«SHYMKENT ZHASTAR LIGASY» жобасының екінші маусымы басталды

1468
Adyrna.kz Telegram

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылына орай Шымкенттегі жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде қала әкімінің қолдауымен «Шымкент Жастар Лигасы» жобасының екінші кезеңі салтанатты түрде ашылды.

Спорттық шараның ресми ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының міндетін атқарушы Мұратжан Шотанов және жалпы білім беру мекемелерінің директорлары, сондай-ақ, қатысушы командалар және олардың жанкүйер фан-клубтары қатысты.

Жиында сөз алған Шыңғыс Жұмабекұлы жобаның маңыздылығына тоқталып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту бойынша берген тапсырмасы негізінде Шымкент қаласы әкімінің қолдауымен жастар лигасы былтыр алғаш рет ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде 140 білім беру ұйымынан 500-ден астам команда жасақталып, 6 мыңнан астам оқушы бағын сынаған. Биыл спорттық сайыстың екінші маусымының салтанатты ашылуына жиналдық. Бұл сайыс жастарды табанды болуға үйретеді, - деді Шыңғыс Мұқан.

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жаппай спортқа баули отырып салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. «Шымкент жастар лигасы» жобасы футбол, волейбол, баскетбол, шахмат сынды спорттың 4 түрінен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары арасында өткізілуде.

Мұнан соң, іс-шарада жарыстың алғашқы ойыны өтті. Бас төрешінің бекіткен кестесіне сәйкес, қыздар арасында волейбол спорт түрінен А.Пушкин атындағы №1 мектеп гимназиясы және Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп гимназиясының командасы арасында тартысты ойын болды. Турнирде 2:0 есебімен №64 мектептің құрамасы басым түсті.

Айта кетейік, әр ауданға қарасты мектептер төрт топқа бөлініп, қазан-мамыр айларында өзара сайысып,топ жеңімпаздары анықталады. Аудандардағы ойындардан соң өз тобынан жеңімпаз болып шыққан 16 мектептің командалары сәуір айында 1/8 финалда ойындарды жалғастырады. Жарыс жеңімпаздары мамыр айында анықталып, марапатталады.

Азамат ЖАППАР
фото Серік ҚОСАЕВ

Пікірлер