Ағалардың асылы

3668
Adyrna.kz Telegram

Қоғам қайраткері, өлкетанушы, металлург Төлеген Бүкіров мерейлі 70 жасқа толып отыр. Киелі де қастерлі Ұлытау өлкесінде туған Төлеген ағамыздың мерейтойына арналған құттықтаулар легі мен өлең жолдарын назарларыңызға ұсынамыз.  

 

Құрметті Төлеген Нұрмағанбетұлы!

Мерейлі биігіңіз құтты болсын! Бұл күнге Сіз талай жылдар бойы ел қамы үшін жасаған еңбегіңіздің сауабын жинап, абыройлы қызметіңіздің жемісін, үрім – бұтақтың қызығын көріп жетіп тұрсыз. Біз Сізді жас кезімізден қоғамның ісіне белсене араласып, ұлттың тағдырына бейжай қара алмайтын тұлға ретінде танып келеміз. Сонау сексенінші жылдардың соңынан бастап Жезқазған жұртшылығын аймақтың, елдің өзекті мәселелеріне жұмылдырып, көптеген игі бастамалардың басы-қасында жүрсіз.
Бүгінгі күні Сіз ел ағасы ретінде тамырын тереңнен алатын тарихымызбен бүгінгі жетістіктерді байланыстыратын істердің көшбасшысы болып, өзіңіздің осы жасқа дейін жинаған бедел, абыройыңызды ел игілігіне жұмсаудың тағы бір қырын көрсетіп жүрсіз. Құрметті Төке! Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, бақ пен бақыт тілеймін.

Ізгі ниетпен,
бауырыңыз Әлихан Байменов

 

ОСМИЙ-АҒА

Бұл өлеңді қайраткер ағамыз Төлеген Бүкіровтің 70 жасқа толған тойына арнаймын.

Өшкен болар ол жылдар ел есінен,
Білетіндер кетті ғой кемесімен.
...Бір нәрсе іздеп жүргенсіз зауыттағы
Газ жүретін құбырдың өңешінен.

Көңіліңді сендіріп жүргенде үміт,
Ертеңіңе шақырды бір белгі нық.
«Тамам жұртты таң қылар» демеді ешкім
Газ құбырын тазалап жүрген жігіт.

Алдамады арманың ақ қанатты,
Тарих өзі жазды, аға, тақтаға атты.
Талмай жүріп Сіз тапқан әлгі осмий
Жезқазғанға жер жұртын жалт қаратты.

Осмий боп жарқ етті атағыңыз,
Жаңалыққа қол соқты қатарыңыз.
Осы күйден айырмай келеді әлі
Осмийден басталған сапарыңыз.

Содан бері тыншуды білмедіңіз,
Ұлт дедіңіз ұран сап, тіл дедіңіз.
Олжа екенін, ағасы, білесіз бе
Ортамызда таудай боп жүргеніңіз.

Байлығыңыз - орман, тау, жер мен көлің,
Пайда табу жат саған елден тегін.
Көкірегіңде - қобызы Кетбұқаның,
Санаңызда - тағдыры кенді өлкенің.

Патшалығын жасады саған Арың,
Сол Арыңды барым деп бағаладың.
Түн ұйқыңды төрт бөлген шығар талай
«Төрт босаға» атанған бабаларың.

Өміріңнен көреміз ерлік ізді,
Сол ізбенен бастай бер енді бізді.
Жүз жылдан соң қойса екен ұрпағыңыз
Осмийден жасатып белгіңізді.

Кейітсе өмір, кеткенде безеріп өң,
Жанымызды жазамыз сөз емімен.
Біз де, ағасы, әлдене іздеп жүрміз
Өмір дейтін құбырдың өзегінен.

Уақыттың өзгеше күйі мүлде,
Сол өрлік тұр ұстаным-түйініңде.
Төрт бабаңдай төрелік жаса, ағасы,
Жетпіс жастың тұрып ап биігінде.

Інілік ізгі тілекпен
Ғазиз Ештанаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

Ағалардың асылы!

(Елдің Құрметті азаматы, өлкетанушы, техника ғылымдарының кандидаты,өнер жанашыры Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіровтың 70 жылдық мерейтойына жыр шашу)

1.Сөзден көрмеген іркіліп,
Айтпайды әсте күпірлік.
Құрметіне елдің бөленген,
Төлеген аға Бүкіров.

2.Қанында бар тектілік,
Жаратқан ием епті ғып.
Туған жердің тағдырына,
Тұрады дәйім шеп құрып.

3.Елін жүрекпен сүйген ер,
Көшбасшы ағамыз сүйенер.
Ардақтыма қарыздар,
Тарихи бұл киелі жер.

4.Тарихты алға сүйреді,
Қызмет етті жүйелі.
Рухын қайта оралтты,
Кетбұқадай билерді.

5. Кезі жоқ білеміз ант бұзған,
Ғылымда да аты озған.
Ұрпақ кәдесіне жарасын,
Көз майын тауысқан қол жазбаң.

6.Әр саланың білгірі,
Ісінде жоқ бір міні.
Туған өлкеге байланған,
Жақсы ағаның кіндігі.

7. Бүгінгі күнгі бек дер ем.
Жаны егіз осы өлкеммен.
Салиқалы ағаның,
Орыны бар тек төрден.

8. Осы беттен бір танбай,
Еңбегін көрген жоқ бұлдап-ай.
Беделді ердің бірісіз,
Мақтайды жұрт көп сырттандай.

9. Қазынасы осы елдің.
Төкеңмен алға мол сенім.
Кемелдік жас құт болсын,
Төлеген ағам дүр менің!

Ізтөлеу БЕКЕНҰЛЫ ТҮСІПОВ
Ақын, ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
«Халық Алғысы» медалінің иегері.

«Адырна» ұлттық порталы Жезқазған сирек металл өндірісінің өркендеуіне үлес қосқан ғалым Төлеген Нұрмағамбетұлын мерейлі жасымен шын жүректен құттықтайды! Отбасыңыз аман, деніңіз сау болсын!

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер