Сәкен музейіне ақынның фарфордан жасалған мүсіні қойылды

3202
Adyrna.kz Telegram

Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінде ақын шығармашылығына арналған игі іс-шара өтті. Шараға ақын шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдармен қатар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер, әншілер қатысты

 

С.Сейфуллин музейінің директоры, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы Сәкен жайлы кітаптың жарыққа шығуы мен ақын мүсінінің жасалуы жайлы тоқталды.

"Қарашаңырақта ұлы ақын Сәкеннің рухына арналған көптеген шаралар өтіп жатыр. Бүгін үш шара өткізейік деп отырмыз. Біріншісі – Сәкеннің фарфордан жасалған мүсінінің ашылу салтанаты. Екіншісі – «Тар жол, тайғақ кешу» романына текстологиялық талдау. Биыл үшінші жыл «Сыр сандық» сериясымен кітаптар шығарып жатырмыз. Бірінші кітап «Көргендердің көзімен, Сәкеннің салған ізімен» деген атаумен жарық көрді. Екінші кітапты Сәкенді зерттеуші ұлы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыз туралы естеліктерді жинақтап, ол кісінің өмірден өткенінің бір жылдығы қарсаңында шығардық. Одан кейінгі үшінші кітап «Тар жол, тайғақ кешудің» текстологиялық талдау кітабының бояуы әлі кепкен жоқ, кеше ғана қолымызға алдық. «Тар жол, тайғақ кешудің» алғашқы нұсқасы мен кейін баспа бетін көрген нұсқаларының арасында көптеген өзгерістер болған. Түпнұсқа мен кейін жарияланған кітаптардың арасында айырмашылық бар. Соны саралап, біздің қыздарымыз 2 жыл отырды, көп еңбек сіңірді, айырмашылығын анықтады. Бір кітап болады деп ойлаған едік. Бір кітапқа сыймай қалды. Сондықтан жартысын биыл, кітаптың жалғасы «Сыр сандықтың» төртінші кітабы болып келесі жылы шығады. Кітаптың аңдатпасын жазған – Еркегүл Арыққарақызы, алғысөзін үлкен ғалым, сәкентанушы Күләш Ахметова жазды. Кітапқа Оралбай Әбдікәрімов пен Сәкен Сейфуллин демеушілік жасады", - дейді Несіпбек Айтұлы.

Сәкен Сейфуллиннің фарфордан жасалған мүсінін қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов пен музейдің алғашқы директоры Роза Асылбекова ашты. Мүсін ақыннан айнымайды, костюміне дейін айнытпай салып, сыртынан қазақи шапан кигізген екен. Шараға жиналған қауымның ұзақ қол шапалақтап құрмет көрсеткенінен-ақ мүсіннің көпшіліктің көңілінен шыққанын байқауға болады. Бұл ойды сәкентанушы ғалым Күләш Ахметова да құптады.

"Сәкеннің ескерткіші Алаш азаматтарының, қазақтың үлкен тұлғаларының ішінде көп қалаларда қойылды. Соның ішінде Сәкен музейінің ауласында бір ескерткіш, ішінде бір ескерткіш болып тұрса, артық етпейді. Бұл нағыз Сәкеннің Сәкен екенін көрсететін ескерткіш екен. Мұны Несіпбек Айтұлының музейді басқарып отырған жылдардағы жемісті еңбегінің бір парасы деп білемін. Ұрпаққа мұра болып қалатын шын мәніндегі рухани мұра болса, сол рухани дүниенің бірі – осы ескерткіш", - деді Күләш Ахметова.

Бұдан кейін «Тар жол, тайғақ кешу» романының текстологиялық мәтініне талдау жасалған кітаптың тұсауын атақты жазушы, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин мен сәкентанушы ғалым Күләш Ахметова кесті. Тұсаукесерден кейін сөз алған жазушы Сұлтан Оразалин Сәкен ескерткішінің сәтті шыққанын айтты.

"Дәл мынандай ескерткішті осыған дейін көргенім жоқ. Сәкеннің шын тұлғасы, нағыз бейнесі осы ескерткіш арқылы жарқын көрінгендей. Осында келерде басын қойып қоя ма, кеудесіне дейін мүсіндей ме деп келіп едім. Қазіргі ескерткіштер сондай ғой. Мынау бір тосын нәрсе екен. Құтты болсын!", – деді мүсін жайлы жылы лебізін білдірген жазушы.

Ал Сәкен мұрасына жанашырлық танытып жүрген қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов Сәкеннің артында қалған мұрасының түгенделуін ерекше атап өтті.

"Кітаптың құндылығы – сол заманның ешқандай қоспасыз тура көрінісі. «Тар жол, тайғақ кешу» – қазақ әдебиетіндегі мемуарлық бірінші роман. Әртүрлі саяси идеологияға байланысты өзгертулер енгізілген, кейбір тұстары алынып тастаған еді. Ал енді қаз-қалпында, сол күйі жарияланып отыр. Қазіргі ұрпақ өткен заманның нағыз ақиқатын осы кітаптан оқитын болады деп ойлаймын", - деді Оралбай Әбдікәрімов.

Бүкіл өмірін Сәкенге арнап, Сәкеннің музыкалық мұрасын зерттеп, кітаптар жазып, әндерін насихаттап жүрген Серік Оспановтың 60 жылдық мерейтойы да аталмыш шара қарсаңына дәл келген екен. Музей директоры мерейтой иесіне шапан жауып, арнайы құттықтады. Осылай Сәкенге құрмет көрсетіп жүрген азаматтың өзіне де құрмет көрсетілді.

Бұдан кейін сөз алған белгілі әнші Қайрат Байбосынов ескерткіш туралы «Сәкеннің өзінен аумайды, тек бойы Несіпбекке ұқсап кетіпті» деп әзілдеп, музей қорына ұстаздарынан үйренген, жан-жақтан жинаған әндерінің сөзі жарияланған кітапты сыйға тартты.

С.Сейфуллин музейінің алғашқы директоры Роза Асылбекова ұлыларымыздың аманатына адалдық жөнінде әңгімелесе, дәстүрлі әнші, актер, Қанат Жүнісов ақынның тұлғасы туралы, ақын Бауыржан Қарағызұлы Сәкен Сейфуллин мұрасының "Әдебиет порталындағы" насихаты алдағы уақытта қалай өрбитіні жөнінде айтып, аға буынның ықыласына бөленді.


baq.kz

Пікірлер