АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен сауда қатынасын жүргізетін барлық елдерге 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Трамп ақпаратты Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
«Осы сәттен бастап Ислам Республикасымен — Иранмен — бизнес жүргізетін кез келген ел АҚШ-пен жасалатын барлық коммерциялық операциялар үшін 25 пайыздық баж салығын төлейді. Бұл шешім түпкілікті және қайта қарауға жатпайды», — деп жазды Ақ үй басшысы 12 қаңтарда.
Дональд Трамптың айтуынша, бұл шара Иран үкіметіне қысым көрсету мақсатында қабылданған. Ақ үй басшысы биліктің ел ішіндегі наразылық акцияларын күшпен басып-жаншып отырғанын атап өтіп, бұған дейін наразылық білдірушілерге көмектесетінін мәлімдеген болатын.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Иранның негізгі сауда серіктестері қатарында Үндістан, Қытай және Түркия бар. Агенттік атап өткендей, Қытай өнімдеріне қосымша 25 пайыздық тариф енгізу Дональд Трамптың өткен жылдың соңында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен жасаған сауда «бітімін» бұзуы мүмкін.
Ал Орталық Азия елдері Иранмен сауда-экономикалық байланыстарын нығайтып келеді. 2024 жылы Иран мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 340 млн АҚШ долларын құрады. Қырғызстанмен арадағы сауда көлемі 58,5 млн доллар болса, Тәжікстанмен – 377,7 млн долларға жеткен.
Түрікменстанмен сауда айналымы шамамен 600 млн долларды құраса, Өзбекстанмен бұл көрсеткіш 500 млн долларға жуықтады.
2025 жылы Орталық Азия мемлекеттері Иранмен арадағы тауар айналымын жақын болашақта 2–3 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жөнінде келісімге келген.
Атап айтқанда, мамыр айында өткен өзбек-иран бизнес-форумы қорытындысы бойынша екі елдің кәсіпкерлері жалпы сомасы 1 млрд долларға жуық келісімдерге қол қойды.