230 млрд теңге жымқырған. «Азия Авто» басшыларына үкім шықты

1409
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/10/7fbdc810d7cd0bd3c46a3f61d576498475a3bf77-960x500.jpg?token=db95af414526e0ac6ab7f98b17c6c0df

«БИПЭК Авто – Азия Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы — «Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық» бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

«АЗИЯ АВТО» АҚ-ның бас директоры Ерік Сағымбаев та Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық») және 245-бабы 3-бөлігі («Салық төлеуден жалтару, қылмыстық топпен не аса ірі мөлшерде жасалған») бойынша кінәлі деп танылды. Оған 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол да 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметке тағайындала алмайды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Айыпталушылар сот залында болмаған. Оларға үкім сырттай шығарылды.

Аталған қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер ретінде Jusan Bank пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (қазіргі – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) танылған.

Жәбірленуші тараптың (Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) материалдық шығынды өндіру жөніндегі азаматтық талабы қанағаттандырылмады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Балушкин мен Сағымбаев 2021 жылғы тамыздан бері іздеуде жүр. Тергеу нұсқасы бойынша, олар банктік несиелер мен салықтардан жалтару мақсатында 230 млрд теңгені жымқырған. Бұл қаржы автомобильдерді өнеркәсіптік жолмен құрастыру зауытын салуға бөлінген болатын.

Comments