Шымкент: Тағы да 50 жаңа автобус

2230
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте Тұңғыш Президент күніне орай қоғамдық көліктің 3 жаңа бағыты іске қосылып, 50 жаңа автобус жолаушыларға қызмет көрсете бастады. «Радуга транспорт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі автобустардың кілтін жүргізушілерге қала әкімі Мұрат Әйтенов табыс етті.

— Баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасының сара саясатының арқасында елімізде халықтың әл-ауқатын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Соның бір көрінісі ретінде мерекеге орай Шымкенттің автобус паркі жаңа 50 көлікпен толығып отыр. Бұл қоғамдық көлік қызметін күнделікті пайдаланатын тұрғындар үшін үлкен қуаныш, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Айта кетейік, Yutong маркалы автобустар отандық «Сарыарқаавтопром» компаниясының зауытында құрастырылған. Сыйымдылығы 66 адамдық заманауи, жайлы көліктер барлық талаптарға сай: желдеткіштермен, бейнебақылау камераларымен, пандустармен жабдықталған.

Шаһар басшысының айтуынша, соңғы жылдары қалада қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсартуда жүйелі жұмыстар қолға алынып, нәтижесін беріп келеді. Қазіргі таңда 13 тасымалдаушы компания жолаушыларға 75 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішінде 57-сі әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде белгіленген, жергілікті бюджет есебінен субсидияланады.

—Қаланың автобус паркінде 1 мыңнан астам көлік бар. Оның 87 пайызға жуығы жаңартылды.
Биыл Шымкентте қоғамдық көлік желісін дамытудың кешенді жүйесі бекітілді. Соның нәтижесінде бірқатар бағыттар оңтайландырылып, жаңа маршруттар іске қосылды.
Сонымен қатар, «Tolem» электронды төлем жүйесі іске қосылып, бүгінде өз нәтижесін беруде. Барлық автобустар цифрлық жүйе және GPS қондырғылармен қамтылды. Бұл «і-Kolik» мобильді қосымшасын әзірлеп, қолданысқа енгізуге мүмкіндік берді. Осы қосымша арқылы тұрғындар қоғамдық көліктің қозғалысы барысынан дер кезінде хабардар болып, өзіне қажет автобустың қозғалысын бақылай алады, — деді М.Әйтенов.

Қала әкімі кептелісті азайту мақсатында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлініп отырғанына тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл 311 шақырым жолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның 270 шақырымы пайдалануға берілген.

Айта кетейік, жаңа автобустардың 22-сі қолданыстағы №60 және №104 маршруттар бойынша қатынаса, қалған 28-і жаңадан іске қосылған №6, 51 және 67 бағыттарда жүреді.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Пікірлер