16 жастағы ақтөбелік Дәурен Тілеуханның шығармашылығынан

3567
Adyrna.kz Telegram

Іздеймін…

 

Табар ма екен пенделер, қалағанын?

Таусылғандай күй кешем бар амалым.

Жаһан кезіп кетсем бе Фарабидей,

Зар мұңынан жырақтап замананың?

 

Қайдан іздеп табамын керегімді?

Неге өмір өксиді, неге мұңды?

Келер күннен ғажайып күтем ылғи,

Өрге сүйреп өлермен өлеңімді.

 

Қорқамын, сөнген шырақ жанбай ма деп,

Қорқамын, басқа бағым қонбай ма деп.

Тамшыдай ізгіліктің тапшылығы,

Таудай қайғы орнатты маңдайға кеп.

 

Содан бері қалмады ғаламда мән,

Жыртқыштай жауын көріп жалаңдаған,

Адамға адам кезеніп қаруларын,

Қалай ғана өлтірді адамды адам?

 

Білмеймін біздің жайды кім ұққанын,

Содан бері шаршадым, құрып хәлім.

Шытынаған әйнектей әлем жатыр,

Жинай алмай сезімнің сынықтарын.

 

Күндер зулап, жыл ақты жылғалардан,

Жеткізер ме алыста тұрған арман?

Жерұйығын іздесе Асан қайғы,

Мен мейірім іздеймін бұл ғаламнан,

Мен мейірім іздеймін бұл ғаламнан…

 

***

Сенің көзің…

 

Өмір неге өксіген, өрекпіген?

Өзіңсіз-ақ жетуде дерек кілең.

Сенің көзің — жүректің жұлдыздары,

Сенің көзің — маған да керек, білем…

Есте жоқ… Пішін бе еді, мүсін бе еді?

Мен құмартқан қыз ба еді ол түсімдегі?

Қараңғы әлем тартады түнегіне,

Мойыл қара көздердің ішіндегі.

Кітаптардан бейнеңді көрдім бүгін,

Көрдім бүгін көзіңнің мөлдірлігін.

Мөлдір көзден мейірім таба алмасам,

Мен кетермін арқалап сордың жүгін.

Мақпал түнде мекендеп жыр сарайын,

Сынық Аймен сырласып, мұң шағайын.

Бар төзімді түгесіп кетер, бәлкім,

Сенің көзің нұрланып тұрса дәйім.

Теңіз болып толқыдым — тасынудан,

Қайғың үшін жанардың жасы құрбан.

Сенің сұлу, кіршіксіз кірпігіңде,

Бар ғаламның бақыты жасырынған.

Еркелесең жанымды емдегенің,

Жанарыңа әлемді тең көремін.

Көздеріңмен сөйлескім келе берді,

Көздеріме қарашы сен де менің…

 

***

Естелік елесі

 

Тамылжып төскейімнен таңның нұры,

Сайрайды сағым күннің әр бұлбұлы.

Есіме еріксізден еніп кетті,

Баяғы балалықтың балғын жыры.

 

Сол кездер түседі еске сәулеленіп,

Малымыз бар, Тәңірге тәубе дедік.

Кешқұрым төлдер келе өрісінен,

Әкем жүрген сиырмен әуреленіп.

 

Күйі мынау тірліктің біз жақтағы,

Сол сәтте жүрегімді мұздатқаны:

Ала сиыр бар сүтті бір-ақ тепті,

Дегенмен әкем оған міз бақпады.

 

Ал анама маңызды ед(і) май-қаймағы,

Ала сиыр себеп боп қай-қайдағы.

Жан анам жалын шашқан жанарымен,

Ашуын жасыра алмай айғайлады.

 

— Жоғал! — деді… Сосын мен кемсең қағып,

Жасықтықтан жүре алмай еңсемді алып,

Ызаландым… күйзелдім… абдырадым…

Төрт құбылам, төңірегім теңселді анық.

 

Құлазумен құбылды сан түрге әлем,

Әжем барда тап бұлай тартынбап ем.

Жазықсыз жапа шеккен сәтім үшін,

Жылап тұрдым қораның артында мен.

 

Жанды баурап кенеттен күшті демі,

Қолдарының жылуы ыстық еді.

Көз жасымды сүртіп ап саусағымен,

Асыл анам құшаққа қысты мені…

 

Балалықтың биік қой белестері,

Тәтті шаққа ештеңе теңеспеді.

Сағынышқа айналып кетеді екен,

Бір сәттік естеліктің елестері…

 

***

Қиялдағы Қыз бен күз

 

Қараша.

Қара күздің шамын жағып,

Құстар да тұра алмайды дамыл қағып.

Тәтті елеске ұмсынып сезім құсы,

Мазалайды түнімді, таңымды алып.

 

Бір ерекше жан іздеп көктен, жерден,

Өктем желден сұраймын, өткендерден.

Мен мәңгілік өлмейтін бақ іздеймін,

Себебі көп бақытым көктемде өлген…

 

Суығы саябырлау сары күздің,

Жылуы жанға жағар жаныңыздың.

Сарғайтып сағым болған сүйкімді ару,

Жапырақ жүрегімді тағы да үздің.

 

Үзіп кеттің, үмітім сенде қалды,

Қайдасың, қайта келіп емде жанды!

Табиғаттың теңдігін таптап өтіп,

Күз неге орнамайды жерге мәңгі?

 

Күлімдеген күз сынды келбетің де,

Толған айдай нұр қосқан көлге, түнге.

Мендік жүйрік қиялдан жаратылған,

Эх… бұл ару бар ма екен жер бетінде?

 

***

Қысқы элегия

 

Ұмытқанмын өткенімнің барлығын,

Жылытпады жалын шашқан тағдырым.

Табандардың тәлкегінде тапталды,

Мендік аппақ жүректегі қарлы мұң…

 

Үміттердің үзілгенде дерегі,

Күдіктердің көбейгенде көлемі,

Мен бақыттың теуіп кіріп есігін,

Қуанышты құшып сүйгім келеді.

 

Кеткен кеше маңайымнан маңып күз,

Содан шығар көңілсіз боп қалыппыз…

… Ақын ақын бола ала ма, сүймесе,

Әкім әкім бола ала ма, халықсыз?

 

Тұманды ойлар тереземді тұмшалап,

Масаң күйде сіміремін жыр-шарап.

Уақыт көшін саңылаудан сырғытты,

Ғұмырлардың өлшеміндей — құмсағат…

 

Орта жолда орындалмай айлам мың,

Бұрышында қалған екем қай маңның?

Жалғыз жүрек жартасында күн кешіп,

Жалғыздықтың жан досына айналдым.

 

Мейлі жанды жараласа күнде мұң,

Қымбат маған таңдарым мен түндерім.

Ащысын да, тұщысын да татпасаң,

Өмір — өмір болмайды екен, білгенім…

 

***

Ауылға арзу

                   немесе қимастық

 

Беу, Ауылым!

Түсініп жұмбағыңды,

Ұғынып жасырынған сырларыңды,

Ұлылықты ұран қып келем бүгін,

Жастанып құдіретті құндағыңды.

 

Бозаң далам… Бозамық беткейлерім,

Күн сөнгенше құлпыра көктейді елің.

Көрпедейін қара жер көсіледі,

Көркемдеп киіп алып көк көйлегін.

 

Болмағанмен бәс-биік, атақ-анық,

Дәуірлерден жеткенсің атау алып.

Есіңде ме, мен ылғи жыр жазушы ем,

Жазығыңа жамбастап жата қалып.

 

Өзіңмен, өлеңіммен жанған бағым.

Кеудеме ектің алғаш арман дәнін.

Мұз қатқан мұнараңнан көкке қарай,

Мұнартып ұшқан талай тарландарың.

 

Жұмақ мекен… Сенсің ғой өмір деген,

Төскейіңнен толқындап, төгілді өлең.

Қаншама адам көмілді топырағыңа,

Қанша заман қалды екен көмілмеген?

 

Сансыз сауал… Болашақ бұлдырлаған,

Туған жер-күй шалқыған күмбір ғалам.

Қойнауына құт тұнған киелімсің,

Шежіремнің шынысын сындырмаған.

 

Сен қымбатсың, көзіндей асылдардың,

Ел барда бақты ұшырар басыңнан кім?

Сен жасай бер, қарт атырап, абыз далам,

Ақ көрпесін жамылып ғасырлардың.

 

Кеттім кейде бұл мекеннен шаршап тегі,

Тағдырдың тарам жолы алшақ па еді?

Мен кетермін қалаға арман қуып,

Сол сәтте Анам жүрер сағынумен,

Сол сәтте Ауыл тұрар аңсап мені!

 

* * *

Жанымды жаулады нәзіктік,

Аға, мен аспанға құштармын.

Түндерге тілегін жазыпты,

Сәлемін жіберші құстардың…

 

Меңіреу, мүлгіген мына түн,

Жанымның айқайын ұқпады.

Таңдарда төгіліп тұратын,

Мендегі мейірім шықтары…

 

Қайда сол жабыққан жапырақ?

Күзді аңсап көп уақыт кідірдім.

Бұлттардың бейнесін бақылап,

Аспанның астына тығылдым.

 

Жүректі жесе де жалқы мұң,

Табиғат тазартты уайымнан,

Нөсердің нұрына малтыдым,

Қуаныш байқадым қайыңнан…

 

Сыр айтып ескірген сағаттан,

Сағыныш сыйлады көлемді ой.

Қамыққан сәттерде Жаратқан,

«Көкке бір қарасын» деген ғой…

 

Жанымды жаулады нәзіктік,

Аға, мен ғарышқа құштармын.

Түндерге тілегін жазыпты,

Сәлемін жіберші құстардың…

 

Бала аспанның жұлдыздары…

 

Көрдің бе түннің мына тылсым нұрын?

Паш етіп бір сұмдығын.

Жанарымды еріксіз еліктіріп,

Жүргімді жұлдызға жерік қылып,

Сағынышқа сусаған көңілімді,

Сырға малды, өлшеулі өмірімді.

Осы аспанның астында өткен сәттің,

Көбі шаттық шашатын, көбі мұңды…

 

Сырласым мен мұңдасым мылқау ғалам,

Көгінде бұлт аунаған.

Күн кетсе Ай жететін алып-ұшып,

Жұлдыздар ары-бері сабылысып,

Жалын ұшып жататын ғарыштан да,

Табысқандар, куә ғой қауышқандар,

Құпиясын біле алмай мына түннің,

Мен үнсіз көкке қарап тұратынмын.

 

Мұң жастанып кенеттен түнгі аспанды,

Жұлдыз болып кірпіктен бір жас тамды.

Сосын қора маңына таяу бара,

Бақылап жатамын мен баяу ғана,

Жасыл шөптің үстінен нұрлы аспанды…

 

Құштар боп, сезіне алмай көптен бері,

Бір күйді бастан кештім  өткендегі.

Шіркін-ай сол шақтарым көктем бе еді?

Баяғы Балалықтың өпкен желі.

Бал шағым болашақтан безіп кетіп,

Іздеп жүр көктен мені.

 

Кеудемде орын алса көк тұрағы,

Қиял боп кетті бәрі.

Зуылдап жету үшін сол әлемге,

Періштеге айналғым кеп тұрады.

Ай күлсе,жымиятын қыр қызы да,

Қарайтын күн қызғанып, гүл қызыға.

Әлемнің бар жарығы жетпейді ғой,

Дәуреннің бала күнгі жұлдызына…

 

***

Милиардтаған тағдыр бар

 

Біреу жүрер бақыттың құшағында,

Біреу жүрер салынып құса-мұңға,

Әлдекімдер арқалап ауыр жүкті,

Бұғауланар тірліктің тұсауында.

 

Құштарлық бар…

Әрнені аңсар көңіл,

Самалымен қосылып ән салды өңір.

Әлдекімді өзектен сыртқа теуіп,

Әлдекімге таңырқап, тамсанды өмір…

 

Алуан-алуан жолдар бар…

Жүріп өткен әлділер, әлсіздер де,

Бейіттер бар көмілген жансыз кеуде.

Мейірімге шөлдеген бұл жалғанды,

Болмайды мәнсіз деуге!

 

Мен де бармын…

Талпындым, ілесуге күштілерге,

Қанатты жыр-жұлдыз боп ұшты Жерге…

Тәңірінің жаңбыры жауған күні,

Тамшы болып бір тағдыр түсті жерге,

Тамшы болып бір өмір түсті жерге…

 

***

Егіз тау

 

Көрдіңдер ме?

Бар еді ғой кеше олар…

Ал бүгін ше? Тек кітап бар, көше бар,

Сырларым бар,іште жатқан үміт бар,

Өткен күнде кеткен талай есе бар…

 

Есіңде ме?

Биік еді-ау олар да…

Ал бүгін ше? Орындары толар ма!

Таулар сиреп, қалғасын тек төбелер,

Қырандарың шың таппай жүр қонарға.

 

Жалаң ойдан жадымдағы жатталған,

Жалықтым мен мақтаудан да даттаудан.

Таулар қайда?

Бүтіндігі бұзылмас,

Тектіліктің тұмарындай сақталған.

 

Тамам елдің атқан кезде таңы айқын,

Қара өлеңді қасиетке балайтын.

Ұлылығым ұмыт қалмау үшін де,

Таулар керек тапжылмастан қарайтын…

 

Төңірегін нұрландырып, жоса ғып,

Тағдыр салған тар тұсаудан босанып,

Кең даланың рухын көкке көтерген,

Біздің жақта бар болатын қос алып.

 

Мен туған жер…

Жыр толқытқан арман бел,

Құдіретіме таңырқады, таңданды ел,

Мен туған жер…

Тахауидың табан ізі тамған жер,

Қуандықтың қырда өлеңі қалған жер!

 

***

Сағыныш

 

Өртенді дағы өр кеуде жырға малынып,

Өлең болмаса өмірден кетем жалығып.

Жақұт жырымның бақыты болған ару қыз,

Жүрмін ғой сені сағынып.

 

Сарғайған күздің сырымен бірге мұң құрап,

Таудағы сұлу бұлақпен бірге құлдырап,

Сағыныш сезім санамды билеп барады,

Жанарым емес жүрегім менің тұр жылап.

 

Күндердің күні пәк сезімді де тыярмыз,

Жабырқап қалған жапырақтарын жияр күз.

Өзіңе арнап тағы да өлең жаздым мен,

Сағынышыма себепші болған «Қиял қыз».

 

Қазан да кетті.

Өткінші өмір жалғасты.

Сұрапыл ойлар жұмыр жүрекке жалғасты.

Сен салған күздің қоңыр сазының орынын,

Амалым қанша ақ мамықтайын қар басты.

 

Қалайды кеудем махаббат сезім тасқынын,

Тасқынмен бірге бақыттың нұрын шаш, күнім.

Ақында сірә айып жоқ шығар жастықпен,

Жас жырға қосып арқалап жүрген жас мұңын.

 

Махаббат сезім жойылып кеткен заманда,

Сөнбейтін сәуле тілеймін сұлу саған да!

Жырақ болсаң да жан жылуыңды жолдап тұр,

Сағынып сені, сабылып жүрген адамға…

 

***

АҢСАР

 

Мүсін бар, бірақ сол жан табылар ма?

Тұрады солғын тартқан сағым алда.

Адамнан ең аяулы айырмайтын,

Ажалдан арашалар дәрі бар ма?

 

Сағындым сол әжемді, бүгін тағы,

Қу тірлік пенделерді құбылтады.

Әлсін-әлсін елес боп еніп келсең,

Өзгелер ертегі деп ұғынтады.

 

Сен барда мен бала боп еркеледім,

Бүгінде өлең дейтін өлкедемін.

Өр кеменің ішінен өзіңді іздеп,

Сағыныштың отына өртенемін.

 

Есімде күздің сол бір суық таңы,

Ешкім мені бөлмеге жуытпады.

Сол суық таң әжемді алып барып,

Табыттай тар қуысқа құлыптады.

 

Қазасы жандарына батты дағы,

Жанарын жасқа малып жатты бәрі.

Сол күні, жерге түскен жапырақ боп,

Мен үшін үзілгендей шаттық әні.

 

Жыл өтті, күндер көшті көрінбестен,

Қайқы өлім талай жанның жолын кескен.

Ал бүгін кейуананың құлпытасы,

Гүлге ұқсайды бейіттің төрінде өскен.

 

Ие боп ардақтайтын бір есімге,

Жер астынан жымиып, күлесің бе?

Шаң басып тұрғанменен суреттерің,

Сол бейнең тап-таза боп тұр есімде.

 

Әз ана келмейді ғой қайтып енді,

Ол  жоқта Күн күлмеді,Ай түнерді.

Көп жылдың қуанышын қиып тастап,

Айтыңдарш(ы), әжем осы қайтіп өлді?

 

Солса да сонау күзде гүл әлемің,

Саған құран бағыштап тұрады елің.

Алтын балық қолыма түсе қалса,

Өзіңді тірілтуін сұрар едім,

Мәңгілік өлмейтіндей қылар едім…


 

Дәурен Тілеухан,

Көрпе ауылы, Әйтеке би ауданы, Ақтөбе облысы

Пікірлер