Қазақстан дауысы әділ өтті ме?

4754
Adyrna.kz Telegram

Халық қолдауымен Құралай Мейрамбек «Қазақстан дауысы» мегажобасының жеңімпазы атанды. Байқаудың ақтық сынында жобада үздік өнер көрсетіп келген төрт қатысушы тартысқа түсті. Ереже бойынша қатысушылар жеке және өз тәлімгерімен өнерін ортаға салып, жеңімпаз көрерменнің дауыс беруі арқылы шешілді.

Нәтижесінде төртінші орын Аружан Айдарбекке бұйырып, үшінші орынды Ернар Амандық, екінші орынды Ерік Төленов иеленсе, бас жүлдені Сыр елінен келген 18 жастағы Құралай Мейрамбек қанжығасына байлады.

Дегенмен, жобаның әділ болмағанын айтып, наразылығын білдіргендер де табылды. Үшінші орынға ие болған Ернар Амандықтың тәлімгері Майра Мұхамедқызы финалда қазақ әнін шәкіртінен басқа ешкімнің артық орындай алмағанын айтты.

Жеңіске менің балам бір қадам жетпей қалды. Көбі «Берілген дауысымыз қабылданбады» деп шағым айтып жатыр. Бұл жерде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін айта алмаймын. Бірақ, менің шәкіртім жан-жақты өнер көрсетті. Меніңше сәл де болса әділдік жетпеді. Қазақ әні мен қазақ өнері үшін ең болмағанда екінші орын алу керек еді, - дейді Майра Мұхамедқызы.

Алайда, Құралайдың тәлімгері Сәкен Майғазиев шәкіртінің өзгеге ұқсамайтын дауысы мен ән айту техникасын кәсіби әншілердің өзі қайталай алмайтынын тілге тиек етіп, жеңіс сыйлаған көрерменге алғысын білдірді.

Көзі қарақты көрерменге алғысымды айтқым келеді. Құралай жеңіске әбден лайық. Гүлнұр Оразымбетованың Құралайға ырымдап берген бой тұмарын жақсылыққа баладым. Гүлнұрдың репертуарындағы әнімен бастап, толғауымен аяқтағанымыз да бекер болмады. Бұл әндер жеңіске жетеледі. Халыққа ризашылығымды білдіремін.

Аталмыш музыкалық жобаға қатысушылар еліміздің барлық өңірінен және шет мемлекеттерден қатысып, талантымен танылды. 6 мыңға жуық әншінің арасынан сурылып шыққан Құралайдың өнері, расында, халықты тәнті етті. Құралай Мейрамбек барлық кезеңде ең мықты деген әндерді орындап, ерекше иірімдерді қосып, халықтың жүрегіне жеткізуге тырысқанын айтты.

Бұл жоба маған сенімділік берді. Әр кез көрерменнен шабыт алып отырдым. Осы жолы бірлесіп таңдаған ән халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын. Сол себепті бұл жеңіске халықтың арқасында жеттім. Барлық қолдаған жандарға, қазақ еліне, жерлестеріме рахмет. Ерекше алғысымды тәлімгерім Сәкен ағаға білдіргім келеді. Осы кісінің арқасында осындай дәрежеге жеттім, - деп тәлімгеріне ризашылығын жеткізді.

Өнерлі отбасында дүниеге келген әншінің ата-анасы музыка маманы. Үлкен әпкесі Гүлзәт Әдбікәрімова белгілі «Қоңыр» тобының әншісі. Екінші әпкесі Ұлпан Әбдікәрімова опера саласында қызмет істесе, ағасы Бақдаулет медицина саласының қызметкері болса да әнді нақышына келтіріп орындайды. Үйдің кенжесі, 9-сынып оқитын Дулат Әбдікәрім де бірнеше байқаулардың жүлдегері атанып жүр. Жобаға қатысуын асыға күткен Құралай іріктеу кезеңі басталғанда өзінің арманын ата-анасына айтып, отбасының қолдауымен іріктеу кезеңнен сәтті өткен. Осылайша жас әнші жұлдызды өміріне қадам басады.

Алғашқы тәжірибем отбасымнан бастау алады. Отбасым өнер адамдары болғандықтан, үйде менің жасым жобаға лайық келіп тұрғандықтан ата-анам рұқсатын берді, - дейді жеңімпаз.

Сонымен қатар, Құралай Мейрамбек жобадан ұтқан 5 миллион теңгені армандарына жұмсайтынын айтып, жоспарымен де бөлісті.

Мен бұл қаражатты өнеріме жұмсаймын және ата-анама көмек ретінде беремін. Опера болсын, дәстүрлі ән болсын барлық жанрда еркін шырқай алатын әнші болғым келеді. Осы арманымды қолға алып, әлемдік аренаға шығып, елімнің көк туын желбіреткім келеді.- дейді әнші.

Күні кеше өткен «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы Құралай Мейрамбектің тәлімгері Сәкен Майғазиев шәкіртінің қателігіне көз жұмып келген. Өйткені, Құралайдың мүкіндігіне қарап, жеңімпаз болатынын сезген.

Менің тобымдағы он алты қатысушы да «Қазақстан дауысы» атағына лайықты. Дегенмен, санаулы адам санамда жүрді. Олар кейбір сәтсіздікке байланысты жобадан шығып отырды. Ондай сәтсіздік Құралайда да болды. Бірақ өзімнің стратегиялық жоспарым мен болжамымды жасадым. Әр өнер көрсеткен сайын Құралайдың сан қырлары ашыла берді. Оның потенциалына қарап «Көрсеткеннен көрсетері көп шығар, бергенінен берері көп шығар» деп соңына дейін жетелеп келдім. Сезімім мен үмітімнің алдамағанына тәңірге шүкір деймін.

Алайда, Құралай Мейрамбектің жоба бойы таңдаған әндері талқыға салынып, сынға ұшырады. Көпшіліктің айтуы бойынша, көрмей таңдау кезеңіндегі «Қорқыт-қобыз» әнінен басқа әнді әнші орындай алмаған.

Құралайдың орындаған әндерінің ішінде ерекше ұнағаны, әрине, ол әлемді жаулаған Рамазан Таймановтың «Қорқыт-қобыз» әні. Бірақ, басқа қатысушылар ренжімесін, дәл Құралай сияқты есте қаларлықтай әні болса ол әншінің мықты екеніне күмән келтірмеген болар едім. Демек, Құралайдың көрсете алатындай әні бар. Бұл ән оның төлқұжаты. Ал одан бөлек финалда орындаған толғауы да, ағылшынша, түрікше орындаған әндері де ерекше, ғажап, сәтті шықты деп есептеймін. Сол себепті, Құралай Мейрамбек жеңіске әбден лайық болды.

Жобаның шарты бойынша, Сәкен Майғазиев шәкіртімен «МузАрт» тобының репертуарындағы «Заман-ай» әнін орындады. Содан кейін халықтан кешірім сұрады.

Өмір деген тепе-теңдіктен, ақ пен қарадан, күн мен түннен тұрады. Менің тамағымның ауыруын, дуэтіміздің сәтсіз шығуының өзін мен жақсылыққа баладым. Бір жағынан Алла сынап, екінші жағынан жеңісті нәсіп етті. Халықтың алдында даусымды көрсете алмағаным Құралайдың жеңісінің қасында түк емес.

Дегенмен, дуэттің сәтсіз шыққанына қарамастан тәлімгер мен шәкірті орындаған ән халық жүрегінен орын алды. Нәтижесінде ең жоғарғы ұпайды жинады. Сәкен Майғазиев жобаның әділ өткенін, барлық қатысушының да «Қазақстан дауысы» атағына лайық екенін айтты. Сонымен қатар, жеңіс сыйлаған халыққа ыстық ықыласын жеткізді.

Халыққа алғыстан басқа айтарым жоқ. Құралайдың жанкүйерлерінің белсенділігіне рахмет. Шынына келсек біз сіздермен ғана өнер адамымыз, киелі сахнада өнер көрсетіп жүргеніміз тек сіздердің арқаңыз. Алла баршаңызға жар болсын, - деп ақ тілегін жолдады.

Еске сала кетейік, алты айға созылған «Қазақстан дауысы» жобасының финалы 25-желтоқсанда өтті.

Айым АБДРАШИТ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер