Қонаевтың тұсында қазақ өз тілінен айырылып, таза мәңгүрт болуға шақ қалды - Ерлан Төлеутай

25619
Adyrna.kz Telegram

"Қонаевтың тұсында қазақ өз тілінен айырылып, таза мәңгүрт болуға шақ қалды. Қонаев негізін салған сол орыстандыру саясаты бұл күнде "өз жемісін" беруде". Бұл пікірді  белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай өзінің фейсбук парақшасында мәлімдеді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Қаңтар айының 12-ші жұлдызында Қонаевтың туғанына 111 жыл толды. Келесі күні яғни қаңтардың 13-і күні "Тұңғыш Президент" туралы заңңың күші жойылды. Мұнан бір оң нышан көруге болады. Енді осы жөнінде кеңірек тарқатып көрелік. 1960 жылы Кремльдің ұйғарымымен билікке келген Қонаевтың Қазақстанды ширек ғасыр уақыт басқарғаны белгілі. Төтесінен айтсақ, Қонаевтың тұсында қазақ халқы қор ұлтқа айналды. Әуелі қазақтың ұланғайыр даласы әскери өндіріс үшін деген желеумен ядролық сынақ алаңдарына берілді. Мәскеудің бұл шешімі Қазақстан билігі тарапынан еш қарсылықсыз жүзеге асырылумен болды. Бұған жалғыз өзі қарсы қарсы шығып, ядролық полигондардың адамзатқа тигізер өлшеусіз зардабы туралы сегіз том ғылыми еңбек жазған Атшабаров атты жанкешті ғалымның үнін мұндағылар Мәскеудің пәрменімен шықпастай қылып өшірді. Атшабаровтың әлемдік ғылымда теңдесі жоқ 8 том бұл еңбегі КГБ тарапынанан тәркіленіп, көзі жойылды. Осылайша Семей, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында 40 жыл бойы ядролық һәм бактериялогиялық қарулардың алуан түрі сыналып жатты. Бұл қазаққа жасалған ұлы этноцид еді. Себебі ядролық қарулардың топырақ бетіне, жер асты суларына сіңген улы сәулелерінің зиян-зардабы үш мың жыл бойы (ақырдың күніне дейін) жойылмақ емес. Осының салдарынан бұл күнде қазақ халқы әлемдегі ең дертті ұлтқа айналып отыр және келешекте елімізде улы радиация салдарынан болатын түрлі аурулар: рақ, жүрек, қан тамырлары т.б. кеселдер күшейе түспек. Бұл менің емес, осы саланы зерттеуші ғалымдардың ұзақ жылғы зерттеулерден кейінгі ғылыми тұжырымдары. Бұл тұрғыдан қазаққа алапат апат жақындап келе жатыр. Ғалымдардың пікірінше, келешекте радиация сәулелерінен болатын түрлі аурулар геометриялық прогреспен өспек",- дейді Ерлан Төлеутай.

Алайда мұның алдын алуда мемлекет тарапынан ешқандай сауықтыру шаралары жасалмауда.

"Екінші бір ұлы трагедия – Қонаевтың тұсында қазақ өз тілінен айырылып, таза мәңгүрт болуға шақ қалды. Ол басқарған жылдары елімізде мыңға жуық, (кей деректерде мың жарымнан астам) қазақ мектебі жабылды. Мен Қонаев заманын көрген адаммын, бала кезімде үш орыс отбасы бар біздің ауылда жоғарыдан келген бұйрық бойынша орыс мектебін ашпақшы болды. Бірақ сол кездің есті қарттары бұл солақай шешімге тосқауыл қойғаны – бала болсам да еміс-еміс есімде. Ал Алматы сияқты астанамызда, басқа да облыс орталықтарында жалғыз-жалғыздан қазақ мектебінің болғанын бұл күнде ешкім жоққа шығара алмас. Оның өзінде ол мектеп-интернаттарда малшылардың балалары оқитын. Малшылардың балалары демекші, Қонаев тұсында қазақ халқы тек мал бағатын төмен ұлтқа айналды. Естеріңізде болса, жетпісінші жылдары "Қой санын елу миллионға жеткізейік!" деген жалаң ұран көтерілді. Сол-ақ екен, мектеп бітірген қазақтың өрімдей қыз-жігіттерінен мал бағатын комсомол жастар бригадалары зор қарқынмен құрыла бастады. Жастар, ауылда қалып, мал бағыңдар деген үгіт-насихат жұмыстары қызу жүргізілді. "Нәтижесінде" оқимын, ғалым, ұстаз, инженер, дәрігер боламын деген талай жастардың асқаралы армандары қанатынан қырқылды. Небір сәулелі жігіттер, көздері мөлдіреген арулар қой мен сиыр соңына салынды. Бейнелеп айтқанда айдалаға "шошақтың шөліне" апарылып тасталған әлі оңы-солын танып үлгермеген бағыт-бағдарсыз қалған балаң жастар ішкілікке салынды, көптеген қазақ қыздары сол мал бригадалардында жүріп, аяғы ауыр болып қалып, дүниеге некесіз бала әкеліп жатты. Мұның шын мәнінде ұлттың азғындауының басы болғаны бұл күнде Қонаевты жақтаушылардың қаперіне кірер емес.  Бұл кезде Қонаев Мәскеуге "Мен Алматыдағы жергілікті ұлтты 16 пайыздан асырмаудамын" деген сыңайда жарымсақтана ақпар беріп жатты. Негізі Кремль ел астанасында қазақтың саны 20 пайыздан аспасын деген жабық пәрмендер берген көрінеді. Айғағындай Алматы сол кезде өзге ұлттардың сүйікті қаласына айналды. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың: "Алматы қазақтың астанасы, ұйғырдың асханасы, орыстың баспанасы", – деген әжуалы сөзінің тарағаны осы кез", - дейді өнертанушы.

Оның айтуынша, Қонаев негізін салған сол орыстандыру саясаты бұл күнде "өз жемісін" беруде.

"Тоқсаныншы жылдары Қонаевқа адал қызмет еткен партноменкулатураның бірсыпырасы енді Назарбаевқа түрлі жолдармен "ант беріп" өздерінің билігін сақтап қалды кейін жасы келіп биліктен кете бастаған кезде олар өздерінің бір ауыз қазақша білмейтін балаларын биліктің түрлі салаларына әкелумен болды. Мұның ең сұмдығы – бұл балалардың әкелері белгілі деңгейде ана тілін білуші еді, ал бұлардың Алматының кілең орыс мектептерін бітірген қазақ тілінен әрі ұлтттық құндылықтар мен қазақы дүниетанымнан мақұрым ұл-қыздары ешқандай ұлттық арман-мұратсыз, мемлекеттік жауапкершіліксіз түрлі лауызымды қызметтерге арсыздықпен қонжия бастады. Шындығында олардың әкелері мұратсыз еді, сол ұлттық армансыздық, мемлекеттік мұратсыздық ковид індеті сияқты бұлардың балаларына да жұқты. Ұлтымыздың отыз жылғы трагедиясына айналған әкелі-балалардың бұл мұратсыздығы бұл күнде қазақтың ең ауыр дертіне айналды. Өз кезегінде бұл әкелі-балалы "сұмжүректер" осы уақытқа дейін қазақ тілінің шын мәніңде мемлекеттік тілге айналуына тұрақты түрде, табандылықпен лобби жасап келеді. Мұратсыз өскен олардың мұратсыз мақсаты – қазақ халқын өз ана тілінде сөйлетпеу, егер қазақ өз тілінде сөйлеп кетсе, өздерінің бір-ақ күнде қызметсіз қалатынын біледі әрі бұл міскіндер өз "келешегін" ойлаудың асқан шебері десе де болады. Олардың бір мақсаты – өз балалары мен немерелерінің қамы яғни отбасылық әрі кетсе рулық санадан аса алмай қалған кембағал жандар. Себебі сол мұратсыз әкелердің немерелері мен шөберелері бұл күнде де топырлап билікке келуде. Көздегені – билік баспалдақтарымен карьера жасау болып табылатын және осы тұрғыда түрлі қитұрқы жолдармен жоғары лауазымдарды иеленіп алған орыс тілді шенеуніктер енді өз балаларының қамдарын жасауда. Бұл бүгінгі "Жаңа Қазақстан" тұсында да айқын аңғарылады. Осынау келеңсіз үрдістің қай уақытқа дейін созылары белгісіз. Егер бұлай бола берсе – Қазақстанды құрдым күтіп тұр дей беріңіз. Назарбаев кезеңінен басталған бұл қауіпті құрдым қазір тіпті зор қарқын алуда. Себебі мемлекеттің, ұлттың ең басты байлығы – талантты һәм білімді алғыр ойлы жастар шетел асуда. Бұл үрдіс жыл сайын қарқын ала түсуде. Елімізде бұл келеңсіз үрдістің алдын алуда ешқандай мемлекеттік шаралар жасалмауда. Жасалса да мұның барлығы тек көзбояушылық болып қалуда", - дейді Ерлан Төлеутай.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер