Маңғыстауда Амал мерекесі республикалық деңгейде тойланды

3259
Adyrna.kz Telegram

  Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ынтымақ пен Бірлікке шақырар дәстүрлі мейрам – Амал мерекесі тұңғыш рет  республикалық деңгейде аталып өтті.

      Мәшһүр-Жүсіп (Павлодар), Абай-Шәкәрім (ШҚО), Қорқыт ата (Қызылорда), Қожа-Ахмет Иассауи (ОҚО), Ақмешіт (ОҚО), Сарайшық (Атырау), Бекет ата (Маңғыстау) кесенелерінің және Ұлытау кешені (Қарағанды) шырақшыларының қатысуымен, еліміздің әр аймағынан келген 3 жүздің ұрпақтары мен ресми делегация Отпан таудың бауырында бас қосып, Бірлік отын жақты.

Ынтымақ пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың белгісіне айналған Бірлік отын жағу тарихи сәтінде Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аталмыш мейрамның мән-мағынасына тоқталып, халықты Амал мерекесімен құттықтады.

«Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деген. Қазаны оттан, азаматы аттан түспеген қазақ елінің өркениеті мен тарихы Маңғыстауда әр жусанның түбі мен бетегесінің биігінде сайрап жатыр. Бұл қасиеті сүт бетіндегі қаймақтай бұзылмаған киелі Маңғыстаудың шырайы. Қазақстанның ешбір өңірінде тойланбайтын бірліктің белгісіне, татулықтың таңбасына айналған қастерлі мерекеде кең құшақтар айқара ашылып, төс тоғыстырып, алыс-жақын көрісіп, бар өкпе-наз кешіріледі. Тегін ұмытпау тектіліктің белгісі.  2 күнге жалғасатын осынау игі іс-шараның басы-қасында жүрген барша азаматтарға, Құнанорыс ұрпақтарына алғыс айтамын. Амалдан амалға аман-есен жете берейік, ағайын!».

2008 жылдан бері Амал мерекесін барлық сән-салтанатпен Отпан таудың басында тойлау үрдіске айналды. «Амал -2018»  мәдени көпшілік шарасының мақсаты – халық бірлігін және тұтастығын нығайту, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу.

2 күнге жалғасқан бағдарламада «Амал мерекесі – рухани жаңғыруымыздың жаршысы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, «Армысың, Амал!» атты облыс жыршыларының қатысуымен жыр кеші өтті. Қатысушылар Аударыспақ, Құнан жарыс және Аламан бәйге сынды қазақтың ұлттық ойындарынан бақ сынасты.

60-тан астам киіз үй тігіліп, 200-ден астам өнерпаз өнер көрсетті. Ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өтіп, аламан бәйге ұйымдастырылып, жүлделерге бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақы берілді. Мерекелік шарада «Шашу боп жырым шашылсын» Республикалық жыр мектептері өкілдері (Жетісу, Арқа, Батыс, Алтай-Тарбағатай мектептері)  мен «Мен қазақпын» мега жобасы жүлдегерлерінің қала, аудан өнерпаздары концерттік бағдарламасы ұсынды. «Амал-2018» аясында «Аялы ағаш – саялы» тал отырғызу акциясы өтті.

Жалпы қатысушылар саны 5000 адамды құрайтын бұл шарада Қазақ даласының өнері, салт-дәстүрі, ұлттық болмысты бейнелейтін қойылымдар қойылып, ән-күйден, жыр-термеден шашу шашылып, қолөнер және түрлі тақырыптағы көрмелер жұртшылыққа таныстырылды.

Пікірлер