Елбасы ел тізгінін қолына алған алғашқы күннен-ақ бастап, қиын кезеңде еліміздің білім саласына көп көңіл бөлді. Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракцияның мүшесі Жұлдыз Сүлейменова Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласына орай осындай пікір білдірді.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Елбасы мақаласында еліміздің Тәуелсіздігінің қастерлі екендігін, аяулы екендігін және оны көзіміздің қарашығындай қорғау – ең басты міндетіміз екенін тарихтың толғанысты сәттерімен жеткізген.
«Барлығымыз тәуелсіздік алған 90-шы жылдардың куәгеріміз, мен 1991 жылы мектеп табалдырығын аттаған оқушы едім. Тәуелсіздікпен өсіп, егемендікпен ер жеттік. Қандай қиын кезеңді артқа тастап, бүгінде қай сала болмасын ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз бар. Осы жетістіктердің артында Елбасымыздың халқымыз үшін жасаған маңызды мемлекеттік шешімдері әрі батыл реформалары тұр.
Елбасы ел тізгінін қолына алған алғашқы күннен-ақ бастап, қиын кезеңде еліміздің білім саласына көп көңіл бөлді. Соның арқасында білім және ғылым елімізде жаңаша қарқынмен дамыды. Мемлекетіміздегі білім саласына қатысты саясат әу бастан дұрыс жүргізілді. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінен Елбасы мемлекет дамуының негізгі межесі әрі темірқазығы ретінде – білім мен ғылым саласын айқындады. Үнемі жаңашылдыққа ұмтылды, сөйте тұра өз менталитетімізді, бірегей болмысымызды жоғалтпауға көп назар аударды», - деді депутат.