Қазақ тілінің әдеби сипаты

3852
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тілі өз тарихында аса күрделі ахуалды кешуде. Тіліміздің қазіргі ахуалын сараптауды оның әдеби тіл ретіндегі ахуалын қарастырып көрелік. Мәселе - қазақ тілінің әдеби тілге айналу ахуалы жайында болып отыр.

Бүгінгі дәуірде қоғамдық қатынастың басты игілігі болу үшін тілдің әдеби сипатының дамуы - негізгі шарт. Қазақ тілінің әдеби деңгейін анықтау жолында ресейлік академик Ф.П.Филиннің әдеби тілдің сипатын айқындайтын 7 шартын қолдану арқылы қарастырылады. Әрине, одан да басқа өлшемдері мен саймандары бар.

1.Тілдің өңделімі (обработанность языка).

Тіл кез келген этностың ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің дамуы барысындағы лингвистикалық құбылыс. Бұл тараптан алғанда, «қазақ тілі – аграрлық шаруашылыққа тән сипатты, фольклордың ықпалындағы тіл» деген көзқарастың барын жоққа шығаруға да, ол уәжге көз жұмып қарауға да болмайды. Бұған қоса, қазақ лексикасы негізінен ауыл шаруашылығын бейнелеп, көбіне малшылық және ауылдық тұрмыспен шектелетіндігі де қоғамдық уәжге айналған.

Ең бастысы, қазақ тілінің постиндустриалдық қоғам жағдайындағы қолданысқа толық бейімделмегендігі ғылыми нысанға айналмай отыр. Бұл мәселе ғылыми күн тәртібінде байыпты қойылмағандықтан және соған сәйкес шара алынбағандықтан, қазақ тілінің қалалық тұрғындар тіліне айнала алмауы тағы да соған айғақ. Осының нәтижесінде қазақ тілі орыс тілінің ұғымдары мен сөз орамдарын солайымен көшіруге амалсыз бейімделген.
Мемлекеттік тілдің өз қағидаларынан жұрдай болу қатері туындап, өзге тілдің жүйесін негіз етуге мәжбүр. Сондықтан да, қазақ тіліндегі ресми сөз орамдары түсініксіз, жалаң аударманың талабына ғана жауап беретін қасаң мәтін ретіндегі қолданыста. Осыдан барып, қазақ тілінің ресми саласы дамымай, тұтынушыларына керексіз, аудармалық статистика үшін жансыз ресми тіл саласы ретінде қалыптасуда. Бұл, әсіресе, ісжүргізім (делопроизводство) тіліне тән болуда. Кеңес өкіметі тұсында қалыптаса бастаған қазақ тілінің ресми саласы осылайша кері кету үдерісін бастан кешуде.

Аталмыш жағдайды ғылыми саралап, талдап, дұрыс-бұрыстығын жөнге салатын ғылыми-әкімшілік құрылым жоқ. Сайып келгенде, бұл жәйт қазақ тілінің постиндустриалдық тіл ретінде емес, орыс тілінің ресми саласын сіңірместен, жалаң түрдегі жансыз аударма тіл ретінде қалыптасуына итермелеп келді. Сол себепті қазақтілді тұтынушы ресми түрдегі қазақ мәтінін түсіну үшін әуелі оның орыстілді нұсқасын оқуға мәжбүр. Осылайша, ресми стилі дамымаған қазақ лексикасын барған сайын орыс тілінсіз сіңіру мүмкін болмауда.

Қазақ тілінің лексикалық қоры ауылдық және малшылық тұрмыс тарапынан қарағанда аса бай, бірақ оның өңделімі жолға қойылмағандықтан және ресми саладағы айналымы дамымағандықтан, тіл ресми қолданысқа келгенде жұтаң әрі қасаң, икемсіз көрінуде. Бұл – тіл өңделімінің кәзіргі жағдайынан хабар беретін көрініс.
Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алғалы оны ғылыми тұрғыдан постиндустриалдық қоғам жағдайында дамыту мәселесі ашық қалып келді. Бұл мақсатта не бағдарлама, не іргелі жоба немесе дербес ғылыми зерттеу жұмыстары қаншалықты – ол өз алдына бөлек тақырып.

2. Тіл қағидасының қалпы (нормированность языка).

Қазақ тілі бүгінде бұрын қалыптасқан ережені тәрк ету үдерісін бастан кешуде. Грамматикалық ережелер тұрақсыз, дәйексіз, екіұшты және қайшылықты. Кейбір сарапшылардың мойындауынша, ондай көріністі ондаған қателермен есептеуге болады. Ол қателерді түзету мен жөндеу жолдарының жоқтығы – мәселенің тыңғылықты ашылмауынан болар. Алайда, қазақ тілінің бар қатесін бір ғана жазу реформасымен өңдейміз дейтін тұжырымнан әлі нәтиже сірә жоқ.

Өкінішке орай, тілдің қағидасы қаншалықты орындалатындығы жөнінде жүргізілген мониторинг жоқ, тіпті қарапайым түрде жекелеген ғалымдардың соңғы жылдардағы тіл қағидасының орындалуына жасаған сараптамасы да көрінбейді. Бұған себеп - аталмыш саланың мемлекеттік тұрғыдан қолға алынбауы.

Сөйлем құрылымы қазақ тіліне тән емес жүйеге негізделген көріністер дағдыға айналып, қазақ тілінің нормасына кереғар жәйттер қағидаға айналу үстінде. Қазақ тілінің өзіне тән ішкі әлеуетінен туындамаған, өзге тілдің заңдылығына бағынған қағидалар қазақ тілінің жүйесін талқандап, тіл табиғатына қайшы ережелер туындатуда. Осылайша тіл қағидасының тәрк етілуі жазбалық, ауызекілік сала бойынша жаппай көрініс беруде.

3. Тілдің тұрламы (стабильность языка).

Бүгінде қазақ тілінің лексикалық бірліктері біржақты мәнге ие емес, бір сөз алуан мағынаға ие болмаса түрлі сөздер жабылып бір мағына білдіруде. Осыдан барып, тілдің тұрламсыздығы туындап отыр. Қазақы ортада оны тіл байлығының көрінісі деген қасаң ұғыммен қабылдау қалыптасқан. Содан келіп, қаптаған сөздерді нақты ұғым үшін таңдауда қиындық туып, қолдануға келгенде сенімсіздікті қоздыруда. Осыған орай, «қазақ тілінің бүгінгі лексикасы ұғымның сөздік өрнегі ретінде мағына жағынан да, түр жағынан да дөрекі бұрмалауға ұшырап отыр» деушілерге дәйекті дау айту қиын. Бұл да тілдің постиндустриялық сипатта дамымай, әрбір сөздің өзіне тән ұғымға қатысты лексикалық бірлік ретінде қалыптаспай қалғандығынан қордаланған мәселе.
Бұл мәселені шешудің бірден бір жолы болмаса да, бастапқы қадамы ретінде сөздік қорды қамтыған ерекше лексикалық сөздік болмаса бүгінгі заман талабына лайық түсіндірме сөздіктің барынша қолайлы сипатын дүниеге келтіру керек пе?! Әзірге бұл жағына бас қатыру – аз.

4. Тіл стилінің салалануы (дифференциация стиля языка).

Әдебиеттік тіл өзінің ресми стилдік салалары арқылы көрініс табады. Ал, тілдің стилдік дамуы салалық терминдердің қалыптасуына тікелей қатысты. Қазақ тілінің экономика, ісжүргізім, ғылым мен техника салаларына тән әдебиеттік ресми стилдері толық қалыптаспаған. Әлеуметтік-саяси және рухани салаларға бұрынғыша стихиялық сипаттағы қолданыс тән болып қалып отыр. Өмірдің түрлі салалары бойынша ресми сипаты дамымағандығынан, қазақ тілінің қолданымы тұрмыстық деңгеймен шектелуде.

Тілдің салалық терминдері жалаң отаншылдықтың құрбаны болуда. Белгілі бір ғылыми сала бойынша қазақ терминдерін қалыптастыру сол саланың мамандарының емес, кездейсоқ тіл жанашырларының кірісуі арқылы шешімін тапқан. Бұл үдеріс тілдің сөзжасам қабылетін оңды-солды тәрк етуде.
​Қазақ терминдерін қалыптастырып, дамытуға, термин қорын бекітуге арналған Мемлекеттік термин комиссиясы жаңа терминдерді қазақ тілінің теориялық жүйесіне сәйкес орнықтыруға икемсіз, ғылыми сараптамадан өтпеген жасанды да тіл табиғатына жат сөздерді заңдандыруға мәжбүр құрылым болып қалуда. Өйткені, терминком - нақты бекітілген тұжырымдама, критерилер бойынша емес, тіпті, ғылыми кеңестердің терең талқылауынсыз термин бекіту үдерісін қалыптастырып алған, жүйесіз әрі қисынсыз, әрекеті бұлыңғыр құрылым. Сөйтіп, ресми стилдік саланың негізі болып табылатын қазақ тілінің терминологиясы жекелеген көзқарас пен қоғамдық талғажау үдерісінің нәтижесіне айналып отыр.

5. Тілдің әмбебаптығы (универсальность языка).

Қазақ тілінің салалық жағынан дамымау салдары оның әмбебаптық қабылетіне нұқсан келтіруде. Содан барып, тілдің атқарымпаздығы (функционирование) кері кетіп отыр. Осының кесірінен қазақ тілі дербес лингвистикалық жүйе емес, орыс тілінің аударма нұсқасы түрінде қалыптасу үдерісі орнықты. Нәтижесінде мемлекеттік тіл ақпарат өндірудің тіліне айнала алмай отыр, оның үстіне парламент пен үкіметтегі заң шығару және басқару тілі, өндірісті меңгеру тілі бола алмауда.
Мемлекеттік (яғни, ресми) тілдің мәні мемлекеттік міндетті атқаруға арналған үдерістің жұмыс тілі ретінде қалыптаспаған, оның орнын бірыңғай орыс тілі атқарып, ел конституциясының 7-бабының 2-тармағы «Орыс тілі қазақ тілінің орнына мемлекеттік тіл ретінде қолданылады» деген уәж ретінде жүзеге асырылуда. Себебі, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылғанымен, қазақ тілі мемлекетті басқаруға орыс тілімен қатар әрі тең дәрежеде қолданылмай отыр.
Қазақстан егемен болғалы қазақ тілі қоғамдық өмір саласының елуге тарта аясына енгізілу қарастырылмады, ақырында кеңестік кездегі оншақты ғана қолданым аясымен шектелгенімен, кейбір көрсеткіштер бойынша ахуал одан да төмен құлдырады.
Қазақ тілі дипломатиялық ресми тіл ретінде қалыптаспай отыр. Мемлекеттік тіл өзге шетелдік тілдермен орыс тілі арқылы ғана аударма ісжүргізім деңгейінде қамтылған, ал дипломатиялық үдеріс тілі ретінде іске аспауда. Нәтижесінде қазақ тілінің әлемдік тілдермен мемлекеттік тіл ретіндегі делдалсыз (орыс тілінсіз) арақатынасы жоққа тән. Бұған айғақ ретінде қазақ тілінің шет тілдермен тікелей қатысқа шығару тетігі болып табылатын тілмаштық (ілеспе аударма) тұрақты тәжірибе мен оның дипломатиялық тілдік құрылым ретінде қалыптаспағандығын атауға болады.

6. Тілдің қоғамға ортақ міндеттілігі.

Қазақ тілі - әлі күнге қоғамның бар мүшесі үшін білу міндеті жүктелмеген тіл. Бұл талап қоғамның бар мүшесі түгілі мемлекеттік қызметшілер үшін орыс тілімен қатар білу міндеті жүктелмей әрі заңданбай отыр. Мемлекеттік қызметке сыннан өту талабына мемлекеттік тілді енгізу қарастырылмағандықтан, мемлекеттік қызмет аясында қазақ тілінің қарапайым деңгейін былай қойғанда, ауызекі сөзді ұға білудің өзі талапта жоқ. Бұл жағдай мемлекеттік қызметке орыстілділер мен сол тілді меңгерген қазақтілділердің ғана шоғырлануын қалыптастырған. Бірыңғай қазақтілділердің, әсіресе, орталық мемлекеттік органдарда қызмет етуі барған сайын мүмкін болмай қалуда. Нәтижесінде тұмыстық деңгейдегі қатынасты ескермегенде, мемлекеттік қызмет саласы біртілді (орыстілді) ортаға айналып болды.
Арнаулы заңмен анықталмағандықтан, қазақ тілінің конституциялық мәртебесі жөніндегі 7-баптың 1-тармағы декларация түрінде ғана қалып отыр. Бұл жағынан орыс тілінің ресми түрде қолданылуының өзі мемлекеттік мәртебелі тілден анағұрлым жоғары құзыры бар мемлекеттік нышан болып қалыптасқан. Сөйтіп, күн тәртібінде мемлекеттік тілді орыс тілімен қатар немесе сонымен тең дәрежеде қолдану мәселесі ушығуда. Қазақ тілін білудің қоғамға ортақ міндеттілігі жоқтықтан, мемлекеттік тіл отбасы мен тұрмыстық деңгейден аспауда. Бұған қоса, қазақ тілі тұтыну тілі ретінде де қалыптаспаған: дүкендерде, саудажайлар мен мейрамханаларда арнайы тілмаштар болмаса қызмет етушілерден қазақ тілінде қызмет күту қиындай түсуде.

7. Тілдің ауызекі (фольклорлық) және жазбалық үлгілері.

Қазақ тілі – ауызекі де, жазбаша да үлгілері қалыптасқан тіл.
Ал, тілдің ресми стилі аударма саланың нәтижесінде қалып отырғандықтан, дами алмауда. Кәзіргі қазақ тілі негізінен тұрмыстық деңгейдегі қолданыста болғандықтан, бір ізге түспеген өңірлік сипаттағы лексикалық айналым тілдің бұрын қалыптасқан ауызекі және жазбаша ресми стилдерін одан әрі дамытуға кедергі келтіруде. Оның үстіне қазақ тілі дербес ақпарат өндіру тілі емес, аудармалық деңгейден аса алмағандықтан да, ресми стилдің орнығуы күрделі мәселелерді қордаландыра түсуде.
Өңірлік лексикалық айналымның басыңқы көрінісі өңірлік, локалдық фонетиканы тілдің басты заңдылығына айналдырып, оны емлеге де енгізе бастады. Сөйтіп, қазақ тілінің басты заңы саналатын Үндесім қағидасы көрер көзге бұзылуда.
​Кейбір сарапшылардың пікірінше, қазақ тілінің ауызекі және жазбаша ресми стилдері тұрмыстық деңгейден әрі аспауда және ол бақылаусыз, стихиялық даму жолына түсуде, ресми стилдік нормалардан ауытқу дәстүрге айналуда. Ондай ауытқулар мынадай жолдардан көрініс табуда: сөздердің мазмұндық және түрлік тұрламсыздығы; грамматикалық, синтаксистік, орфографиялық, орфоэпиялық қателер; ой білдірудегі жүйесіздік; кірме және қос сөздер мен конфликтогендердің молдығы; жартылай әрі кесінді фразалардың көптігі т.т. Бұл ауытқулар тілдік әдебиеттік нормалардың ресми деңгейдегі қолданысында үрдіске айналып, ресми стилдің орнығуына қарсы бағытталған заңдылық ретінде беки түсуде.
Қазақ тілінің әдеби сипатын дамыту жолындағы ұсыным
Қазақ тіліне тән тоқырау жағдайы қалыптасқан ахуал, оны түзетуге бағытталған төтенше шаралар қабылдауды қажет етеді. Шаралардың тез арада қабылдануын көздей отырып, құзырлы мемлекеттік органдарға қоғамдық орта тарапынан төмендегідей ұсынымдар ұсынылады.
Қазақ тілінің әдебиеттік нормасын нығайту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылдансын. Бұл бағдарлама мына бағыттар бойынша мониторинг жасауға, зерттеу жұмыстарын және сәйкес жобаларды жүзеге асыруға бағытталғаны жөн:
- тілдің өңделімі;
- тіл қағидасының қалпы;
- тілдің тұрламы;
- тіл стилінің салалануы;
- тілдің әмбебаптығы;
- тілдің қоғамға ортақ міндеттілігі;
- тілдің ауызекі және жазбалық үлгілерін дамыту.

Серік Ерғали,

лингвист

Пікірлер