"Ұлы адамдарды аяққа таптап отыр". Зейнеп Ахметова телеарна мен Тұрсынбектің әйелін сынады

2636
Adyrna.kz Telegram
Фото: Азаттық рухы
Фото: Азаттық рухы

Жазушы Зейнеп Ахметова "Ел арна" телеарнасындағы "Қыздар мен жігіттер" бағдарламасын сынап тастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Азаттық рухына сілтеп.

"Ел арна" теларнасы мен Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқан бағдарламада қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы Бауыржан Момышұлын ойынға айналдырған.

Зейнеп Ахметова телеарнада көрген үзінді жүрегіне қатты батқанын жеткізді.

"Тәуелсіздік, еркіндік, сөз бостандығы деп кейбіреулер аузына келгенін айтып, ойына келгенін сөйлеп, бейбастыққа барып жүр. Адамның жаны түршігетін, жан-дүниеңді құлазытатын хабарды жанашыр кісілердің бірі жіберіп отыр. Қазақстанға белгілі Атамыздың тікесінен тік тұрған суретінің басын ойып, бір әйел адам сол жерге басын сұғып тұр. Оған айналасындағылар тырқылдап күліп, мәз болып отыр. Бұл не деген бассыздық, не деген тексіздік?! Әруақпен ойнап, Атаның әруағын таптап, басын жұлып алуға кім оларға мұндай құқық беріп отыр?” - деп жауап берді.

Бағдарлама барысында Мөлдір Мұқан Бауыржан Момышұлынан кешірім сұрап, сәлем салған. Алайда Зейнеп Ахметова бұл істі жайына қалдырмайтынын айтады.

"Ал енді осы хабарды жасап отырған жап-жас кісілер титтей де болсын, ойланған жоқ па? Құдайдан қалай қорыққан жоқ? Әруақтан қалай сескенген жоқ? Олар үлкенді сыйлауды, әсіресе әруақты сыйлауды үйренген жоқ па? Басынан бастап уызына жарымаған бейшаралар өзінің тарихына өзі түкіріп отыр. Ұлы адамдарды аяққа таптап отыр. Ал бұл жақсылыққа апармайды.

Ол құрдасы ма немесе жолдасы ма еді? Басқа адам табылмай қалды ма? Ол сурет бүкіл Қазақстанға белгілі. Алматыға жолы түскен кісілер әдейілеп үйге келіп, суретке тәу етіп, суретке түсіп, ескерткіш ретінде алып кетеді. Бұл – балаларын алып келіп, ертеңгі күні атасының қасында түскенін, сол шаңырақта болғанын көрсету үшін әтуірлейтін сурет.

Егер түптеп барар болсақ, сотқа беруге болады. Ол кісі қазақтың ар-намысын ту етіп ұстаған, ұлттық рухтың символы болады. Соны түсінбеген мына жастар ертеңгі күні елге бірнәрсе береді дегенге сенбеймін. Мен оларды тіпті ата-анадан тәрбие көрмеген, тексіз деп ойлаймын.

Өзгесі өзге, бақилық болған әруақтарды, оның үстіне бүкіл халық қадірлейтін ұлы тұлғаларын мазақтау ешкімді ешқашан жақсылыққа апармайды. Бір күн болмаса бір күні омақасып, қабырғалары қаусап түсуі мүмкін. Өсіп келе жатқан бала-шағалары бар. Неге Құдайдан қорықпайды?! Мен бұл істі жай қалдыра алмаймын. Өйткені ұлттың ұлы адамын қорлап отыр. Енді келіп, болашағы алда жап-жас қыз-келіншектер сол Атаның басын ойып, жұлып алып, оған әйелдің басын тығып "мынау кім?" деп соған ыржалақтап күліп отыр? Әруақ ешқашан кешірмейді", – деді Зейнеп Ахметова.

Айта кетейік, El arna телеарнасы әлеуметтік желідегі бейнені өшіріп тастады.

Пікірлер