Шымкентте төрт аудан бойынша мобильді топтардың жұмысы қорытындыланды

2545
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте 4 аудан әкімдері мониторингтік топтардың карантин кезіндегі жұмыстары туралы айтты. Аудан басшыларының сөзінше, қалада тойлар аз өткізіле бастаған, бірақ талаптарды бұзып жатқандар да азаймай тұр.

Сонымен қатар, өз мекемесінде күніне бірнеше рет мереке өткізетін тәртіп бұзушылар да бар. Оларға айыппұл ғана емес, жұмысына да шектеу қойылады.

Мониторинг топ кенеттен пайда болып, нәтижесінде хаттама мен айыппұл салынды. Карантиндік талапты бұзып жатқандар аз емес. Шымкент қаласының көптеген тұрғындары шектеу шараларына қарамастан сақтық шараларын мүлдем ұмытып жатады.

Абай ауданының әкімі мониторинг топтар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр дейді. Енді тексеру тобында өткен жылғыдай 6 емес, 10 топ жүретін болады. Көбінесе карантин режимін бұзушылар салтанатты мерекелер өткізгендер. Салдарынан қаншама адамдар ауруханаға түсіп жатыр.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Абай ауданында кәсіпкерлердің карантинді бұзуының бес жүзден астам жағдайы анықталды, оның ішінде 29 млн. теңгеге айыппұл төленді. Бірінші шілдеден бастап 28 шілдеге дейін карантиндік шаралар күшейтілді және қазір 6 емес 10 мобильді топ жұмыс істейді. Осы кезеңде 109 бұзушылық анықталып, сот шешімімен айыппұл салынды».

Ал Әл-Фараби ауданында мониторингтік топтардың мүшелері адамдар көп жиналатын орындарды анықтап, содан соң тексерушілерді шақырады.

Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі: «1 шілдеден бастап айыппұл сомасы 30 млн. теңгені құрады, төрт жүзден астам бұзушылық орын алды. Бұл той, түрлі мерекелер және басқа да заң бұзушылықтар. Бізде бұзушылықтар туралы есеп беретін арнайы қызметкерлер бар және біз дереу сол жерге барамыз».

Еңбекші ауданында заңбұзушылықтар азайыпты. Аудан әкімінің мәліметінше, бір айда жүзден астам заңбұзушылық анықталған. Ал Қаратау ауданының әкімі жұрт адамдар шоғырланған жерге барудың қаупін енді түсіне бастағанын алға тартты.

Абзал Әліқұлов, Қаратау ауданының әкімі: «Той жасап, көп адамның басын қосу – заңбұзушылықтың ең басты түрі болып тұр. Кафе мен дүкендерде ондай жұртшылық жоқ. Қазір тарап жатқан вирустың жаңа штамы ең қауіпті болып саналады. Ол 8 сағаттың ішінде 8 адамға жұғады. Сондықтан, халықтан адам көп жиналатын орынға бармауын сұраймын».

Айта кетсек, екінші тамыздан бастап еліміздің бес қаласында, атап айтқанда: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Атырауда Ashyq жобасына қатыспайтын барлық мекеме қызметін тоқтататын болады.

Пікірлер