Әке арманын асқақтатқан қос ұл

19041
Adyrna.kz Telegram

Отанды қорғау, сүю – отбасынан басталады және әрбір азаматтың қасиетті парызы. Қазіргі таңда әскери қызметті міндеті деп білетін, Отанын қорғауды армандайтын жастардың қатары аз емес. Бірақта, осы жолда батыл қадам жасап, арманы жолында қиыншылықтардан қаймықпағандар ғана нағыз ел қорғаны болып жүр.

Әскери өмірді ер балаға түсіндіріп, осы міндетке баулып, қайрап өсіруде әкенің орны ерекше. Халқымыздың «Әке – асқар тау» деп айтуы да сол әкенің отбасындағы орны мен құрметіне орай болса керек. Әке ісін жалғастырып, айтқандарын құрметтеп орындау бала үшін парыз. Әке арманын асқақтатып, орындай алмаған істерін жалғастырушы азаматтар ретінде егіз лейтенант Аман мен Есен Бисембайлар туралы айтуға болады.

Аман мен Есен Ақтөбе қаласында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. Аналары есепші мамандығы бойынша жұмыс жасап келеді. Әкелері Сабыржан өз уақытында Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына оқуға түсуге бағын сынап, белгілі себептермен түсе алмаған. Әскери ұшқыш болуды басты мақсат еткен Сабыржан 2012 жылы сырқаттанып дүниеден өтті. Әке арманын жүзеге асыруға бел буған егіздер мектеп қабырғасын тәмәмдаған соң Кеңес одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына оқуға түсуге шешім қабылдайды.

Аталған институтқа түсу ережелеріне сай тексерістерден, оқу пәндері мен дене шынықтыру дайындығы сынақтарынан жақсы нәтиже көрсеткен егіздер 2017 жылы Ақтөбе қаласындағы аталған әскери институтына оқуға қабылданады. Бала кезден спортқа әуес Аман мен Есен әскери өмірдің алғашқы баспалдағы болып саналатын институт қабырғасында командирлер мен сержанттардың тапсырмаларын жоғары нәтижеде орындап, бірнеше рет басшылық тарапынан алғыстарға ие болды. Спорттың футбол түрін жандарына серік еткен олар бірнеше сайыстарда топ жарды.

2021 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, «лейтенант» шенін алған жас ұшқыш Ақтау гарнизонындағы 30153 әскери бөлімінде қызметтерін жалғастыруда.

Лейтенант Аман Бисембай осы бөлімде техникалық пайдалану бөлімінің ұшақты регламенттеу және жөндеу тобының авиациялық аға технигі болса, ал лейтенант Есен Бисембай техникалық пайдалану бөлімінің авиациялық қозғалтқыштарды регламенттеу және жөндеу тобының авиациялық аға технигі.

Антына адал, сертіне берік, әке арманын орындай білген Аман мен Есен еліміздегі болашақ Отан қорғаушы жастарымызға үлгі болары анық.

Мұхит Қонаров
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, 
лейтенант

Пікірлер