Алаңдағы атыс: Тәжікстанда не болып жатыр?

2940
Adyrna.kz Telegram

Тәжікстанда халық наразылығы тоқтар емес. 25-қараша күні Тәжікстанның Рошткалы ауданында құқық қорғау орган қызметкерлері жас жігіт Гулбиддин Зиебековты тұтқындайды. Оған "адамды кепілдікке алған және қорқытып ақша талап еткен" деген айып тағылады. Тұтқындау барысында Гулбиддин жарақат алады, ал Хорог қаласына тергеуге апара жатқан жолда көз жұмады. 

Алайда куәгерлер мен құқық қорғау орган қызметкерлері екі түрлі нұсқа айтуда. Қаза тапқан жігіттің туыстары оның аман-сау кеткенін, алайда полиция бөлімшесінен өлі күйнде табылғанын айтса, құқық қорғау орган қызметкерлері оның тәртіп сақшыларына қарсылық білдіріп, жарақат алғанын, содан көз жұмғанын айтады.

Қаза болған жігіттің туыстары оның денесін орталық алаңға апарып, өлім себебін нақты зерттеу талабын қойған. Артынша алаңға жүздеген адам жиналып, билікке өз қарсылықтарын білдірген. Сол күні алаңда атыс болып, тағы бір азамат қаза табады. Ол 21 жастағы Тутишо Аслишоев болатын. Тағы бір азамат атыста жарақат алып, ауруханада көз жұмған. Оқты билік органдары атты деген күдік бар. Бұл ақпарат Хорог қаласының тұрғындары арасында лезде тарап, алаңға мыңдаған адам жиналып, наразылық акциясы күшейе түскен. Салдарынан алаңда тағы қақтығыс болып, тәртіп сақшылары мен халық арасында зардап шеккендер бар.

Тергеуге шақырылып, қаза тапқан жігіттің денесі алаңда үш күн жатып, ақыры жер қойнына берілді. Нарызылық жалғасуда. Билік өкілдері әділ тергеу өткізуге уәде берсе де, халық нәтиженің шынайы болмайтынына сенімді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер