Нұрберген Нұрлыхасым: «Мақсатым кем дегенде үздік үштікке ену»

2877
Adyrna.kz Telegram

Әлемдік спортта Қазақстанның  төлқұжатына айналған «Astana Qazaqstan Team» велокомандасы тағы бір шабандозбен толықты.

Бірқатар көшбасшыларын кері қайтарған «Astana Qazaqstan Team» командасы әлемдік велододаларда жылдағы жетістіктерін жаңғыртуға тырысып көрмек.

Алдағы маусымда жаңа құраммен өнер көрсететін елордалық велоұжым сапында Қазақстанның 23 жасқа дейінгі чемпионы Нұрберген Нұрлыхасым да жарыс жолына шығатыны айқындалды.

Ендеше, «Адырна» ұлттық порталының тілшісі «Astana Qazaqstan Team» командасының ең жас велошабандозы Нұрберген Нұрлыхасыммен сұхбаттасқан болатын. Соны назарларыңызға ұсынамыз:

– 21 жаста болсаңдағы еуропалық беделді жарыстарда айтарлықтай тәжірибе жинақтап үлгердің. Тіпті Александр Винокуровтың да көзіне түсіпсің. Қателеспесем, бұл сенің алғашқы кәсіби келісімшартың. Мансабыңның жаңа тарауына дайынсың ба?

– Спорттық мансабымда алға үлкен қадам жасағаныма өте қуаныштымын. Біраз толқып тұрмын. Жастар арасында маусымды жақсы өткіздім. Бірақ әлемдік турда мүлде басқа деңгей, басқа дайындық, басқа мақсаттар екенін жақсы түсінемін. Осындай мүмкіндік берген Александр Винокуровқа алғыс білдіремін және маған артылған сенімді ақтау үшін бар күшімді салуға тырысамын. Мансабымның жаңа тарауы басталды. Бәрі ойдағыдай болады деп үміттенемін.

– Қазақ велоспортының қазіргі жағдайына көңілің толады ма?

– Менің ойымша, елімізде велоспорт қарқынды дамып келеді. Кәсіби деңгейде ғана емес, Алматы, Шымкент және Тараз сынды ірі қалаларда да аталған спорт түрімен шұғылданатындар қатары артқан. Әсіресе, әуесқойлар арасында жақсы дамыған. Тіпті Орталық Азия бойынша алдыңғы қатардамыз деуге болады. Себебі Қазақстаннан Винокуров, Луценко сияқты даңқты велошабандоздар шыққан. Біз оларға ұқсауға тырысамыз. Өйткені олардың бойынан жеңімпазға лайық қасиеттердің бәрі табылады.

– «Балтик-Карконше туры» (2019) кезеңінде 4-орын, «Тур де ДМЗ» (2017) велододасында жалпы есепте 9-орын. «Astana Qazaqstan Team» сапында қандай нәтижелерге жетуді көздеп отырсың?

– Нәтижелерге келер болсақ, мен өзіме мақсат қойдым. Кем дегенде үздік үштікке ену. Бірақ әлемдік санатта емес. Бәрін уақыт көрсетеді.

– Өзіңнің алғашқы бапкерің мен велоұжымың жайлы бірер ауыз сөзбен сұхбатымызды тәмамдасақ?!

– Ең алдымен алғашқы бапкерім Вячеслав Непомнящихке және Александр Шушемоин басқаратын «Vino – Astana Motors» командасының бапкерлер штабына алғыс айтқым келеді. Қазіргі жаттықтырушым Александр Шепер. Ол өте білікті бапкер. Сондай-ақ ол велошабандоздардың әр әрекетін сезіне біледі. Мен жаттықтырушылар құрамына ризамын.

«Астана» кәсіби спорт клубының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, құрылтайшысы – Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ

Пікірлер