Пандемия кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Осылай деген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы дағдарысты жеңіл өткізу мақсатында барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
Атап айтар болсақ, салықтан жеңілдіктер қарастырылып, несие саласында көмек беріліп жатыр және әлеуметтік салада уақытша жұмыссыз қалған қызметкерлер жұмысқа орналастырылуда. Сондай-ақ, мемлекеттік реттеу саласында да жеңілдіктер беріліп жатқанын алға тартты
Абылай Мырзахметов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы: «Пандемия басталғалы бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет бизнес қауымдастықпен ақылдаса отырып, дағдарысқа қарсы 4 пакет іс-шарасын қолданды. Оған байланысты кешенді жоспар қабылданды. Жалпы 260 шарадан тұратын ауқымды іс жүзеге асырылды. Олар 5 саланың кәсіпкерліктерін қамтыды».
Енді қазақстандық кәсіпкерлердің жалғыз талабы бар. Олар карантин кезінде жұмысты тоқтатпауды сұрап отыр. Абылай Мырзахметовтың сөзінше, кәсіпкерлердің 500 мыңнан астамы қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Яғни, тұтынушылармен тікелей байланыста болады. Аталған мәселе бойынша Мемлекет басшысы бұған дейін тапсырма берген еді. Ел Президенті кәсіпорындар «Ашық» қосымшасын қолдану арқылы жұмысын жалғастыруларына мүмкін бар екенін айтқан болатын.
Абылай Мырзахметов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы: «Қазір кәсіпкерлер жұмысты тоқтатпауды сұрады. Мемлекет басшысы Аshyq жүйесіне қатысты нақты тапсырма берді. 500 мыңнан астам кәсіпкерлік тікелей қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Сондықтан Аshyq жүйесін одан әрі дамыту бойынша жұмыс жалғасады деп ойлаймыз».