"Барлығы жалтырап тұр": Қызылшекарадағы мектеп дәретханасы тексеріс үшін ғана ашылған

3483
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қызылшекара ауылындағы мектептің оқушылары әжетін өтеп, дәретханаға бара алмай жүр. Аулада орналасқан дәретхананың күркеден еш айырмашылығы жоқ. "Адырна" апараттық порталына оқырмандардан шағым-хат келіп түсті. Жолданған деректерде Қытаймен шекаралас ауылдағы мектептің сын көтермес сипаты сөз болады. 

Видеода Қызылшекара ауылындағы мектеп нысанаға алынған. Нәтижесінде, мектептің жоғарғы қабатындағы дәретхана тек тексеріс үшін, "есеп беру" үшін ашылатыны әшкереленеді. Қолына бейнекамера ұстаған оқырман үшінші қабаттағы дәретханаға көтерілгенше қызметкер оқушылар үшін құлпы бұзылмайтын бөлмені әп-cәтте аша қояды. Автор кілттің сылдырлаған дыбысын  естиді.

- Бәрі тап-таза. Ешкім қолданбайды. Балаларды мына жерге кіргізбейді. Кім үшін, не үшін салынды? Түсініксіз... Айғақ ретінде қоқыс шелектерін көрсетейін. Бәрі жарқырап тұр. Жап-жаңа. Тексеріс келгенде ашу үшін, жалаң есеп беру үшін жауып қойған, - дейді оқырман.

Сонымен қатар, бейне-деректе мектеп ауласындағы жоғарғы сынып оқушыларына арналған дәретханалар да көрсетіледі. Олардың да тозығы жетіп, құлауға шақ қалған.

Жалпы, Қазақстанның көптеген елді-мекендерінде тазалық бөлмелерін жасақтау, жинақы ұстау және салу мәселесі оқтын-оқтын "төбе көрсетіп" отырады. Бұдан бұрын "Адырна" ұлттық порталы Торғайдағы қымбат бағаға салынған арзан дәретхана жайлы да жазған еді.

2021 жылғы деректер елімізде 800-ден астам мектепте аула дәретханасының сын көтермей тұрғанын көрсетеді.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер