Бүгін Шымкентте екі спорт алаңы ашылды. Оның бірі Еңбекші, екіншісі қаланың халық тығыз орналасқан Абай ауданында пайдалануға берілді. Спорт нысандарының ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Спорт алаңдары демеушілер қаржысына салынған. Жақын маңдағы аудан балалары енді волейбол, баскетбол, футбол және стрит воркаутпен айналыса алады.
Абай ауданы – Шымкентте халық тығыз орналасқан аудандардың бірі, мұнда жүздеген көпбалалы отбасылар тұрады. Бүгін мұнда құны 14,5 млн теңге болатын көп функционалды спорт алаңы ашылды. Бұл демеуші – «Eurasian Resources Group» ЖШС қаражатына салынған. Алаң 300 шаршы метрден астам аумақты қамтиды. Мұнда дене шынықтыру, волейбол, баскетбол, футбол мен стрит воркаутқа арналған спорттық жабдықтар бар. Нысанның ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі де қатысты.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Дені сау ұлт-бұл ең бастысы, Мемлекет басшысы өз Жолдауында қоғамдық спорт пен дені сау ұлтқа назар аудару керектігін айтқан. Спорт алаңдары жоқ жерлерден ашып жатырмыз. Балалар шұғылданады деп ойлаймын. Біз мұнда білім басқармасынан жаттықтырушыларды бөлдік. Мақсатты түрде дарынды балаларды іздеу жүріп жатыр».
Абай ауданында соңғы 7 жылда барлығы 58 спорт алаңы салынған. Биыл олардың саны одан да көп болады, спорт алаңдарын орнатуға 1 млрд. 389 млн. теңге қаражат бөлініпті. Олардың әрқайсысында жаттықтырушылар жұмыс істейді.
Рауан Сапарбаев, жаттықтырушы: «Біз сізді арнайы шақырамыз бассейнге. Біздің ол жақта менеджерлеріміз отырады. Сіз документті алып келесіз баланың, топқа жазасыз. Бізде 7 тренеріміз бар қазір жұмыс істеп жатқан. Өзіңіз таңдайсыз қай тренерге барасыз».
Еңбекші ауданы Қарабастау тұрғын алабында демеушілік қаражатқа салынған тағы бір спорт алаңы ашылды. Мұнда 9 мыңға жуық адам тұрады, олардың үштен бірі балалар. Су жаңа спорт нысанының құны 13 миллион теңге. Ауданда қазірдің өзінде 85 спорт алаңы жұмыс істейді, биыл тағы 15 алаңның құрылысы жоспарлануда.