Нұрсұлтан Назарбаев: Жаһандану заманында қазақ қыздарына тән асыл қасиеттерді сақтап қалуымыз керек

2985
Adyrna.kz Telegram

Мерейлі мерекеге орай, «Қазақстан» орталық концерт залында «Көктем шуағы» атты концерт басталды. Концерт алдында Қазақстан Президенті әйелдер қауымын мерекесімен құттықтады.

«Ең алдымен баршаңызды көктем мерейін ала келген тамаша мереке - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке екенін білеміз. Қазақта «Ұл туса - ұрпағым өседі, қыз туса ұлтым өседі» деген ұлағатты сөз бар. Кең байтақ Ұлы даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Әйел әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып табылады», - деді Елбасы.

Президент сөзінде халқымыз «Даналардың өзі аналардан туады» деп бекер айтпағанын атап өтті.

«Гендерлік саясат пен феминизм дәстүрі қазақ мәдениеті үшін ешқашан жаңалық болған емес. Дала өркениетінің негізін қалаған бабаларымыз қыздарды қадірлеуді әу баста өмір салтына айналдырған. Әйелдер қауымы мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында аянбай еңбек етуде. Қазіргі жаһандану заманында қазақ қыздарына тән асыл қасиеттерді сақтап қалуымыз керек. Интернет дәуірінде сырттан ағылған ақпарат тасқынына біржола шектеу қойып жату мүмкін емес. Оның арасында жан дүниесіне жат сан түрлі мағлұматтар бар. Әрбір қазақтың қызында дәуірдің жақсысын бойына сіңіріп, жаманына ішкі сүзгі болуы керек», - деді Президет. Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі бойжеткен - ертеңгі ана, ұрпақ тәрбиелеушісі екенін қыздарымыз ұмытпаса екен деген тілегін білдірді.

«Қазіргі қазақтың қыздары қандай болса, ертең тұтас ұрпақ сондай болады. Сондықтан, ар-намыс, адалдық пенен адамгершілік, ізгілік пен қайырымдылық, әдептілік секілді асыл қасиеттер қазақ аруларының бойындағы ұлттық имунитет іспетті. Біз аруларды ардақтап, оларды киелі шаңырақтың алтын діңгегіне айналдырған елміз. Бір заманда бабаларымыз «Әйел ырысың, қыз өрісің, келінің тынысың» деген. Бүгін Сіздер ұлыстың ұйыққысына, ұлттың ұятына, берекенің бастауына айналдыңыздар. Себебі, біз Тәуелсіз елде тұрып жатырмыз. Саясаттың бәрін өзіміз шешіп жатырмыз. Татулық пен тұрақтылықтың бағасын ақ жаулықты аналардан артық ешкім білмейді», - деді Нұрсұлтан Назарбавев.

Сөз соңында Президент Астана қаласының тұрғындары, көп балалы аналар қатарындағы Р.Аяғанова мен А.Түзелбаеваға «Алтын алқа» марапатын табыс етті.Айта кетсек, «Көктем шуағы» концертіне елімізге белгілі Роза Рымбаева, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Мөлдір Әуелбекова мен Нұржан Керменбаев секілді әншілер өнер көрсетуде.


inform.kz

Пікірлер