Ақ парақ

2913
Adyrna.kz Telegram
(Эссе)
Басқа бiреу емес, талай жылдан берi әйгiлi «Комсомольская правданың» құтына айналған табиғат тамыршысы Василий Песковтiң өзi бiрде оған былай дептi:
– Сен өзiң жап-жас жiгiт екенсiң. Мына ақ парақ секiлдiсiң. Өмiрiң жаңа ғана басталды. Көп болса, журналистiк өмiрбаяныңа бiр-екi-ақ сөйлем ғана жазылған шығар. Қалғанының бәрi аппақ. Сондықтан сен өзiң белгiлi бiр тақырып тауып ал. Әйтпесе, бәрi бекер...
* * *
Бұл Мәскеудiң төрiндегi жастар журналистикасының шынайы шеберханасы «Комсомольская правданың» шаңырағында, жазу өнерiнiң майталманы Песковтiң бөлмесiнде болған әңгiме. Сол кездегi одақтың астанасына тәжiрибе жинақтауға барған жас журналист табиғаттың тiлiн бiлетiн, төрткүл дүниеге танымал аға буын әрiптесiн iздеп, күнде келедi. Ол кiсi редакцияда көп отырмайтын көрiнедi. Жолқапшығын арқалап, фотоаппаратын мойнына iлiп, дүниенiң қойны-қонышын шарлайды да жүредi екен. Қос ат мiнiп қусаң да ұстай алмайсың. Бiр күнi ол кезектi сапардан келедi. Атағы жер жарғанымен, қарапайым адам екенi байқалады. Шынында да, журналистиканың жампозы ешқашан мақаласының соңына Лениндiк сыйлықтың лауреаты екенiн көрсетпейтiн. Тiптi аты-жөнiн де толық жазбай, «В.Песков» деп қана қысқа қайырып, қол қоятын. Василий Михайлович өзiн iздеп, сонау қазақ жұртынан келiп отырған қағiлез қара жiгiтке ризашылық бiлдiредi. Сөйтедi де әңгiмеге тартады.

(Әйгілі әріптес - Василий Песков)
– Иә, жарқыным! Немен шұғылданып жүрсiң өзi? Айтшы маған?
– Жазып жүрмiн...
– Ал не жазасың сонда?
– Не жазайын... Тапсырма бередi. Зырылдап заводқа кетем. Шапқылап шаруашылыққа аттанам. Барып келемiн де бұрқыратып жазам, – дейдi бұл.
– Сен олай iстеме, – дептi сонда әйгiлi әрiптесi жас журналиске. – Ондай науқандық тапсырмаларды сол қолыңмен сүйкей сал. Ал өзiңнiң рухани дiңгегiңе айналатын дүниелерiңдi оң қолыңмен жаз. Сонда үш-төрт жыл өткен соң артыңда iз қалады. Жазғаның ертең кiтап болып шығады. Ал қар тоқтату, мал төлдету, қора-қопсыны жөндеу туралы жаздың делiк. Мұның бәрiнен ешқандай белгi қалмайды. Оны ертең парақтайсың да терең бiр күрсiнесiң. Сондықтан тосын тақырыптың соңына түс. Нәтижесi жаман болмайды. Сөйт, көгершiнiм!
Талайға арман болған «Комсомольская правданың» шаңырағында отырып, Песковпен пiкiрлесiп қайтқан жиырма алты жастағы Жанболат Аупбаев келген соң талап тұлпарына қамшыны басты дейсiң. Бұл кезде оның «Лениншiл жастың» қабырғасында жүргенiне үш жыл болып едi. Бiр тақырыпқа бейiмделу орыс журналистерiнiң дәстүрiнде қашаннан бар үрдiс. Ылғи науқандық шаруалардан көз ашпайтын жастар газетiнiң қызметкерлерi соларға қатты қызығатын. «Шiркiн-ай, бiз де осылай жазсақ қой», – деп армандайтын. Ол тұста қазақ баспасөзiндегiлердiң iшiнде бiр тақырыпты қаузағаны некен-саяқ. Сейдахмет Бердiқұлов жас күнiнен спорт тақырыбын серiк еттi. Ақселеу Сейдiмбек этнографиялық тақырыпқа бойлады. Олардың соңын ала журналистикаға ат қосқан Жарылқап Бейсенбайұлы сурет өнерi туралы қалам тербеп, газеттiң «Аққу» эстетикалық клубын жүргiздi. Кейiн жолқапшығын арқалап, Шоқан ғұмыр кешкен, ұлы ғалымның iзi қалған мекендердi бетке алып, саяхатқа шықты. Аға буынның iшiнен белгiлi бiр тақырыпқа маманданған осы үшеуiнiң ғана аты ауызға iлiнетiн едi.
Содан кейiпкерiмiз Песковтiң «Таңғы шық» деп аталатын кiтабына жазып берген қолтаңбасына қарап отырып, ойға берiлдi. Тыңнан жол iздедi. Ақыры, жеке творчествосының кiлтiн тапты. Тағдыры ерек, мiнез-құлқы бөлек, айрықша адамдар Аупбаев шығармашылығының алтын арқауына айналды. Елдi елең еткiзген, талайды таңғалдырған, бұрын беймәлiм болып келген қазақтар жайында құлшына қалам сiлтедi. Әлем құлақ түрген оқиғалардың өз жұртына қатысты қалтарыс тұстарын қазбалады, тосын құбылыстардың қыр-сырын ашуға ұмтылды. Жер жаһанды қанға бөктiрген сұрапыл соғыс тарихындағы ақтаңдақтарды iздеп тапты. Бұл жағынан ол қазақ журналистикасына «Комсомольская правданың» үлгiсiн әкелдi. Бiрақ жазған дүниесiнiң өн бойында ұлттық ұстын айқын аңғарылып тұрды. Журналистикада жаңа жол тапқан Жанболат Аупбаев әр мақаласы арқылы елдi селт еткiзетiн жаңалық ұсынып, қалың Қазақ елiнен сүйiншi сұрап отырды. Оның әрбiр жарияланымы келесi мақаласына жарнама болды. Сол кездiң жастары Жанболаттың жазғандарын жата-жастанып оқыды. Сөйтiп, ол жаңа басталған журналистiк өмiрiнiң ақ парағын өзгеше өрнектеп толтыра бастады.

(Көктем. Суретті салған Ж.Аупбаев (1965 жыл, 28 сәуір))
Ақ парақ демекшi...
Жалпы, Жанболат ақ параққа ерте қол созды. Ол алдымен ақ параққа сурет салды. Зерделi бала өмiрден ойға түйгенiн қағаз бетiне түрлi-түстi қарындашпен өрнектедi. Бiр суретiн әлi күнге дейiн қастерлеп сақтап қойыпты. Оны 1965 жылы 28 сәуiр күнi салыпты. Көктем келген мезгiл. Қар суынан деңгейi көтерiлiп, төңiректi су алған өзен жағасы. Жарқабақта жұмыр қарағайдан қиып салған үй сұлбасы көрiнедi. Одан берiректегi ағаш басында қараторғай ұясы тұр. Арбиған бұтақтар мен күшiктей бастаған шыбықтар... Былай қарасаң, сол жылдарда қазақтың бар баласы жаппай салатын дәстүрлi сурет. Бiрақ Жақаңның теректе отырған торғайларының тұрқы бөлек. Тiптi торғайдан гөрi топшысы қаттырақ басқа бiр мақұлыққа көбiрек келе ме, қалай? Алайда суреттiң көркемдiк шешiмiнде жай баланың өрнегiне ұқсаңқырамайтын өзгеше бiр үрдiс бар. Аупбаевтың құстары өршеленiп, алға ұмсынып тұр. Яғни, өмiршеңдiктiң, өрлеу мен өрмелеудiң нышаны бар. Балаң туындыға психологтың көзқарасымен үңiлсек, автордың ұстанымы оптимизммен орайлас екенiн анық аңғарасың. Соны сезсе керек, сурет пәнiнiң мұғалiмi бұл «туындыға» «бес» қойыпты. Суретшiде алдымен бояу, сосын көңiлi ояу болуы керек деген қағидаға жүгiнсек, бала Жанболат тап осы өнердi шындап қуса, ойлы тұжырым жасайтын қарымды қылқалам иесi болып қалыптасқандай екен.

Білім қуған бозбала (Жас Жанболат

(Білім қуған бозбала (Жас Жанболат))
Содан кейiн ол ақ параққа өлең жазды. Алғашқы өлеңi 1967 жылы аудандық газетке шықты. Бiрақ ақындық өнердi өзiне серiк ете қойған жоқ. Себебі, адам ақын болып қалыптаспайтын, керiсiнше ақын болып туатын көрiнедi. Табиғи таланттың тiптi өлеңдi жазып әуре болмайтынын, оның кеудесiнен жыр дегенiң өзiнен-өзi ағыл-тегiл төгiлiп жататынын ерте ұқты. Мысал керек пе? Мiнекей. Алыстан iздеудiң де қажетi жоқ. Тап осы Нарынқолдан шыққан екi бiрдей сұрапыл ақын ағасы Мұқағали мен Еркiн дүниенi дүрiлдетiп тұр. Жаза алсаң, соларша жаз! Ал олай болмайды екен, онда... Сосын қойды өлеңдi. Ортақол ақын болғанды қаламады.
Бiрақ ақ парақты қолынан тастамады. Ендi оған мақалаларын жазды. «Жақсы журналист болып та елге қызмет етуге болады ғой», – деген ойды ерте ұқты. Соған мықтап бекiндi. Үш-төрт-ақ орысы бар Нарынқол сияқты алыстағы ауылдан қазақ мектебiн бiтiрiп-ақ Кеңес Одағының «Правда» секiлдi бас басылымының Қазақстандағы тiлшiсi болған Тельман Жанұзақов ағасы журналистикадағы жампоздықтың үлгiсiн көрсеткен жоқ па?! Осы тұжырымға тоқтаған жас өрен ақ армандарын тоғытқан ақ парақтың жалына мықтап жармасты. Сөйтiп ақ ниетпен болашаққа жол тартты.
* * *
Сексенiншi жылдардың басында журналистика факультетiне оқуға түскен бiздердiң кумирiмiз Жанболат Аупбаев болды. «Осы күнгi ең мықты журналист кiм?», – десең, жастар бiр ауыздан Жанболат Аупбаевты атайтын. Таңертең пошташы жатақхананың кiре берiсiндегi үстел үстiне «Комсомольская правданы» үйiп әкеп тастайды. Сол-ақ екен, студенттер оны пышақ үстiнен бөлiп әкетедi. Бұл басылымға сол тұста жатақханадағылардың бiрi қалмай жазылады. Өзi де газет бiткеннiң төресi. Үйренетiн нәрсе жеткiлiктi. Бұрынғы одақтың қаламы қарымды журналистерiнiң бәрi сонда шоғырланған. Фотоаппаратын өңгерiп, адам аяғы баспаған қиырларды шарлауға құмар Василий Песков, қоғам һәм мораль тақырыбының иiн қандырып илейтiн Инна Руденко, ғарыш мәселелерiн жiлiкше шағатын Ярослав Головановтың мақалалары шыққан газет қолдан-қолға көшiп жүредi. Күнiне елдi елең еткiзетiн кемiнде бiр танымдық дүние жарық көредi. Жапатармағай таласып-тармасып оқимыз.
(Аңызға айналған Аупбаев)
Бұл тұстағы «Лениншiл жастың» да оқырмандар арасындағы беделi «Комсомольская правдадан» бiр кем емес. Пошташы оны да қаптатып әкеледi. Сейдахмет Бердiқұлов басқаратын басылым журналистерiнiң айдарынан жел есiп тұр. Есiмдерi жалпақ жұртқа кең танымал. Ел iшiне сапарға шыға қалса, халық оларды ғарышкердi күткендей әлпештеп қарсы алады. Солардың iшiнде, әсiресе, жұртшылықтың Жанболат Аупбаевқа деген ықыласы алабөтен едi. Ол «Лениншiл жастағы» бұрыннан бар лиризмдi берiк ұстанумен бiрге «Комсомольская правда» мен «Литературная газетадағы» драматизм мен психологизм үрдiстерiн жастар басылымына батыл орнықтыра бастады. Сөйтiп оның мақалалары мен очерктерi осы ерекшелiктерi арқылы елдi ауық-ауық дүр еткiзумен болды. Жұрттың аузында тек соның аты жүредi. Оқимыз. Қызығамыз. Таң қаламыз.
Қалай таң қалмайсың? Атақты қолбасшы Георгий Жуков 1945 жылы Жеңiс парадына мiнiп шыққан Араб атты сәйгүлiк бiздiң Луговойда өмiрге келген Абсенттiң «әкесi» көрiнедi. Осыны жылқы зауытына барып, жылнамаларды ақтарып отырып, Аупбаев анықтады. Александр Матросовтың ерлiгiн қайталағандардың бәрi шейiт болғаны белгiлi. «Матросов ерлiгi» деген ұғым – өлiм себелеп тұрған пулеметтiң ұясын кеудеңмен жауып, өз еркiңмен жан тапсыру деген сөз. Демек, тiрi қалу мүмкiн емес. Бiрақ соған қарамастан, одан да аман қалған кiсi бар екен! Оны айтасың, ол адам басқа емес, өзiмiздiң қазақ болып шықты. Аты-жөнi – Сабалақ Оразалинов. Әлi күнге дейiн арамызда көптiң бiрi болып елеусiз жүрген оны Аупбаев iздеп тауып, темiржол бойындағы шағын күркенiң iшiнде отырып сағаттап әңгiмелесiптi. Сол Сабалақтың ғайыптан тайып, аман қалғанының арқасында дүниеге келген ұлы Асқар Оразалинов кейiн су добынан елiмiз құрамасының капитаны болып, аламан бәйгелерде талай рет топ жарды. Fарышқа алғаш рет самғаған Юрий Гагариннiң ұстазы қазақ екен. Оны да жалпақ жұртқа Жанболат аға таныстырды.
Соғыс кезiнде Батыс Қазақстан аспанында жау ұшағы ойқастай бой көрсетiптi. Бiрақ сол немiс ұшағын көп еркiнсiтпей бiздiң ұшқыш таран әдiсiмен соғып, Орда ауданының құмына құлатыпты. Мұның да жай-жапсарын басқа емес Жанболат Аупбаев баяндайды. Әлемдi шарлаған әйгiлi суреттiң жайын айтсаңшы... Бiр аяғы жоқ майдангер Брест қамалындағы 1941 жылғы шайқасқан жерiне жиырма жылдан кейiн келiп, окоптың жақтауына маңдайын сүйеп, жылап тұр. Бұл суреттi Беларусь телеграф агенттiгiнiң фототiлшiсi Михаил Ананьин түсiрген. Ол атақты публицист, Лениндiк сыйлықтың лауреаты Сергей Смирновтың «Брест қамалы» атты кiтабында жарияланған. Ал талай халықаралық көрмелерге қойылып, бүкiл дүние жүзiн шарлап шыққан «Соғысқа лағынет!» деп аталатын осы суреттегi кiсiнiң кiм екенiн бiлесiз бе? Сөйтсек, өзiмiз КазГУ-дiң коридорында күнде көрiп, жанынан ойқастап өтiп жүрген биофактың профессоры Владимир Фурсов екен. Белгiлi ғалым. Fылым докторы. Тағдыры тым аянышты көрiнедi. Аяғынан жараланып, тұтқынға түскен. Жiлiншiгiн сондағы лагерьде кескiзiп, өлiм аузынан қалған. Көрмеген қорлығы жоқ. Соның бәрiнен аман-есен өткен. Көйлегiн құшақтап туған ба дерсiң. Демек, жұртты естен тандыратын жаңалық алыста ғана емес, iргеңде, тiптi иегiңнiң астында да тұратын көрiнедi. Тек оны iздеп табу керек. Жанболат Аупбаев осы қағиданы қазақ баспасөзiне мықтап орнықтырды.
Мiне, оның тағы бiр тамаша дүниесiн оқып отырмыз. Құпиясы көп Көккөлдiң жағасында күнұзаққа сарылып, алып құбыжықты аңдыпты. Осы көлдi мекен еткен аждаһа ара-тұра басын көтерiп, төңiрекке көз салады екен деген қауесет тарап кеткен. Соған орай арнайы келген бетi. Сол еңбегiне қарай әлгi елдi дүрлiктiрген құбыжығы құрғыр көл бетiне шыға қоймайды. Автормен бiрге сол жексұрын пәленiң тезiрек көрiнуiн сен де тағатсыздана күтесiң. Бiрақ күткен ғұрлы берекетiң кетедi. Көккөл құбыжығы әне-мiне дегенше аяқ астынан сопаң етiп, су бетiнде пайда болып, журналист ағамызды асай-мүсейiмен қосып жұтып жiберетiндей көрiнедi. Сөйтiп, мақаланың аяғына жеткенше жүрегiң суылдап, әбден дiңкең құриды.
Бала көңiл бiзге Жанболат Аупбаев қолынан келмейтiнi, iздеп таппайтыны жоқ, мүмкiндiгi шексiз адам секiлдi сезiлетiн. Тiптi оның сол тұста сұм соғыстың небiр қоясын ақтарғаны соншалық, Матросовтың ерлiгiн Матросовтан бұрын қайталаған қазақты тауып берсе де таңғалмайтын едiк.
Осының бәрi журналист мамандығын игеремiн деп Алматыға келген бiз секiлдi бозөкпелерге қатты әсер еттi. «Қой, редакцияға барайық, атағы жер дүниенi тiтiретiп тұрған Аупбаевты өз көзiмiзбен көрейiк»,– дестiк. «Мен оны жақсы бiлемiн, – дедi тастай пысық курстасымыз Мұратбек Тоқтағазин. – Менiң жездем ғой ол. Бiздiң ауылдағы Ләззат деген әдемi әпкемiзге үйленген. Сендердi өзiм ертiп апарып таныстырайын». Түнiмен қалғып-мүлгiп отырып, бұрқыратып жиi мақала жазатын Мұратбектiң өзi күнде «Лениншiл жастан» шықпайды. Бiрде жездесiне барады, бiрде өзгесiне барады, әйтеуiр кешке қарай жатақханаға бiр құшақ бу ала кiредi. Бiрақ қолы тимедi ме, әлде ұмытып кеттi ме, Тоқтағазиннiң бiздi Жанболат Аупбаевпен таныстыру рәсiмi түрлi себептерге байланысты кешеуiлдей бердi. Сосын бiр-екi жiгiт Максим Горький көшесiндегi 50-шi үйдi бетке алып, тартып кеттiк.

Жанболат Аупбаев — журналист, редактор

(Жанболат Аупбаев — журналист, редактор)
Сөйтiп, жетiншi қабаттағы «Лениншiл жасқа» Жанболат Аупбаевты iздеп келiп тұрмыз. Танысуға батылдығымыз жете қоймас. Ең болмаса сыртынан көрiп кетсек деймiз. Ол кезде қазiргiдей қит етсе журналистердiң мақалаларын суретiмен қоса берiп жататын үрдiс жоқ. «Лениншiл жастың» сайыпқырандарының атын естiгенiмiз болмаса, ешқайсысын түстеп танымаймыз. Қарсы алдымыздан былғары күрте киген кербез жiгiт ағасы шыға келдi. Жүрiс-тұрысы маңғаз. Шашы қалың. Көзi оттай жанып, төңiрегiне сынай көз тастайды. Мiнез-құлқында паңдық бар. Атақ-даңқы дүрiлдеп тұрған Аупбаев дәу де болса осы шығар деймiз. Басқаша болуы мүмкiн емес. Қасына баруға жiгерiмiз жетпедi. Айналсоқтап жүрiп, бiреулерден сыр тартып көрсек, Аупбаев емес, сол тұста есiмi елге кең танылған сыншы Қамбар Керейқұлов екен. Әрi қарай кеттiк.
Әне, бiр жiгiт ағасы бөлмеден шығып барады. Шашы ептеп бурыл тартқан. Бойы екi метрге жуық. Адымы кең. Асықпай қозғалады, сыбырлаңқырап сөйлейдi. «Бой-сойы келiскен кiсi екен, атақты Жақаң осы шығар», – деп соның iзiнен ердiк те отырдық. Ұзынтұра ағайдың соңынан қалмай, газеттiң машбюросына, одан әрi «Ленинская смена» басылымы орналасқан арғы қанатқа да барып қайттық. Ол да: «Бұлар неғып менiң төңiрегiмде күйбеңдеп жүр?» дегендей бiзге жәймен ғана күдiктене көз тастап қояды. Бiрақ сонша аңдыған еңбегiмiз ақталмады. Бұл ағамыз да iздеген кiсiмiз емес, газеттiң шаруа жастар бөлiмiнiң меңгерушiсi Саттар Сапарбеков болып шықты.

«Ажалға аттанғандар» мақаласы үшін "Үркер" сыйлығын еншілеп тұрған сәт

(«Ажалға аттанғандар» мақаласы үшін "Үркер" сыйлығын еншілеп тұрған сәт)

Мiне, тағы бiр ағамыз берi қарай баяу аяңдап келедi. Көзiлдiрiк таққан, келбетi келiскен жiгiт екен. Шашының әрбiр талына дейiн қисаймай орнында тұр. Аса ұқыпты екенi бiрден байқалады. Модалар салонының iшiнен қазiр ғана жұтынып шыға келгендей әсер қалдырады. Ендеше, мұнтаздай киiнген мына кiсiнiң Аупбаев болмауы мүмкiн емес. Бұл ендi таза соның өзi. Тек барып амандасуымыз ғана қалды. Сонда да алдымен анықтап алайық деп, жол-жөнекей жолыққан бiр кiсiден сұрап едiк: «Сендер не, жауапты хатшымыз Ерғали Сағатовты танымайсыңдар ма?» – деп бiзге бiртүрлi көзбен қарады.
Сөйтiп жүрiп оны көрдiк-ау ақыры. Қағiлез қара жiгiт екен. Сол кезде оның iлгерiде Бауыржан Момышұлымен телефон арқылы сөйлескенде «тырыли арық қарамын» дейтiнi есiме түстi. Бұл қалай ойымызға келмеген? Тез қимылдайды. Бағанадан берi қасымыздан сан рет өткен-дi. Ол кiсiнi Аупбаевтiң дәл өзi деп кiм ойлаған? Өте қарапайым әрi кiшiпейiл көрiндi. Ал ендi бiзге сонысы қатты ұнады. Ешқандай жасандылығы жоқ, мiнез-құлқы табиғи мұндай адамдардың алдына мақалаңды еркiн алып кiресiң. Терiсiне сыймай сызданып отыратындарға мүлде жолағың келмейдi. Көп ұзамай журфактың студенттерi Аупбаевтың айналасына үйiрiле бастады. Жазған-сызғанымызды алдымен соған ұсынатын болдық.
Бiр күнi атақты электрмен дәнекерлеушi Манат Ахметова туралы очерк жазып апардым. Бұл сол кезде атағы дүрiлдеп шыға бастаған құрылысшы апамыздың Мәскеуде өтетiн съезге делегат болып ұсынылып жатқан кезi едi. Жанболат аға қалың қағаздың арасында көмiлiп отырып, жазғанымды көп жөндемей, ептеп қана мұртын басып, газетке ұсынды. Менiң балаңдықтың иiсi аңқып тұрған сүреңсiздеу тақырыбымды «Қала оттары жымыңдайды» деп өзгерттi. Ұзамай жарқ етiп, «Лениншiл жасқа» шыға келдi. Ол осылайша жалғыз мен ғана емес, өзiмiз қатарлы талай студенттiң қаламын қатырып тұрып ұштап бердi.
* * *
Жақаң рухани нәрдi өзiнiң отының басынан алыпты. Әкесi қарапайым ұста болған. Қазақ ұстаны жақсы көредi ғой. Оның үстiне Әлихан ақсақалдың тақуалығы керемет. Кеңес дәуiрiнде намаз оқыды. Ешкiмнен қарыз алмады. Ешкiмге қарыз болмады. Өмiр бойы орден-медаль дегендерге қарсы екен. Бұған ол кiсi адамдарды таластыратын, қызғаныш туғызатын жағымсыз нәрсе деп қарапты. Осы мiнез Жақаңа да дарыған. Бәйгеге суырылып көп түсе бермейдi. Жеткен биiгiнiң бәрiн қанағат қылады. Мақаласының соңында тұрған аты-жөнiн марапаттың бәрiнен де артық көредi.
Бiреудiң алдына түсемiн деп ешқашан жанығып ұмтылған емес. Атақ-абыройы, бақ-несiбесi мұны өзi iздеп тапты. Соған қарамастан Алматыдағы журналистика энциклопедиясын шығарушылар Жақаңды жинаққа енгiзудi «ұмытып» кетiптi. Бәлкiм, «Ол кiсiнiң өзi де бiр энциклопедия ғой», – деген шығар.
Шешесi әкесiндей емес, мiнездi кiсi екен. Тiлге өте жүйрiк. Адамның ойына келмейтiн, ел естiмеген мақал-мәтелдердi түйдектете айтып тастап отырған. Оның айтқан тiркестерiн қазақтың тiл ғылымының тарландары түзген фразеологиялық сөздiктi он қайыра ақтарсаң да таба алмайсың. Мысалы: «Куәнiң екi бетi қап-қара» дейдi. Әдепкiде әр нәрсеге зерек ұлдың өзi осыны ұқпай қалатын. Сөйтсе, куә деген дауласқан екi жақтың ортасында қалған бiр бейшара екен ғой. Анаған да, мынаған да жалтақтайды. «Елемеген бұта көз шығарады» деп ескертiп отырады. Шынында да солай ғой. Байқамасаң басыңа тас боп тиетiн нәрсе аз ба...
Көрпесi жиналмай, үйiнiң iшi шашылып жататын әйелдердi көрсе: «Ақсары алып қашқандай», деп күйiнедi екен жарықтық. Бала Жанболат «ақсары» дегеннiң не екенiн түсiне қоймайтын. Соған есейгенде көзi жеттi. Бiрде өзен жағасында отырды. Мамыражай тыныш тiршiлiк. Сиырдың жапасын шоқыған қара қарға, шықылықтаған сауысқан, жөнiмен жайылған мал... Бiр уақытта бiр құс келiп, әлгiлердiң ту-талақайын шығарды. Ақсары деген нәлет сол екен. Өте бiр тентек кiшкене ғана берекесiз құс. Даусы да жаман. Тыныштықтың шырқын бұзып, бәрiн алатайдай бүлдiрдi де кеттi. Соның кесiрiнен жаңағы тiршiлiк иелерiнiң әрқайсысы әр жаққа қашты. Осындай сөздердi сәт сайын тоғытып отыратын ел iшiндегi көзi тiрi «фразеологиялық сөздiк» – Нұрша апамыз Жанболаттың бойына сөз құнарын әбден сiңiрiп барып өмiрден өттi.
Ел жаппай бас қойып оқыған мақалалар мен очерктерге дерек iздеу оңайға түскен жоқ. Қолға түспейтiн кейiпкерлерiн дамылсыз аңдыған кездерi болды. Әйгiлi публицист Генрих Боровиктi Павлодардың қонақ үйiнде ұйқы көрмей түнiмен күтiп отырды. Жанына барайын десе, шiренген шенеунiктер қақпайлап жолатпайды. Содан түннiң бiр уағында құрметтi қонақты Мәскеуге ұшырып жiберудiң алдында жолаяқ жасап жарбаңдағандарға қарамай, атақты әрiптесiнiң бөлмесiне кешiрiм сұрап кiрiп барды. Басқаша жол жоқ едi. Генрих Боровик – 1967 жылы АҚШ-та АПН-ның тiлшiсi болған кезінде баяғы Уақытша үкiметтiң басшысы Керенскиймен әңгiмелескен адам. Оның: «Мен 1917 жылғы 7 қарашада Қысқы сарайдан әйелдiң киiмiн киiп қашқаным жоқ. Тарихшыларыңыз солай жазып жүр. Қақпадан Америка елшiлiгi жiберген машинаға мiнiп кеткенмiн. Құдай үшiн елге соны жеткiзiңiзшi», – деген жалынышты дауысын өз құлағымен естiген, халықаралық дәрежеде мойындалған қаламгер. Павлодарға өзi келiп тұрған осындай «олжаны» қолдан жiберiп алу ағаттық болар едi. Fажабы сол, Генрих Авиэзорович өте инабатты адам екен. Жалпаңбайлардың өз бөлмесiнен шыға тұруын өтiндi де, жас тiлшiге жарты сағат бойы сұхбат бердi. Осы кезде оның Алматыдан бiрге ерiп келген әрiптестерi қонақ үйдiң бөлмесiнде шалқасынан түсiп, тәттi ұйқының құшағына берiлiп жатыр едi. Бұл бiр ғана мысал. Жанболат аға барлық мақаласының кейiпкерлерi мен деректерiн осылай жанкештiлiкпен iздедi. Соның бәрiн тереңнен толғанып, ар iсiнiң азабымен арпалысып отырып, жүрегiмен жазды. «Лениншiл жастың» («Жас Алаш») оқырмандарын дүр сiлкiндiрген талай дүниенiң редакциядағы жұмыс кабинетi мен үкiнiң ұясындай қазыналық пәтердiң айналымға келмейтiн кухнясында жазылғанын бүгiнде бiреу бiлсе, бiреу бiлмес.
Ол қазақтың тұғыры биiк бес басылымында қызмет iстедi. Жастығын «Жас Алашқа» арнады. Байыпты байламдарын «Қазақстан коммунисiнде» қалдырды. «Халық кеңесiнде» шығармашылығының жаңа тынысын ашты. Аты өзгерген «Ақиқатты» парасатты пайымдарымен байытты. «Астана ақшамының» iзашары болып, оның соны сүрлеуге түсуiне үлес қосты. Аға басылым «Егемен Қазақстанның» бас редакторы болды. Мұнда келген соң «Етжеңдi «Егемендi» елмен қауыштырды. «Жәдiгер» жинағы арқылы газеттiң тарихын түздi. «Потаниннiң туысы», «Балуан Шолақтың немересi», «Ас!», «Конструктор Калашников», «Номад», «Тянь-Шанның ковбойы», «Димаш ағаның дәрiгерi», «Тимур», «Қойшыбай мен Тойшыбай» секiлдi жүздеген танымдық мақалаларды руханият қазынасына қосты. Басшылық қызметте жүрсе де жазудан қол үзген жоқ. Ең бастысы осы да.
* * *
Ол әлi күнге дейiн өзiнiң журналистiк ғұмырының ақ парағын тағдыры ерекше, болмысы бөлекше адамдар туралы ойлы жазбалармен, тың деректермен, мәндi мәлiметтермен толтырып келедi. Бiрақ оны кiр шалдырмай үнемi таза ұстады. Аупбаевтың ақ парағына қаламның сиясынан басқа ештеңенiң дағы түскен емес.
* * *
Ақ парағын әлі күнге дейін аялап келе жатқан Жанболат ағам бүгін жетпістің жотасына шықты! Жігерлі жетпіс... Жайдары жетпіс... Жұмыскер жетпіс... Құтты болсын, аға!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер