты боларына сенемін.

-Айтқаныңыз келсін аға! Осыдан он шақты жыл бұрын өзім істейтін Абай атындағы ҚазҰПУ-нің география факультетіне үш түрік жасы оқуға түсті. Үшеуі де қазақ не орыс тілін білмейді. Менің тобыма қабылданды. Мен оларды жақын тартып, барынша көмек қолымды создым. Өзіміздің жастарға Сіз айтқан қаралы көштің тарихын баяндап бердім. Тұтас аудитория көздеріне жас алып тыңдады. Содан кейін әлгі үш студентке деген біздің жастардың құрметі артты.

-Қазақ – дана халық қой, «өз өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер»-дейді. Біз өзге біреуді емес, өзімізді, өзіміздің түркі халықтарын бағалай білгеніміз жөн. Біз бауырларымызды сыйласақ, олар бізді құрмет тұтады.

-Аға, дұрыс айтасыз, түрік бауырлардың қазақ халқына ілтипаты жақсы екен. Өздерін аға орнында ұстап, Орталық Азия түрік халықтарына біртүрлі бауырмалдықпен қарайтын секілді.

- Дұрыс бағамдаған екенсің. Қазір күллі түрік дүниесіне ауызбіршілік пен жанкүйерлік керек. Мынау алмағайып геосаяси жағдайда, Қазақстан және өзге де түркі республикаларының тәуелсіздігін алғаннан көрі, сақтауы қиын болары анық. Сондықтан, түркі дүниесінің бірлесуі біз үшін ауадай қажет болса, енді біреулерге ол сондай қауіпті. Бірақ, біз бәрі-бір біргеміз. Ол әңгімесін осы арада ақырластырды да, көкжиекке көз тігіп үнсіз қалды. Мен қарт майдангердің жанарынан үміт пен сенімнің нәзік те, сұлу сәулесін көріп үлгердім.

Бұл эссе: ЖТН AP19679663 «Орта Азияның қазіргі геосаяси кеңістігіндегі мүдделер ықпалдастығы: Экономикалық интеграция және ұлттық қауіпсіздік факторлары» тақырыбындағы гранттық қаржыландыру  жобасының қолдауымен  жазылды.

Қастер Сарқытқан,

Абай университетінің профессоры, шығыстанушы

 

Пікірлер