АҚШ Иранмен сауда жасайтын барлық елдерге 25 пайыздық баж салығын енгізді

156
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SCXEUpu8VVBbXtrQBpdf8f76dyhJAlbhB6vFdGTW.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен сауда қатынасын жүргізетін барлық елдерге 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Трамп ақпаратты Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

«Осы сәттен бастап Ислам Республикасымен — Иранмен — бизнес жүргізетін кез келген ел АҚШ-пен жасалатын барлық коммерциялық операциялар үшін 25 пайыздық баж салығын төлейді. Бұл шешім түпкілікті және қайта қарауға жатпайды», — деп жазды Ақ үй басшысы 12 қаңтарда.

Дональд Трамптың айтуынша, бұл шара Иран үкіметіне қысым көрсету мақсатында қабылданған. Ақ үй басшысы биліктің ел ішіндегі наразылық акцияларын күшпен басып-жаншып отырғанын атап өтіп, бұған дейін наразылық білдірушілерге көмектесетінін мәлімдеген болатын.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Иранның негізгі сауда серіктестері қатарында Үндістан, Қытай және Түркия бар. Агенттік атап өткендей, Қытай өнімдеріне қосымша 25 пайыздық тариф енгізу Дональд Трамптың өткен жылдың соңында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен жасаған сауда «бітімін» бұзуы мүмкін.

Иранда жаппай толқулар желтоқсан айының соңынан бері жалғасып келеді. Наразылықтар бастапқыда риал бағамының күрт құлдырауы мен елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауынан туындаған. Кейбір қалаларда митингілер құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласып, қолданыстағы саяси жүйеге қарсы ұрандармен қатар жүрген.

Iran Human Rights құқық қорғау ұйымының дерегінше, 12 қаңтар кешіне дейін Иран билігінің наразылықтарды басу барысында кемінде 648 адам қаза тапқан, олардың ішінде тоғыз кәмелетке толмаған бар. Дегенмен, Норвегияда орналасқан ұйымның бағалауынша, қаза тапқандар саны алты мыңнан асуы мүмкін.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Иранда 100 сағаттан астам уақытқа созылған интернеттің бұғатталуына байланысты бұл ақпаратты тәуелсіз түрде тексеру «өте қиын». Олардың бағалауынша, елде шамамен 10 мың адам қамауға алынған.

Comments
Other materials