Сейсенбі күні Ұлыбритания мен АҚШ әскері Йеменде бірлескен әскери операцияға қатысты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы сәрсенбіде Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.
Бұл — британ қарулы күштерінің АҚШ-тың Йемендегі хуситтерге қарсы белсенді кампаниясына алғаш рет қатысуы. Мәлімдемеге сәйкес, соққы қараңғы түскеннен кейін жасалған. Өйткені бұл кезде бейбіт тұрғындардың аумақта болу ықтималдығы төмен болады.
Британдық мәлімдемеде шабуылдың мақсаты — Сана қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 25 шақырым жерде орналасқан, хуситтер Қызыл теңіз бен Аден шығанағындағы кемелерге шабуыл жасау үшін пайдаланатын дрондарды өндіретін ғимараттар тобы болғаны айтылған. Құрбандар туралы мәлімет берілген жоқ.
"Бұл шаралар хуситтер тарапынан теңіздегі еркін навигацияға төнген тұрақты қауіпке жауап ретінде жасалынды. Қызыл теңіз арқылы өтетін кемелер саны 55%-ға азайды, бұл миллиардтаған шығынға әкеліп, аймақтық тұрақсыздықты күшейтіп, Ұлыбританиядағы отбасылардың экономикалық қауіпсіздігін қатерге тікті"— деді Ұлыбританияның қорғаныс хатшысы Джон Хили.
Йемендік хуситтер ел астанасы Санаға бірнеше соққы жасалғанын хабарлады. Басқа шабуылдар Саада қаласына бағытталған.
АҚШ әскері өткен демалыс күндері мәлімдегендей, олар наурыз айының ортасынан бастап 800-ден астам нысанаға соққы жасаған.
Еске салсақ, 15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық қарулы күштерге хусит көтерілісшілеріне жойқын соққылар жасауға бұйрық берген болатын. Ақ үй әкімшілігі Иранның қолдауына сүйенетін хуситтер Қызыл теңізде кемелерге шабуыл жасауды тоқтатпайынша, оларға қарсы шабуылдарын жалғастыратынын мәлімдеді.
Бұған дейін де Ұлыбритания мен АҚШ Йеменде бірлескен операциялар жүргізіп, соққылар жасаған болатын.
Дүйсенбі күні АҚШ хуситтерге мұнай мен газ жеткізетін кемелер мен тасымалдау компанияларына санкциялар енгізді. Жексенбі күні АҚШ-тың африкалық мигранттарды ұстау орталығына жасаған әуе шабуылы салдарынан Йеменде 68 адам қаза тапты.